Қоғам әрқашан да білім саласы қызметкерлеріне ерекше міндет жүктейді. Барлық мамандықтардың ішінде педагог мамандығы — ең жауапты, әрі шыдамдылықты қасиет ететін мамандық түрі. Әр адам болашақ мамандығын таңдар алдында ойланып жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Педагог мамандығын таңдап, ұстаздық еткісі келетін адам моральді және физикалық тұрғыдан бұл салада жұмыс істеуге дайын болғанда ғана еңбегінің нәтижесін, жемісін көрмек. Себебі, мұғалім мамандығын бірнеше мамандықтың бір мамандыққа бірігуі деп айтсақ артық емес.
Мен мұғалім мамандығын таңдағаныма ешқашан өкінбеймін. Жастайымнан педагог боламын деп армандадым, алдыма мақсат қойдым. Оқушы кезеңімнен бері ұстаз болғым келеді деп айтсам да болады. Боэцкий айтпақшы: «Шәкірт болып көрмеген, ұстаз болып жарытпас». Оқушы болғанымда сабақ болып жатқан уақытта, өзімді мұғалім орнына қойып көретінмін. Қазіргі таңда осы арманыма қол жеткізідім, тіл мүкістігі бар балаларға арналған балабақшада жұмыс істеудемін. Ақын, ағартушы Абай Құнанбаев айтқандай: «Адамның адамгершілігі — жақсы ұстаздан болады». Алдымдағы шәкірттерімнің ұлағатты болуы менің қолымда.
Әрине, ұстаз мамандығының өзіндік қиыншылықтары да, қуанышты сәттері де мол. Жұмыс уақытында қаншама қиыншылықтарды жолықтырсам да, әрбір менің тәрбиеленушілерімнің жеткен жетістіктері менің кеудемде мақтаныш сезімін тудырып, барлық қиыншылықтарды ұмыттырып, бұдан әрі ұстаздық етуіме, білімімді тереңдетуге шабыттандырады. Олардың барлығын өз тәжірибемде кездестірдім. Дана халқымыз «Ұстаз талантты болса, оқушы талапты болады» деген болатын. Осы себепті негізге ала отырып, өзімді шабыттандыра отыра, алдыма үлкен талаптар қоямын.
Жақында осы педагогика саласында жұмыс істеп жүргеніме жиырма жыл толады. Тәрбиеленушілеріммен өткен әрбір уақытым мен үшін қымбат, ыстық. Өзімді мұғалім мамандығынан басқа маман иегері ретінде көре алмаймын. Мамандығымды мақтан тұтамын. Шындығында, мен уақытымның көп бөлігін өзімнің отбасыммен емес, тәрбиеленушілеріммен өткіземін. Және мен бұл үшін мүлде қапаланбаймын. Себебі, мен уақытымды зая кетірмей, елімнің іргетасын қалауға өз үлесімді қосып жатырмын. Яғни, мен өз шәкірттерімнің қабілеттерін дамытуға қол ұшымды беремін, білмегендерін үйретемін, қазақ тілінің мәртебесін көтерудемін. Себебі, мен қызмет етіп жүрген балабақшаның балалары ерекше. Дәл осы тәрбиеленушілерім менің көмегіме мұқтаж.
Мен әртүрлі топтарға сабақ үйретемін. Көпұлтты мемлекетпіз ғой, әр топта әртүрлі ұлт өкілдері бар. Әр ұлттың өзіне тән қасиеттері, қылықтары және дыбыстары бар. Мен оларды қазақ тілімен ұштастыра білуім керек. Кей кезде маған «Өзінің туған тілінде дұрыс сөйлей алмайтын балаға, несіне қазақ тілін үйретесін?» деген сияқты сұрақтар қойылады. Осындай сұрақтарға әрдайым бірдей жауап беремін «Иә, олардың ұлттары да, тілдері де, түрлері де, діндері де бөлек. Бірақ олардың ортақ бір қасиеті бар. Олар өздерінің кемшіліктеріне қарамастан, алға ұмтылған ерекше жандар, қуана-қуана қазақ тілін үйренуге де әзір. Расымен де, тәрбиеленушілерімнің қазақ тілін үйренуге деген құлшыныстары мен жігерлік көрсетуі мені қатты қуантады, жұмысыма шабыт береді. Әрине, бұның бәрі маған оңайшылықпен беріле салған жоқ. Тәрбиеленушілерімнің ішінде алғашында қазақ тілін мүлде білмейтіндері болды, бұл мәселені шешу мүмкін емес деп ойладым. Кейін өзімнің педагогикалық қабілеттерімнің арқасында, тәрбиеленушілерімді өзіме қарата білдім. Ол үшін менің әрбір сабағым балаларды қызықтыра білетіндей кішігірім сценарий әзірлеп аламын. Балалар сабағыма белсене қатысулары үшін әрбір жаңа сабаққа түрлі көрнекіліктер, ойындар, ертегі, шығармалардың кейіпкерлері және өзге де әдістерді қолдана отырып, тәрбиеленушілерімнің ыстық ықыласына бөленудемін. Балаларды өзіме қарата білуден бөлек, өзге де қиыншылықтар кездесті. Соның бірі — тәрбиеленушілерімнің қазақ тіліне тән әріптері мен дыбыстарын қиыншылықпен айтулары. Әрине, мен оларды түсінемін. Сол үшін қиыншылықпен айтылатын дыбыстарды оңайшылықпен айта алғандарына дейін түрлі жаттығулар жасатамын және олармен бірге өзім де қайталап отырамын. Ең үздік жаттығуларымның бірі — ойын ойнату арқылы фонетикалық жаттығу жасату. Осы жаттығу арқылы балалар дыбыстардың дұрыс айтумен қатар, жаңа сөздерді де жылдам жаттап алады. Жарысқа қатысып, ойын ойнап отырған бала өзін көрсеткісі келеді, алда болғысы келеді. Сол үшін жанын салып, сабаққа белсене қатысады.
Шығармашылықты дамытудың көптеген жолдары бар. Соның бір жолы — мұғалімнің тек өз пәнін емес, өзге пәндерді оқып, оларды өз пәнімен салыстыра білуі қажет. Сонда, ұстаз қоржынында балаларға да айтатын түрлі мағлұматтары болады. Екіншісі, мұғалімнің тәрбиеленушілермен тығыз қатынаста болуы. Егер тәрбиеленуші мұғалімді жақын тартып, оған сенім артатын болса, өзі әрдайым жаңа ойлар, идеялар айтып, мұғалімді шабыттандырып жүретіні сөзсіз.
Тағы бір қосарым, кітапты көп оқитын оқырманның тек қана білімі ғана жинақталмай, тіл байлығы да дамып, ой-өрісі кеңейеді. Ал, ондай адамның әрдайым алып қосар түрлі идеялары болады. Ежелгі Рим жазушысы Луций Анней Сенека айтқан: «Басқаларды үйрете жүріп біз өзіміз үйренеміз», – деген сөзбен келіспеу мүмкін емес. Себебі, жеке өзімді айтатын болсам, әрдайым балаларға қызықты мәлімет жинау барысында, көптеген осыған дейін білмеген пайдалы мағлұматтарды кездестіремін.