Ұстаз пәнге кіріспес бұрын жоспарлы түрде мынадай тұжырым жасау қажет:
1. Теориялық білімді терең меңгерту.
2. Пәнге қызығушылығын ояту және арттыру.
3. Оқушылардың бойындағы талант пен дарындылықты бақылау және зерттеу.
4. Оқушының шығармашылық жұмысқа ынтасын арттыру.
Оқушылардың білім сапасын көтеру үшін шығармашылық сипаттағы сабақтар түрлерін жүйелі ұйымдастыру арқылы оқушылардың танымдық белсенділігі қалыптастырып, оқушы барлық іс-әрекетте шығармашылық бағыт ұстана отырып, қабілет білігін ұштай түседі.
Оқушыларды шығармашылыққа баулудың, өзіндік іс-әрекетін ұйымдастырудың түрлері өте көп. Осы орайда өзім беріп жүрген 2-сыныптағы әдебиеттік оқу сабағында баланың шығармашылық қабілетін дамытуда пайдаланған жұмыс түрлеріне тоқтала кетсем деймін.
1. Мәтін, ертегі, әңгімені өз бетінше аяқтау.
2. Ақын-жазушылардың дайын мәтіндерін басқаша аяқтау.
3. Белгілі мақал негізінде әңгіме жазғызу.
4. Мәтін бойынша мақал құрастыру.
5. Табиғат құбылыстарына, заттарға және жеке суреттерге қарап жұмбақ құрастырту.
6. Әңгімелерді салыстыру, бөліктерге бөлу.
7. Шығарма, мәтін, ертегі құрастыру (тақырып бойынша, жоспар бойынша, тірек сөздер арқылы).
8. Өлең, мақалдар құрастыру.
9. Шығармадағы әңгімелерге ұқсас оқиғалар айтқызу.
10. Кейіпкерге мінездеме беру.
11. Шығарма бойынша сурет салғызу, ауызша суреттеу, қиялдау арқылы суреттеу, мүсіндеу.
12. Рөлге бөліп оқыту.
13. Логикалық ойлауын дамытатын ойындармен берілген тапсырмаларды шешкізу (анаграмма, сөзжұмбақ, ребус).
14. Диалог-ертегі.
15. Образға кіру.
Енді осы шығармашылық тапсырмалардың кейбіреуіне тоқтала кетейін. Олар: образға кіру, суырыпсалма ақын, диалог-ертегі, жұмбақ-мақалдар құрастыру.
І тапсырма «Образға кіру». Жансыз заттардың, өсімдіктердің, жануарлардың орындарында өздері қандай күй кешетіні, қандай қызмет атқаратынын сезіну. «Мен – Гүлмін» (Қасықпын, Шыршамын, Бағдаршаммын, Доппын) деген әртүрлі тақырыптарда әңгіме жазғызу.
1 оқушының әңгімесі: «Мен – Гүлмін. Мен жерде өсемін. Маған ауа, су, жылу, жарық, қорек қажет. Мен адамдарға қуаныш сыйлаймын. Адамдар мені аналарына, мұғалімдеріне бақыт, қуаныш әкелсін деп сыйлайды. Мені адамдар төрге қояды. Мен әр түрлімін. Менің иісім хош, жақсы. Мені адамдар жақсы көреді. Мен ешкімге жамандық істемеймін».
Бұл арада оқушылардың ой-өрісі кеңейтіліп, тілдері дамиды.
ІІ тапсырма «Суырыпсалма ақын». Бастауыш сыныптарда шығармашылықтың алғашқы сатысын іс-әрекет және ойын түрінде бастаған жөн. Бала ойын ойнауға қызығу арқылы ойлау өрісі және еркін қиялдауы мен шығармашылық ойлауы қалыптасып дамиды.
Мысалы, «Күз» тақырыбына арнайы төмендегідей ұйқас бойынша өлең құрастыру тапсырылады:
… байлық, …алдық. …құс біткен, …қалдық.
Оқушының тапсырманы орындауы:
Күз – береке, күз — байлық,
Күзде астық мол алдық.
Жылы жаққа құс біткен,
Кеткен ұшып, біз қалдық.
ІІІ тапсырма «Диалог-ертегі». Шарты: мұғалім не оқушы ойдан шығарып, кез келген бір әңгіме-ертегіні бастап кетеді. Ал қалған оқушылар басталған бір-бір сөйлемнен ары қарай жалғастырады.
Мысалы, оқушы не мұғалім былай бастайды: «Ертеде бір байдың ерке ұлы болыпты…» 1-оқушы: «Сол ұлы көгалда көбелек қуып жүріп, адасып кетіпті…» десе, 2-оқушы: «Қарны ашып, іші шұрқырап келе жатса, алдынан бір ешкі кезігіпті…».
Міне, осылай ертегі жалғаса береді. Ең соңғы оқушы ертегіні ұшқыр шешіммен аяқтауы тиіс.
ІҮ тапсырма «Жұмбақтар, мақалдар құрастыру» арқылы оқушылардың ой-өрісі дамиды.
Жұмбақтар:
1. Суреті бар, хабарлайды,
Жәшікте тұрып жыбырлайды.
Ән салады, би билейді,
Көңіліңді көтереді (теледидар)
2. Жерге түсірсең, секіреді (доп)
3. Бізге жарық береді,
Бассаң, жоқ болып кетеді (электр шамы)
4. Өзі әдемі, иісі жұпар,
Оны туған күніне сыйлар (гүл)
5. Өзі гүл сияқты,
Күн көзін сүйер.
Ішінде дәні бар,
Балалар оны шағып жер (күнбағыс)
Мақалдар:
1. «Еріншек болсаң, Наның жоқ».
2. «Еңбекқор болсаң, Қарның тоқ».
3. «Еңбексіз нан жоқ,. Нансыз өмір жоқ».
Қорыта айтқанда, баланың қиялын дамыта отырып, ойын дамытамыз. Ойы дамыған шәкіртіміздің танымдық қызығушылығы арта отырып, шығармашылық әрекеті жоғары деңгейге көтеріледі.
Ұстаз еңбегі – оқушы білімімен өлшенеді десек, ұстаз еңбегінің күрделілігі — әрбір оқушы жүрегіне жол таба білуінде. Әрбір баланың бойындағы қабілетті дамыту арқылы өзін, өмірді, әлемді танып білуге, қоғам алдындағы жауапкершілік қасиеттерін сезіндіре білуінде жатыр.Оқушы бойында үздіксіз құлшыныс, оқуға, білім алуға деген ұмтылыс күннен-күнге дами түсуі қажет. Сонда ғана оқушы бойында білім нұры тасып, ішкі дүниесі, сыртқы ортамен байланысы дамып, дүниетанымы арта түсері анық.