
Рахымбаева Н.М.
ШҚО білім басқармасы
Күршім ауданы бойынша білім бөлімінің
«№1 Марқакөл орта мектебі» КММ Арнайы педагог (дефектолог)
Пилоттық білім беру ұйымының бірі «№1 Марқакөл орта мектебі» КММ-де жалпыадамзаттық құндылықтарды оқу пәндерінің мазмұнына, сыныптан тыс жұмыстар мен қосымша білім беру, ата-аналармен жұмыс, әкімшілік-әдістемелік іс-шараларға жүйелі түрде енгізіліп, жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі ұрпақ тәрбиесіндегі басты мәселенің бірі – мектеп оқушыларын рухани дамыту, яғни өзінің өмірдегі орнын, атқаратын міндетін, дүниенің күрделі құрылымын түсіну және өзін – өзі үздіксіз, бірқалыпты жетілдіру болғандықтан, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру, ой-өрісін және танымдық қабілеттін дамыту, шығармашылыққа баулу, өз ойын еркін жеткізе білу және өткенді шапшаң еске түсіру дағдыларын қалыптастыру мақсатында сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстардың маңызы зор.
Сыныптан тыс жұмыс-бұл мектептегі оқушылардың бос уақытын ұйымдастырудың формасы болып табылатын оқу-тәрбие жұмысының құрамдас бөлігі. Сыныптан тыс ол мазмұны, бағыты, әдісі, тағайындалуы, формасы мен жолдары жағынан білімділікті қажет етеді. Мысалы, үйірмелер отырысы, қосымша сабақтар, мерекелік шаралар мен кештер өткізу осы сыныптан тыс жұмыстарға жатады. Бірақ кей жағдайларда оқушы белсенділігі мен басқаруында болады.
Тәрбие жұмысының негізгі бөлігі болып саналатын сыныптан тыс жұмыстар- баланың өмірге қажетті әлеуметтік ортадағы тәжірибесі мен қоғамдық құндылықтарды қабылдауын қалыптастырады.
Түрлі формадағы сыныптан тыс жұмыстар оқушының күнделікті сабақта байқала бермейтін жеке қабілеттері мен мүмкіндіктерін ашады. Сыныптан тыс жұмыстың әр түрлі болуы оқушының өзіне сенімділігін, өзін дұрыс бақылауын қалыптастырады, сонымен қатар әртүрлі жұмыстар оқушының іс-тәжірибесі мен дағдысын, адам қызметінің әртүрлілігі туралы білімі мен біліктілігін арттырады. Сыныптан тыс жұмыстарда оқушылар бір-бірімен барлық жағынан қарым-қатынаста болады. Әртүрлі сыныптан тыс жұмыстарда оқушылар өзінің жаңа қабілеттерін ашып қана қоймай, ұжымдасып жұмыс істеуге үйренеді.
Сыныптан тыс жұмыстарға төмендегідей талаптар қойылады:
- мектептің тәрбиелік және білім беру іс-әрекеттері арасындағы тікелей байланыстың болуы, мектептің тәрбиелік кеңістігіне рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын интеграциялану;
- жалпыадамзаттық құндылықтар, оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастыру және тәрбиелік жұмыстың тиімділігі мен сапасын бақылау негізінде рухани-адамгершілік білім берудің әдістерін үйлесімді пайдалану;
- отбасы мен қауымдастықтың арасындағы қатынастарды, мектептің тәрбиелік және білім беру жұмыстарының әрекеттерін үйлесімді ету;
- оқушыларды ерікті түрде үйірмелер мен секцияларға жаппай қатыстыру;
- шығармашылық жұмыстың сипатын оқушылардың ерікті түрде таңдауы;
- тәрбиелік жұмыстың жаппай, топтық және жеке түрлерін үйлесімді қолдану;
Білім беру ұйымдарында сыныптан тыс жұмысты ұйымдастыру үшін келесі шарттардың сақталуы маңызды:
- білім беру ұйымындағы моральдық психологиялық ахуал: сүйіспеншілік, сенім, шабыттанған шығармашылық ахуалын, өзін-өзі зерттеуге жағдайлар жасау, өзін-өзі тануда интуицияны дамыту;
- рухани-адамгершілік білім берудің мектептің тұтас педагогикалық үдерісіне интеграциялануы;
- рухани-адамгершілік білім беру мен тәрбие үдерісінде оң және ізгі әдістерді қолдану;
Сыныптан тыс тәрбие жұмысының ерекшеліктерін ескере отырып, оның тиімділігінің айқындаушы талаптарын басшылыққа алдым:
- сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыруда және өткізуде міндетті түрде мақсат қою;
- бастамас бұрын күтілетін нәтижені анықтап алу қажет (бұл жалпы мақсатқа жетуге септігін тигізетіндей, міндеттерді дұрыс қоюға көмектеседі)
- сыныптан тыс тәрбие жұмысында әр балаға риясыз сүйіспеншілікпен, оңтайлы тәсіл қажет;
- сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастыру барысында педагог үнемі шығармашылықпен ізденісте болуы керек;
Пилоттық білім беру ұйымдарындағы өткізілген интеграцияланған сабақтар, сыныптан тыс шаралар, ата-аналармен жүргізілген жұмыстар педагогтардың рухани-адамгершілік білім беру тұрғысында білім беру үдерісін ұйымдастыруда көзқарастарының өзгеретіндігі, рухани-адамгершілік құндылықтарды дамытуда кәсіби құзіреттілігінің өсетіндігін байқату. Оқу жылының басы қазан айында Халықаралық қарттар күнінде «Қарттарым асыл қазынам» қайырымдылық акциясы бастау алған болатын. Мақсатымыз: Оқушыларымыздың бойына үлкенді сыйлап тыңдай білуге, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуге, инабаттылық пен мейірімділікке тәрбиелеуді мақсат еттік. Қайырымдылық істер марафонын тоқтатпай, «Адамға қуаныш сыйла» акциясы аясында қыз мезгілінде мектебіміздің ардагер ұстазы Танцаров Қабыл атаның үйіне барып, қал-жағдайын біліп, үй жанындағы жиналған қарларды күреп, балалар қарияның ақ батасын алып қайтты.
22 қараша күні мектеп дәлізінде «Жалпыадамзаттық құндылықтар- рухани дамудың қайнар көзі» атты жиынның ашылу салтанаты өтті. Бекітілген жоспар бойынша жалпыадамзаттық құндылықтарға арналған эссе және сурет байқаулары өтті. Байқауда балалар өздерінің табиғатқа, жалпыадамзатқа қамқорлықтарын, жасаған жақсылықтары бейнелеген.
24 қараша күні «Сүйіспеншілік –өмір өзегі» атты ата-аналарға арналған семинар-тренинг өтті. Семинарда ата-аналар мен балаларың арасындағы сүйіспеншілік, жақсы көру, қадірлеу, сыйластық қасиеттері туралы өз ойларын сауалнамаға толтырып, сонымен қатар топқа бөлініп шығармашылық жұмыстар жасап, семинардан алған әсерлерін, пікір-тілектерін стикерларға жазып құндылық ағашына ілді.
11-қыркүйек отбасы күніне орай «Отбасы – бақыт мекені» атты ата-аналармен тренинг өткізілді. Мақсаты: «Отбасы» құныдылығының мәнін ашу арқылы, оқушыларда отбасы мүшелеріне құрмет, ата-анаға деген сүйіспеншілік, отбасындағы өзара сыйластық қасиеттерін дамыту болды. Отбасы туралы мақал-мәтелдер айту, сұрақ-жауап, шығармашылық жұмыстар орын алды.
Отбасылық құндылықтарды сақтау, әкелердің бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, ата-аналардың жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын ұйымдастырудағы рөлін арттыру бойынша әкелер форумы құрылды. Осыған орай, «Әке тағылымы ұрпаққа аманат» әкелер форумы өтті. Бала тәрбиесінде әкенiң рөлі ерекше екендігін түсіндіру, Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше. Қазақ халқында «Бір бала бар – атадан өте туады, бір бала бар – кері кете туады» деген тұжырымға, баланың қандай болмағына негіз қалайтын да әкенің өзі екендігін сөз етті.
Оқушылармен «Адал еңбекке тәрбиелеу» іс-шарасы өткізілді. Мақсаты: Оқушыларға тек еңбек арқылы барлық жетістікке жетуге болатындығын түсіндіру. Оқушыларға адал еңбек жөнінде айта отырып, оның маңызын тү-сіндіріп, адал еңбек етуге баулу. Адам еңбегін бағалай білуге, еңбек адамдарын сыйлай білуге тәрбиелеу.
Сонымен қатар «Адалдық дүкені» жобасы ұйымдастырылды. Жобаның мақсаты – қоғамдағы сенім атмосферасын құру, оқушыларға өзін лайықты және адал адам ретінде анықтауға мүмкіндік беру. Мұндай дүкендер мен буфеттердің қызметі өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесіне негізделген: оқушылар мен мұғалімдер қажетті тауарларды арнайы ашық кассада қалдырып, өздері қажет болған жағдайда тапсырады. Барлығы тек адалдық қағидаты бойынша құрылады.
Бұл идея оқушылардың моральдық қасиеттерін – парасаттылықты, өзін-өзі реттеуді тәрбиелеуге бағытталған. сондай-ақ мұндай дүкендердің сатушысыз қызметі бала кезінен «сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет»қалыптастыруға көмектеседі.
Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеу қажет.
Тұлға қалыптастыруда ұлттық құндылықтар негізінде білім мен тәрбие беруде шеберлік сағаты өтті. Мақсаты: балалардың ұлттық қол өнерге қызығушылықтарын дамыту. Дәстүрлі әнді насихаттау, қамшы өру, ою ою, қой етін мүшелеу қазақ халқының қол өнерімен таныстыру арқылы ұлт жандылық қасиеттерін бала бойына сіңіру.
Тәрбие сағатының тақырыбы: «Рухани Жаңғыру аясында ұлттық салт-дәстүрді насихаттау». Мақсаты: «Рухани Жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру аясында қазақ халқының бала дүниеге келуінен бастап басталатын салт- дәстүрлерінің негізгі ойының тереңдігін, өмір жалғасы мен ұрпақ сабақтастығын түсіндіру. Білім деңгейін көтеру, жетілдіру, шығармашылық белсенділіктерін арттыру, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру. Оқушыларды жан-жақты білімді болуға, салт- дәстүрді құрметтеуге, сақтауға, ұқыптылыққа және инабаттылыққа тәрбилеу.
Саябақтар шеруі-2021 акциясы аясында Марқакөл табиғи қорығына 45 жыл толуына байланысты іс шара өткізілді. «Құстар-біздің досымыз» бастауыш сынып оқушыларымен ашық тәрбие сағаты өтті. Мақсаты: Құстар,соның ішінде жыл құстары туралы түсінік беру, құстардың тіршілігі туралы баяндау; құстар туралы жұмбақтар шешу арқылы қызығушылығын арттыру, құстар бағына саяхаттауды техникалық құрылғылардың көмегімен тамашалай отырып құстарды қорғауға деген сезімін арттыруға жетелеу; оқушыларға экологиялық тәрбие беру, яғни құстарды қорғауға, оларға тиіспеуге, ұя жасап қарсы алуға тәрбиелеу.Тәрбие сағатының соңында ата-аналарымен бірігіп жасаған құстарға арналған ұяларын ағашқа орналастырды.
Қорытынды. Адам өмірінде әлеуметтік ортаның маңызы зор, егер орта жағымды болса тұлғаның рухани жетілуіне ынтасын арттырады, ал орта жағымсыз болса – теріс ықпал адамгершілікке қайшы келетін істерге бағыттауы мүмкін. Сондықтан ортаның жағымды әсерімен қатар жағымсыз әсері де болады. Жағымды ортада тәрбиеленген рухани дамыған тұлғаның көрсеткіштері мыналар: басқаларға жанашырлық білдіру; өзге адамға жақсылық тілеу; адамдарға көмек көрсету; айналадағы өмірді жақсартуға ұмтылу; өмір туралы мәселелер жайында толғану; өмірдің мәнін іздеу; өзін-өзі дамыту; жетілу арқылы бүкіл дүниені жетілдіру.
Сондықтан, пилоттық білім беру сүйіспеншілікке, сенімге негізделген оқушының әлемді және өзін интуитивті тұрғыдан ұғынуына, өзін-өзі зерттеуіне жағдай жасалынған шығармашылық шабыт атмосферасы құрылған тәрбие ортасын құрудың маңызы зор.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Мұкажанова Р.А., Г.А.Омарова., Р.Мұратханова «Мұғалімге арналған нұсқаулық. Негізгі деңгей», Алматы «Бөбек» ҰҒПББСО, 2015
2.Бірыңғай білім беру кеңістігінде «Өзін-өзі тану» рухани адамгершілік бағдарламасымен ықпалдасқан тәжірибелік мектептерде оқудан тыс жұмысты ұйымдастыру. Мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал./ ӘкімбаеваЖ.Ж. Ахметова А.И/ -Алматы, «Бөбек» ҰҒПББСО, 2014ж
3.Қазақстан Республикасының Президенті Н.А. Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық модернизациялау Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында (Астана қ., 27 қаңтар 2012 жыл)