Камзина Ардак Нурахметовна,
Сейтказина Рысгул Сейтбековна,
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ КДИ
МДжәне БББОӘ кафедрасы аға оқытушылары,Өскемен қаласы
Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, қиялсыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды» дейді, демек балалармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір – біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады.
В.Сухомлинский
Мектепке дейінгі балалардың жан-жақты дамуы үшін ойынның рөлі ерекше. Ойын – жалпы адамзат мәдениетінің бірегей феномені, оның қайнар көзі мен шыңы. Мәдениет феномені ретінде ойын оқытады, дамытады, тәрбиелейді, әлеуметтендіреді.
Ойынды балалар өмірін ұйымдастырудың формасы ретінде пайдалана отырып, алдымен солардың ортақ мүддесін бағыттап және дамытып отыру, балалар ұжымын топтастыруға күш салуымыз керек. Ойын баланың даму құралы, таным көзі, ол тәрбиелік дамытушылық мәнге ие бола отырып, адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Ойынның тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп, А. С. Макаренко былай деп жазды: «Бала өмірінде ойынның маңызы зор, ересек адам үшін еңбектің, жұмыстың, қызметтің қандай маңызы болса, нақ сондай маңызы бар. Бала ойында қандай болса, өскен соң жұмыста да көп жағынан сондай болады».
Балаларды заман талабына сай коммуникативті қасиеттер мен эстетикалық талғамы – сезімі жоғары, ұшқыр ойлы, белсенді креативті кез келген ортаға бейімделетін, өзін-өзі ұстай алатын тұлға қалыптастыру басты міндетіміз.
Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін әрі тербелейтін негізгі іс-әрекет – ойын. Ойын арқылы бала өзін қоршаған ортамен, табиғатпен, қоғамдық құбылыстармен, адамдардың еңбегімен, қарым-қатынастарымен танысады. Халқымыз ойындарды тек балаларды алдандыру, көңілін көтеру әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай олардың көзқарастарын, мінез-құлқын қалыптастыру құралы деп ерекше бағалаған.
Мектепке дейінгі балалардың ой-өрісін дамыту үрдісінде дидактикалық ойындарды пайдалану бүгінгі күнгі білім беру саласындағы өзекті мәселе.
Ойын негізінен балаларға дене шынықтыру және эстетикалық тәрбие берудің маңызды құралы. Ойын балаларды ұйымшылдыққа үйретеді. Ойынның түрлері көп, соның ішінде маңыздысы – дидактикалық ойын. Бұл ойынның пайдасы – баланың ой өрісінің қалыптасуын, дамуын мақсат етіп қояды. Сондай-ақ балалардың адамгершілік сезімін оятуға, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасау, еңбек адамдарына, басқа ұлт өкілдерін, достық, туған жеріне сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеуге көңіл бөлінеді. Дидактикалық ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндеттерді шешеді. Ойынның міндеті – баланың қызығушылығын оятып, белсенділігін арттыру мақсатында іріктеліп алынатын нақты мазмұнмен анықталады. Дидактикалық ойындар – балалар үшін өзіне тән жүру барысы, мақсаты, маңызы бар әрекет. Ойындарды бала тәрбиесіне енгізу үшін тәрбиешілер көптеген жұмыстарды атқарады.
Дидактикалық ойындарды тиімді пайдалану сабақтың әсерлілігін, тартымдылығын, белсенділігін, баланың ынтасын күшейтеді. Ойын ережесі балалардың түсінуіне оңай, қарапайым, әрі қысқа болу керек. Кейде ойынның мазмұны, ережесі балаларға дұрыс түсіндірілмейді де, балалар оған қызықпайды, зейін қойып тыңдамайды. Оның үстіне дидактикалық материалдар мен көрнекіліктерге жеке көңіл бөлу керек. Балалардың таным қабілетін, логикалық ой-өрісін кеңейтіп, сабаққа ынтасын арттыруда дидактикалық ойындарды ұтымды пайдаланудың маңызы зор. Балаларға алдарына қойылған дидактикалық тапсырмаларды өз беттерінше орындау үшін тәрбиеші көркем әдебиет оқып беру, алдын-ала жұмыс жүргізу керек.
Дидактикалық ойын балалардың қоршаған орта туралы түсінігін кеңейтеді, баланы ойнай білуге баулып, ақыл-ой қызметін қалыптастырады, әрі адамгершілікке тәрбиелеу құралы болып табылады. Дидактикалық ойынның ережелері балалардан ұстамдылықты, тәртіптілікті қажет етеді. Сонымен қатар дидактикалық ойлау қабілеттерін, ізденімпаздылығын арттырады, сөздік қорларын молайтуға көмектеседі. Балалардың қызығушылығын арттырады, белсенділік танытып, бағдарламалық материалдарды меңгеруіне ықпал етеді.
Дидактикалық ойындардың тиімділігі – сабақтың әр кезіндегі орны мен міндетін, мақсатын дәл анықтауға, оны қолданудың теориясы мен практикасын тәрбиешінің жетік меңгеруіне, шеберлік танытуына, ойынға қажетті материалдарды алдын-ала дайындап алуға, балаларды белсенді қатыстыруға байланысты.
Мектеп жасына дейінгі кезеңдегі балалармен сөздік жұмысын жүргізу ісі — дидактикалық ойындар арқылы тіл дамытудың негізгі бір міндеттері болып есептелінеді. Дидактикалық ойын арқылы сөздік жұмысын жүргізе отырып, балаларды айналасындағы заттармен таныстырып, атын атай білуге, қасиеті мен сапасын, түр- түсін және пішінін ажырата білуге, өмірдегі, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым, түсініктерін дамыта отырып, белсенді түрде тілдік қарым-қатынас жасай білуге үйретуге болады.
Дидактикалық ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде бала ешнәрсеге тәуелсіз. Ол өзін еркін ұстайды. Ал, еркіндік дегеніміз барлық дамудың баспалдағы, бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы. Баланың білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады.
Халық даналығында «Ойнай білмеген, ойлайда білмейді», «Ойында озған, өмірде де озады» деген аталы сөздер сырына жүгінсек, мектепке дейінгі жастағы баланың ойынға деген құлқы, қарым-қатынасы, мінез-құлық көріністері олар өсіп-есейгенде де жалғаса береді.
Ойынды қолданумен бірге ойлауға, тілді дамытуға, шығармашылық әрекетін байытуға бағыт алады. Баланың ойын кезіндегі қимыл-қозғалысы дене бітімін жетілдірсе, ал қарым-қатынастағы пайымдаулары өзіндік таным-түсінік, мінез-құлық әдептерін бекітуіне әсер етеді. Бала ойын арқылы бір әрекеттен екінші әрекетке ауыса отырып, өзіне түрлі ақпараттар алады, дүние сырын ашады.
Тәжірибеде балалармен ойынды (заттармен, үстел үсті және сөздік ойыны) үш түрлі етіп өткізуге болатындығына тоқталайық.
«Не қайда жатыр?»
Ойынның мақсаты: Баланың ой өрісін кеңейту,ойлау қабілетін дамыту,зейінділігін арттыру.
Ойынның мазмұны: Тәрбиеші балаларға кез келген затты айтады. Ойынға қатысқан балалар сол заттың қайда жатқанын анықтап,сипаттайды.
«Дүкен»
Ойынның мақсаты: Балаларды рөлдерге бөліп ,сол рөл бойынша әрекет жасауға үйрету.
Ойынның мазмұны: Бір баланы сатушы етіп,қалған балалар сатып алушы болып ойнайды. (Мысалы, Сатушы «Келіңіз,сізге не керек?» деген сөздерімен және сатып алушылар «Рахмет» сияқты мейірімді сөздерді қолдана білуге үйрету).
«Айгүлге серуенге бару үшін не жетіспейді?»
Ойынның мақсаты: Жыл мезгілдеріне сай киімдерді ажырата білуге үйрету.
Ойынның құрал-жабдықтары: жыл мезгілдеріне сай киімдердің суреті
Ойынның мазмұны: Әр балаға қуыршақтар беріледі. Балалар ол қуыршақтарды жыл мезгілдеріне сай киіндіру керек. Бір балаға қыс мезгіліне сай, ал келесі балаға күз мезгіліне сай және тағы сол сияқты.
«Сиқырлы қалта»
Ойынның мақсаты: Диалогтік сөйлеуде сөздерді дұрыс, анық айтуға, сұраулы сөйлемдерді дауыс интонациясын сақтап, дұрыс айтуға жаттықтыру. Сөйлем қарқынын өзгерте білуге үйрету (мысалы: ақырын сөйлеу).
Ойынның құрал-жабдықтары: суреттер, доп, шар, қуыршақ)
Ойынның мазмұны: 5-6 бала қатысады. Тәрбиеші сиқырлы қалтаны ортаға қойып балаларды кезекпен шақырып,сол қалтадағы заттарды алғызады. Балалар алған заттарын сипаттайды.
«Нені қайда салады?» (қантты – қант салғышқа және т.б.)
Ойынның мақсаты: Ыдыс аяқ түрлерін ажырата білуге үйрету.
Ойынның құрал-жабдықтары:ыдыс аяқтың суреті
Ойынның мазмұны: Тәрбиеші ыдыс аяқтың суретін береді. Балалар ол ыдыс аяққа не салатынын айтады мысалы: қантты қант салғышқа және т.б.
«Кім? Не?» (зат есімдер)
Ойынның мақсаты: Жанды жансыз заттарды айыра білуге үйрету.
Ойынның құрал-жабдықтары: әр-түрлі суреттер
Ойынның мазмұны: Балаларға суреттер беріледі. Балалар ол суреттерде не бейнеленгенін және оның жанды не жансыз екенін айтады. Жанды болса кім? Жансыз болса не? Сұрағы қойылады.
«Кім не істейді?» (етістіктер)
Ойынның мақсаты: Балаларға есімдерді дұрыс атауды үйрету, мамандықтардың атауларын бекіту.
Ойынның құрал-жабдықтары: Әртүрлі мамандықтардың суреттері
Ойынның мазмұны: Тәрбиеші балаларға суреттерді қарауды ұсынады. Ол кімдердің суреті, олар қайда кетіп жатқандарын, не жұмыс істейтіндерін айтады. Мысалы: суретте көкөніс сатушысы өзінің дүңгіршігіне кетіп бара жатыр, сатып алушыларға қызмет көрсету үшін.
«Бұл қай кезде болады?» (үстеу)
Ойынның мақсаты: Балалармен тәулік бөліктерін бекіту (таңертең, күндіз, кеш, түн)
Ойынның құрал-жабдықтары: Тәулік бөліктері суреті.
Ойынның мазмұны: Тәрбиеші балалармен бірге, тәулік неше бөліктен тұратынын,және тәулік бөліктерін атауды сұрайды. Тәулік бөліктері бар суреттерді қарап, соған сәйкес келетін суреттерді тауып орналастырады (таңертең, күндіз, кеш, түн).
«Қай жерде не бар?»
Ойынның мақсаты: Кеңістікті бағдарлай білуге үйрету.
Ойынның құрал-жабдықтары: Топтағы ойыншықтар.
Ойынның мазмұны: Балаларға кеңістік туралы суреттер беріледі. Кеңістік бейнеленген суреттерді қайда не тұрғанын атайды. Мысалы: қуыршақ шкафтың үстінде.
«Сөзді айтуға көмектес»
Ойынның мақсаты:Сөздерді толық әрі дұрыс айтуға үйрету.
Ойынның мазмұны: Тәрбиеші сөздің бірінші буынын айтады, ал балалар сол буынға қатысты сөзді тауып жалғастырады. Мысалы: Қа-қалам, әй-әйнек…
«Бұл қай кезде болады?»
Ойынның мақсаты: жыл мезгілдері және табиғат құбылыстары туралы түсініктерін арттыру
Ойынның құрал-жабдықтары: жыл мезгілдерінің суреттері.
Ойынның мазмұны: Тәрбиеші балаларға жыл мезгілдерінің және табиғат құбылыстарының суреттерін таратып береді. Содан кейін әр баладан бұл құбылыстар қай кезде болатынын сұрайды. Мысалы: қар жауып жатқан суретті алған бала бұл қыс мезгілінде болады деп жауап береді.
«Керісінше айт»
Ойынның мақсаты: Антоним сөздерді дұрыс айтуға үйрету.
Ойынның құрал-жабдықтары: доп
Ойынның мазмұны: Тәрбиеші балаларды шеңберге тұрғызады да допты лақтырып кез келген сөзді айтады. Балалар сол сөзге керісінше сөзді айтады. Мысалы: ақырын-жылдам, суық-ыстық…
«Биік (ұзын, үлкен, кең, жуан) не болады?»
Ойынның мақсаты: өлшемдердің қасиеттерін қабылдауға үйрету, тапсырманы орындауға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: ұзын және қысқа жолақшалар,биік,кең жуан ұғымдарына байланысты суреттер.
Ойынның мазмұны: ұзын және қысқа жолақшаланы көрсету. Жолақшаларды таратып беру. Берілген суреттерден немесе топтан биік және аласа, жуан және жіңішке, кең және тар заттарды табу.
«Сипаттамасы бойынша таны»
Ойынның мақсаты: Ұзын-қысқа, кең-тар, биік-аласа ұғымдарын бекіту.
Ойынның құрал-жабдықтары: жануарлардың, құстардың ойыншығы.
Ойынның мазмұны: балалар аю, түлкі, қасқыр, қоянның ойыншықтарын қарастырады. Әр ойыншықты анықтап атын атайды. Ойнаушылардың біреуі бөлмеден шығып кетеді, басқа ойнаушылар ойыншық туралы жұмбақ құрастырады.
Қорыта келгенде, дидактикалық ойындар баланың ақыл-ойын дамытуға, ойлауын, қабылдауын, есте сақтауын, зейінін, салыстыру, жіктеуге, өзін-өзі бақылауға үйретеді. Дидактикалық ойындарды іріктеуге баланың ойынды саналы түсініп, оның шартын дұрыс орындауға тырысып, белгілі бір нәтижеге жету мақсаты көзделеді.
Әдебиеттер тізімі:
1. Ф.Н.Жұмабекова. «Мектепке дейінгі педагогика». Астана 2012жыл.
2.Ф.Ниязбекова. М. Сансызбайқызы. «Балабақшада баланы мектепке дайындау» Алматы «Шартарап» 2000жыл.
3.Д.А.Кошанова. А.Г.Молдаханова. «Біздің балабақша» 2007жыл.