Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында: «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді ұзақ уақытқа меңзеп тұрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Ал оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр», — деген болатын.
Негізгі бөлім:
«Менің Отаным — Қазақстан» тақырыбына өлең жолдары оқылды:
1-оқушы: «Отан туралы»,
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған «Отан» деп сыбырлаған.
Жаным менің кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған.
Отан, Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
2-оқушы «Отан»
Отан, Отан!
Сен болмасаң, не етер ем?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем.
Өмірде бұл өксуменен кетер ем.
Құс ұятсыз,
Жыртқыш інсіз болмайды.
Отансыз жан өмірінде оңбайды.
Өзін өзі қорлайды да, сорлайды,
Тірі адамға-сол қайғы.
Күн көреді
Әкесіз де, анасыз…
Білесің бе,
Отанның сен не екенін?
Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім.
Шығармашылық жұмыс және «ЭКСПО-2017» бейнероликтеріне шолу: Студенттердің бірлік, бейбітшілік жөніндегі «Мақтанышым — Астанам» туралы шығармашылық жұмыстары мен «ЭКСПО-2017» дүниежүзілік көрмесіне деген студенттердің қызығушылығына негізделген интернет желісінен алынған әртүрлі бейнероликтер тамашаланды.
«Байлық, Бақыт, Ақыл» деген көрініс көрсетілді.
Автор: Ерте заманда Байлық, Бақыт, Ақыл үшеуі бас қосады. Олар өзара өткен кеткен әңгімелерді айтысады. Сөз кезегінде үшеуі адам баласына тигізетін пайдасы жайында таласып қалады.
Байлық: Менің арқамда ғана адам баласының төрт түлігі сай, үйі дүние-мүлікке бай, ішіп-жемі мол болады. Сондықтан маған тең келер ештеңе жоқ (кеудесін қағады).
Бақыт: Мен бақпын, кімнің басына қонсам, соның атақ даңқын шығарамын, мансабын аспанға көтеремін, «Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» дөкей етемін.
Ақыл: О, достарым, мен сендердің таластарына қосылмаймын. Үшеуміз тең тудық. Бірақ мен бірер итжейдені сендерден бұрын тоздырдым. Айтыстарың көңіліме қонбайды. Мен Ақылымын. Сондықтан бекер даурығып, менменсініп сөйлегенді жақтырмаймын. Үшеуміз де адам баласына қажетпіз. Көңілдеріңе келсе де айтайын, екеуің де маған бағынасыңдар. Адам баласы менсіз өмір сүре алмайды. Келіспесеңдер Данышпанға жүгінейік. Төрелігін сол айтсын. Сөйтіп, үшеуі Данышпанға келеді. Үшеуінің таласын тыңдап алған Данышпан:
Өмірдің өзі сабақ: «Байлық – бір жұрттық». Ақыл барда ғана байлық та, бақыт та, бірлік те, тірлік те, ынтымақ та түгел болады. Ақылмен бәрін ойдағыдай басқаруға, атқаруға болады. Ақылдың еңбек деген сүйеніш, тіреуі, тұтқасы бар. Оның алмайтын қамалы, қолы жетпейтін ырзығы жоқ. Сондықтан ақылды боп еңбек ете білген адам баласы байлыққа да, бақытқа да кенеліп, мәнді де сәнді өмір сүре алады, — деген екен.
Ән: «Көк тудың желбірегені» орындалды.
Сөзжұмбақ шешу: «Жолдау»
1. «Әлемдік» сөзінің синонимі (жиһандық)
2. Отағасының антонимі (Отанасы)
3. Ата-анасы тәрбиелейді ? (бала)
4. «….- біздің табысты болашағымыздың негізі» (ұлт денсаулығы)
5. Тіл дамуы, сақталуы үшін қандай қаріпке көшпекпіз (латын)
6. Ел ертеңі жарқын болу үшін не істеу керек (Білім алу).
Қорытынды: Біз — Мәңгілік Елдің білімді де саналы, сауатты ұрпағы ретінде өз еліміздің, Қазақстанның, гүлденуі мен әрі қарай дамуына, көркеюіне үлесімізді қосуға тиіспіз. Артылған үміт пен сенімнің жүгі қанша ауыр болмасын, сан қилы, сан қырлы соқпақты жолдар болса да қазаққа тән қайсар мінезбен тайсалмай көтеріп өтуге тиіспіз! Өйткені біз сонау заманда Мағжан Жұмабаев сынды ата-баларымыз сенген, бұл заманда Елбасы Н.Ә.Назарбаев секілді ұлы тұлғалар үміт артқан ұрпақпыз! Бірде қарапайым да қара қазақ, бірде сөзге шешен, данышпан, дана қазақ бола білген Ұлы Қазақ Елі — Мәңгілік Елдің ұрпағымыз!
Жолдарың ашық, жарқын болсың, Тәуелсіз елдің азаматтары!
Әдебиеттер:
1. «Қазақстан тарихы» әдістемелік құрал. — 2016. — №1, №2.
2. «Егемен Қазастан» газеті, 6 шілде 2010 жыл
3. Менің Қазақстаным / Н.И.Рахымжанова, Р.М.Баттал, А.У.Сужикова. —
Астана баспасы, 2001.
4. Назарбаев Н. Ғасырлар тоғысында / Н. Назарбаев. — Алматы: Өлке, 1996.