Толқын Солтанмұратқызының аталмыш мектепте оқытушы қызметін атқарып жүргеніне 13 жыл болды. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап өзінің ақылдылығы, зеректігі, әдептілігі және де алғырлығымен көзге түскен Толқын Сұлтанмұратқызы екі бірдей жоғарғы оқу орнын бітірген.
Ұстаздар – тыншымайтын еңбеккерлер,
Жемісті жерге екпеген, елге еккендер.
Адамзат ұрпақтарын тәрбиелеп,
Зердесін болашақтың зерлеткендер.
Жайдары жүздеріңе барқыт көрік,
Жаныңның бар асылын сарқып беріп,
Жас буын — өнегелі шәкірттерді,
Жүрсіңдер өз балаңнан артық көріп.
Анадай, құс ұйқымен көз ілдірер,
Арманын аласартпас, сезімділер.
Бағбандай, мәуелі бақ мәпелеген,
Бала үшін бар азапқа төзімділер.
Жақсылық атаулыға жаршы жандар,
Жамандық атаулыға қарсы жандар.
Баланы сусындатып өсіруге,
Білімнің бұлақ көзін аршығандар.
Ұстаздар – ұлағатты зиялылар,
Сендерде ғалымдардың қиялы бар, — деген өлең жолдарының әрбір шумағында үлкен мағына жатыр.
Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Жақсы ұстаз — бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Толқын Солтанмұратқызы – шәкірттеріне білім үйретумен қатар, өзі де білім алуға құштар. Бірнеше деңгейлік курстарды оқыды. Мәселен: ҚР педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасының екінші (негізгі) деңгейі бойынша оқыту курстарынан (19.05.2014 ж.) және «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген «Тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби даму бағдарламасы бойынша 80 академиялық сағат көлеміндегі мектеп тренерлерін оқыту курстарынан өтті (02.02.2016 ж.). Қазіргі уақытта 13 ұстаздан құралған топпен іс-тәжірибесімен бөлісу үстінде.
«Кіші буын оқушыларын ойын технологиясы барысында танымдық іс-әрекеттерін белсендіреуге жетелеу» атты әдістемелік құралы да жарық көрді. Бұл әдістемелік құрал жалпы білім беретін орта мектептің бастауыш сынып ұстаздарына және педагогика саласында еңбегін енді бастаған жас педагогтерге, жалпы ұстаздар қауымына арналған. Бұл жинақтың негізгі міндеті — баланың тілін дамытуда ойын технологияларын терең меңгерту. Бұл еңбекте ойын арқылы мектептегі бастауыш сынып оқушыларының танымдық іс-әрекеттерін терең дамытуды түрлі әдіс-тәсіл арқылы шыңдау бағыты кең көлемде баяндалады. Еңбек жалпы педагог новаторлардың еңбектеріне сүйене жазылған. Ұстаздар қауымына әдіс-тәсілдердің барлық бағыт-бағдары кең көлемде ұсынылған.
Қазіргі ХХІ ғасыр ұстаздарының алдындағы тұрған үлкен жауапкершілік – бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеп жеткізу. Ондай ұрпақты тәрбиелеместен бұрын, ұстаздың өзі бәсекеге қабілетті болуы керек. Осыған орай Толқын Солтанмұратқызы қазақ, орыс тілдерін өте жоғары деңгейде меңгерген, ағылшын тілі де қалыс қалмаған. Ал бұл бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің ең бірінші сатысы болып табылады. «Ұстаз – жас ұрпақты, жалпы адамды ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиелейтін, білім беретін — оқытушы. Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады» (В.А.Сухомлинский).
Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын демекші, Толқын Солтанмұратқызы ұстаз болудың ауыр жүгін терең сезініп, өзінің жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, әрқашан жайдары көңіл-күймен қарсы алып, шығарып салады.
Еңбек жолында шексіз алғысқа ие болған Толқын Солтанмұратқызына 3 «Б» сыныбының ата-аналарының атынан айтарым, еңбек жолыңыз сан қырлы табыстарға толы болсын дегіміз келеді. Ұлағатты өмір мектебінде сүрінбей үздік ұстаз болыңыз! Шығармашылық табыс, нәтижелі жұмыс тілейміз! Өзіңізді де, шәкірттеріңізді де биік белестерден көре берейік! Отбасыңызда лайым жақсылықтар болғай!
«Маған мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», - деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, мектептің, ұжымның жүрегі болып жүрген жандар аз емес. Сондай жанымызға жақын тамаша жан, зор мақтанышпен ауыз толтырып айта алатын ұстаздардың бірі – Келдімұрат ауылының А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің шәкірттерін білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаз Садвакасова Толқын Солтанмұратқызы. Күн сайын шәкірттердің жүрегінен жол тауып, ізгілік нұрын сепкен жайдары да жылы жүзді қадірлі ұстазға алғысымыз шексіз.