Балалар ән салу арқылы өлеңнің мазмұнын, тәрбиелік мәнін саналы түрде меңгеруіне мүмкіндік алады. Ән айту — музыкалық тәрбиенің аса маңызды құралы. Мектеп жасына дейінгі кезең баланың өсіп, дамитын кезеңі болғандықтан ән айту — баланың тыныс алуына, дауыс аппаратының шынығуына көмектеседі. Музыкамен ырғақты қимылдарды орындату арқылы балаларды сергек, көңілді жүруге, дене бітімінің сымбатты болып өсуіне, денсаулықтарын нығайтуға көңіл бөлеміз.
Музыкалық оқу қызметінде музыка тыңдау бөлімі бойынша халық әуендерін, ән мен күй басқа да шығармаларды қолдана отырып, музыканы тыңдау, қабылдау, есте сақтау, ажырата білумен қатар, оның мазмұнын түсіндіріп отырамыз. Балабақшада ән әуені мерекелік ойын сауықтарда, билерде, ертеңгіліктерде орындалып отырады.
Музыка оқу қызметінде музыкалық дидактикалық ойындарды ойнау балалардың музыкаға қызығушылықтарын арттырады. Балалалармен әртүрлі музыкалық ойындар ойнатылады. Балаларды дыбыстық жоғары қабілетін дамыту үшін «Менің балапандарым қайда ?», музыкалық аспаптардың үнінен ажырата білуі үшін «Үнінен таны», музыкадағы ұзақ және қысқа дыбыстарды табу үшін «Музыкалық моншақтар», нота сызығымен ноталар туралы түсінік беру үшін «Сиқырлы ағаш» тақырыбында музыкалық дидактикалық ойындарды ойнатамын.
Музыка оқу қызметінде музыкалық-дидактикалық ойындарды жүйелі түрде пайдалану – музыканы сипатына, көңіл-күйіне қарай ажыратуға үйретеді. Балалардың музыкаға қызығушылықтарын арттыруда мерекелік ертеңгіліктердің, музыкалық сахналық қойылымдардың маңызы зор. Балабақшамызда мерекелік ертеңгіліктер, театр күндері, сахналық қойылымдар жоспарлы түрде жүргізіліп отырады. Ертегілерді сахналау, мерекелік ертеңгіліктердегі әртүрлі кейіпкерлерді ойнау арқылы балалар бейнелерді дәл бере білуге, сахна мәдениетіне үйренеді, тілі дамиды, шығармашылығы шыңдалады.
Балабақшадағы бүлдіршіндердің арасынан еліміздің болашақ әншілері, бишілері, өнерпаздары шығуы мүмкін. Сол бүлдіршіндерді балабақша кезеңінен бастап өнерге баулу, шығармашылығын шыңдау, музыкалық, эстетикалық тәрбие беру — педагог тәрбиешілердің басты міндеттерінің бірі. Балабақшада балаларға музыкалық тәрбие беру арқылы бала бойына әдемілік пен әсемдікті қалыптастыруға болады.