Дидактикалық тұрғыдан:
жеке оқушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, оқытудың әдістері мен нысандарын, құралдар жиынтығын іске асыру арқылы әр оқушының қызығушылығын арттыру мен қабілеттерін дамыту.
Психологиялық тұрғыдан:
— «мұғалім-оқушы» жүйесінен «субъект-субъект» қарым-қатынасына көшу үшін қолайлы жағдай туғызу;
— рефлексияға дағдылану: Мен істеп жатырмын? – пәндік мазмұнның өз әрекетіндегі талдауы. Қалай істеп жатырмын? – өз қызметіндегі тәсілдерге талдауы. Не үшін жасап жатырмын? – өз құндылықтарын анықтауы.
Әдістемелік тұрғыдан:
— білім берудегі мәселелерді сыртқы және ішкі саралау арқылы шешу. Әрбір оқушыға жеке білім траекториясымен өсу үшін мүмкіндік туғызу.
Қобалжу — мұғалім оқушыдан тым көп нәрсені күткенде, ал зерігу – оқушыға өте аз ұсынғанда пайда болады (М.Чиксентмихай).
Оқушылардың тұлғалық және психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес дифференцияның төмендегідей түрлері болады:
— жас ерекшелігіне сәйкес (мектеп сыныптары, жас айырмашылықтары, әртүрлі жастағы топтар);
— жынысына қарай (ерлер, әйелдер, аралас сыныптар, командалар);
— тұлғалық-психологиялық типтеріне сәйкес (ойлау типтері, темперамент);
— денсаулық жағдайына сәйкес (дене бітімі бойынша топтар, денсаулығында кінәраты бар оқушылар, есту, көру т.б);
— ойлау деңгейіне сәйкес (жетістіктері);
— қызығушылықтарына сәйкес (гуманитарлық, жаратылыстану, математикалық).
Сыныпта саралап оқытуды қолданатын мұғалімдер сабақты әртүрлі:
— оқушылардың оқу стильдеріне сәйкес сабақты ұйымдастырады (аудиал, визуал, кинестетик);
— оқушыларды қызығушылықтары, тақырыптар және қабілеттері бойынша топтастыра алады;
— қалыптастырушы бағалауды қолданып оқушылардың оқу жетістігін бағалайды;
— сыныпта қауіпсіз және қолайлы оқу ортасын ұйымдастырады;
— оқушылардың қажеттіліктеріне сай сабақ мазмұнын жүргізіп, үздіксіз бағалау жүргізеді.
Кэрол Анн Томлинсонның зерттеуі бойынша мұғалімдер саралап оқытуды төрт жолмен жүргізе алады.
Мазмұн бойынша. Мұғалім оқу мазмұнын Блум таксономиясы (төменгі ойлау деңгейінен жоғары ойлау деңгейіне дейін зияткерлік деңгейлер жіктемесі) бойынша әртүрлі деңгейді қамтитын оқушылар тобына әртүрлі оқу әдістерін ұйымдастыруы керек.
Үдеріс бойынша. Визуалдарды оқулықпен қамтамасыз ету; Аудиалдарға аудио жазбаларды тыңдату; Кинестетиктерге тапсырмаларды өздеріне жасап көруге мүмкіндік беру.
Нәтиже бойынша. Нәтиже дегеніміз сабақтың соңында мазмұн бойынша оқушының алған білімін демонстрациялау әрекеті. Мұғалім мазмұнды меңгерту мақсатында тапсырма береді, барлық оқушылар бір тапсырманы орындаса да олардың нәтижелері әртүрлі болады. Бірақ жалғыз «дұрыс» жауаптың бағытында жұмыс істеуден гөрі оқушылар өздерінің мықты және әлсіз тұстарына қарай жауап береді және жетпей тұрған білімдерін жетілдіру туралы ойланғандары маңызды. Сабақта мұғалім барлық оқушыларға бағытталған нұсқау бере отырып, олардың әрқайсысының өздерінен не күтетіндігін түсінгендеріне көз жеткізулеріне әрекет жасайды.
Оқу ортасы бойынша. Психологиялық тұрғыдан айтқанда мұғалімдер сыныпта қауіпсіз және қолайлы оқу ортасын қамтамасыз ететіндей оқу үдересін ұйымдастыруы қажет. Осы мақсатта Мұғалім оқушыларды ойланту үшін және бірқатар жауаптар алу үшін алдын ала дайындалған сұрақтарды қоюына болады. Бұл әдісті қолдану барысында сөзбен қолдау көрсету және ынталандыру да маңызды рол атқарады.
Оқу әрекетін саралау тәсілдерін төмендегідей жіктеуге болады. Мұның құрамына білім деңгейі әртүрлі оқушыларға арналған тапсырмалар, оқушылардың қажеттіліктеріне қарай (көмек керек пе, әлде күрделі тапсырмалар беру керек пе) түрлі кестелер, жаттығулар, күрделілігіне қарай алға ілгерілеп отыратын тапсырмалары бар карточкаларды жатқызуға болады. Мысалы:
Оқу тапсырмасының мазмұны бойынша:
— шығармашылық деңгейі бойынша;
— қиындық деңгейі бойынша;
— көлемі бойынша.
Әрекетті ұйымдастыру бойынша:
Мұғалім тапсырманы бәріне бірдей таныстырады, ал орындалу кезеңі төмендегідей болуы мүмкін:
I топ – мұғаліммен бірге;
II топ – алдымен мұғаліммен содан кейін өздіктерінен;
III топ – өзбетінше.
Тапсырмалардың нұсқалары қиындық деңгейі, шығармашылық деңгейі, көлемімен ерекшеленеді.
1-нұсқа – негізгі тапсырма;
2-нұсқа – көлемі үлкендеу тапсырма;
3-нұсқа – шығармашылық тапсырма.
Сондай-ақ оқушының таңдауы бойынша тапсырма — жағымды оқу мотивациясының қалыптасуына әсер ететінін естен шығармауымыз керек.
Тағы да сыныпта топ құруда саралауды ұйымдастырудың пайдалы көптеген тәсілдер бар, олар: біріншіден, кездейсоқ топ. Топтық жұмысты орындау үшін бір топта қандай оқушылардың болатыны маңызды емес. Осы жағдайда мұғалім өзі қалаған әдіспен оқушыларды шағын топқа біріктіреді. Топтың мүшелері кездейсоқ бірігеді. Бұл жағдайда мұғалімге сыныптағы оқушылардың бір-бірімен мейлінше араласқаны маңызды.
Екіншіден, аралас топ. Мұғалім мақсатты түрде шағын топқа әртүрлі деңгейлі оқушыларды біріктіреді. Себебі, бұл топтық жұмыс жаңа оқу мақсатына жету үшін қажетті алдыңғы білімдері мен біліктерін қайталап, бір-бірінің есіне түсіру мақсатында ұйымдастырылған. Яғни бір тақырып бойынша білімі бар балалар мен білімі аз балалар топтарға бірігеді. Мұғалім алдын ала бұл топтың мүшелерінің кім болатынын жоспарлайды.
Үшіншіден, деңгейлі топ. Мұғалім ерекшеліктеріне қарай топтарға біріктіреді. Қызығушылығы бір оқушылар бір топта немесе жоғары деңгейлі, орта және төмен деңгейлі оқушылар. Оларға арнайы тапсырмалар дайындалады. Бұл топтық жұмысты жоспарлау кезінде мұғалім неліктен оқушыларды дәл осылай біріктіретінін және неліктен осы тапсырмаларды беретінін нақты түсінеді.
Төртіншіден, қалаулы топ. Мұғалім оқушыларға өз қалаулары бойынша отыруға мүмкіндік береді. Мұғалім оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасын білу үшін бұл әдісті пайдалануға болады. Сыныпта қандай да бір топтық жоба жұмыстарын жасау керек болған кезде бұл әдісті қолдану тиімді болар деп ойлаймын.
Бесіншіден, қыз-ұл деп бөлуге болады. Бұл әдіспен оқушыларды біріктіру мұғалімге қыз балалар мен ер балалардың оқудағы ерекшеліктерін терең зерттеуге мүмкіндік туындайды.
Сонымен, қорытындылай келе айтайын дегеніміз, оқыту тиімділігі оның мазмұны мен әдістеріне ғана тәуелді емес, сонымен қатар, оқушылар тұлғасының жеке басының ерекшеліктеріне байланысты.
Саралап оқытуды қолданған сабақтарда төмендегідей жағымды аспектілерді байқауға болады:
— мұғалімде әлсіздерге көмектесуге, мықтыларға назар аударуға мүмкіндік болады;
— қоғамдық нормаларға бейімделе алмайтын қиын балалармен тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік туады;
— мықты оқушылардың білім беру үдерісінде жылдам және тереңінен білім алуға деген ынталары жанданады;
— деңгейі артады: Мен – концепциясы: мықтылар өз қабілеттеріне көз жеткізеді, әлсіздер оқудағы жетістіктерін сезінуге мүмкіндік алады, толыққанды емес комплекстен арылады;
— оқуды ынталандыру деңгейі артады;
— топта бірдей балалар жинақталса, балаға оқу жеңіл болады.
Педагогикалық қызмет табыстылықты, жақсартуды, түзетуді қажет ететін салаларды анықтайтын әмбебап үдеріс. Сондықтан біз пәнді оқытудан оқушыны оқытуға қарай жылжуымыз керек. Яғни, «барлығына жарамды» оқыту моделінен «біреуіне жарамды оқыту» моделіне ауысуымыз қажет.
Әдебиеттер:
1. Деменева Н.Н. «Оқыту үрдісінде төменгі сынып оқушыларына қолданатын саралау тәсілі». //Бастауыш мектеп. – 2004. — №2.
2. Селевко Г.К. «Қазіргі білім беру технологиялары» жоғары пед-қ оқу орындарына арналған оқу құралы. 1998 ж.
3. Юнина Е.А. Жаңа педагогикалық технологиялар: оқу-әдістемелік құрал.-Пермь: ПРИПИТ баспасы, 2008 ж.
4. Якиманская И.С. «Қазіргі мектептегі тұлғаға бағытталған оқыту». — М., 1996.