Ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті тұлға тәрбиелеу үшін:
— оқушылардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру;
— жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялату, ұлттық рухын дамыту;
— ана тілі мен дінін, оның тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, рухани-мәдени мұраларды қастерлеу;
— жас ұрпақ бойында жанашырлық, сенімділік, намысшылдық тәрізді ұлттық мінездерін қалыптастыру сияқты міндеттерді орындағанда ғана басты мақсатқа жетеміз.
Бала бойына ұлттық тәрбиені сіңірудің көздері фольклор, халық ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге-өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары болып табылады.
Мектептерде көпмәдениетті білім берудің мақсаты — көпұлтты және көпмәдениетті ортада тиімді және белсенді өмір сүре алуға қабілетті, өзге ұлттардың мәдениетін жете түсіне білген, түрлі ұлттардың, нәсілдердің, діни ұстанымы бар адамдармен түсіністік пен бітімгершілікте қарым-қатынас жасай алатын тұлғаны дамыту.
Көпмәдениетті тұлғаны қалыптастырудың негізі көптілді тұлғаны дамыту болып табылады. Көптілді тұлға дегеніміз, бұл бірнеше тілдерді белсенді тасымалдаушы. Сондықтан «лингвистикалық сана-сезімі дамыған индивидті» көпмәдениетті тұлға деп атайды [3]. Дегенмен, сол көптілділік іргетасы ана тілден қалануы керек. «Тіл –халықтың ең басты үлкен құндылығы. Уақыт өткен сайын тас қашалады, темірді тат басады, өзіне берілген несібесі таусылғанда адам өмірден өтеді. Ұрпақтан-ұрпаққа тарайтын халықтың рухани мұрасы ретінде тек тіл ғана жалғыз көпір болып қалады» (Н.Ә.Назарбаев) [2].
Көпмәдениетті тұлға тарихи сана-сезіммен қатар, географиялық сана-сезіммен, ғаламдық ойлау сана-сезіммен және сол сияқты туған өлкесін, Отанын, туған жерін, туған ошағын жақсы білуі тиіс. Көпмәдениетті тұлға айналасындағы сұлулықты, әсемдікті түсініп бағалай алатын көркем-эстетикалық сезіммен, құбылыстарды тануға мүмкіндік беретін ой-өрісінің кеңдігімен, әдемілікке ұмтылатын, театр, кино, теледидар, әдебиет, музыка сабағы және көркемөнер туындыларын таңдап, оларға талғаммен қарайтын, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, талғамы жоғары тұлға болуы керек.
Көпмәдениетті тұлға – бұл индивид, өз мәдениеті арқылы өзге мәдениеттерді игеруге бағытталады. Туған тілін, жалпы мәдениетін терең білу – бұл өзге мәдениеттерге қызығушылық қатынастың негізі, көптеген ұлттық, көркем мәдениеттермен танысу рухани баюға және дамуға негіз болады [4].
Бұл аталған мәселенің өзегінде мұғалім тұрады. Оқушылардың бойында төл тарихына, туған өлкесіне, бай мәдениетіне деген қызығушылықтарын қалыптастыруда мұғалім дайындығының рөлі зор. Егер әр мұғалім күнделікті сабақ өткізгенде тапсырмаларын ұлттық құндылық негізінде ұсынса, көпмәдениетті тұлғаның қасиеттері оқушылар бойында қалыптасады.
Оқушылардың бойында көпмәдениетті тұлғаның қасиеттерін қалыптастыру математиканы оқыту барысында да жүзеге асырылады. Математика пәні арқылы да көпмәдениетті тұлға қалыптастыру үшін қажетті үлкен тәрбиелік мәні бар материалдар жеткіліксіз. Оқушы ұлттық құндылықтар негізінде құрылған тапсырмалар орындап, есептер шығару барысында өз халқының мәдениетіне тұлғалық қатыстылығын сезіне алады, ұлттық ұқсастықтарды айырады.
Ұлттық дәстүрлі мазмұндағы есептер, қазақтың қара есептері, ұмытыла бастаған ұлттық дәстүрлеріміз, сондай-ақ ертегі есептер, ұлттық ойындар, мақал-мәтелдер, қазақтың байырғы өлшем бірліктері, қазақша жыл есептеулер т.с.с. оқушылардың ұлттық дүниетанымын кеңейтеді. Ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан қазақ халқының ауызша есептері ауыз әдебиетінің бір жанры болып табылады. Халық есептерінің түрі сан алуан. Есептерді шешкенде және жауабын тапқанда берілген шарттармен қоса, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне тән кейбір деректерді ескеру қажет. Тұрмыстық салт-ғұрыптан туып, ойнақы күлкі, жарасты әзілге құрылған ауызша есепті шешу кісінің дүниетанымын байытуға, есепке деген құштарлығын арттыруға, сол арқылы ойын ұшқырлауға септігін тигізеді. Ендеше, ұлтық мазмұнды есептерді шығару — бұл адамның ойлау қабілетін дамытып, логикасын жетілдіріп, тез ойлауға, алғырлыққа, тапқырлыққа тәрбиелеп, халқының өткен өміріне көз жібертеді.
Құндылық негізінде құрылған халық есептерінің кез келгені ойландыруға, ойлауға жетелейді. Мұғалім әр сабақта оқушыларға білім ғана беріп қоймайды, ұлттық құндылықтармен ұштастыра отырып, азаматтыққа, адамгершілікке және көпмәдениеттілікке тәрбиелейді.
Оқушыларға тек пәндік білім, білік дағдыларын меңгертпей, ұлттық құндылықтардың тәрбиелік мақсатын түсіндіре отырып, сабақтарда қолдану қажет. Мысалы:
1. Бәйтерек монументінің шармен қосқандағы биіктігі 105 метр, шарсыз биіктігі 97 метр. Осы сандарды пайдаланып дұрыс бөлшек, бұрыс бөлшек және аралас сандарды жазуға болады.
2. Киіз үйдің биіктігі 4м 20см. Бұл оның керегесінің, уық бөлігінің және шаңырағының биіктіктерінің қосындысына тең. Оның керегесінің биіктігі 1м 60см, уық бөлігінің биіктігі 2м. Шаңырағының биіктігі киіз үй биіктігінің қандай бөлігін құрайды.
3. Домбыраны координаталық сәуле бойына орналастырғанда домбыраның тиегіне (А нүктесіне), мойына (В нүктесіне) және құлағына (С нүктесіне) қандай бөлшектер сәйкес келеді. А, В және С нүктелерін координаталарымен жазыңдар.
4. Домбыраның басы (құлағы) 1/10 м, мойны 1/2 м, шанағы 2/5 м. Домбыраның ұзындығы неше метр.Сандықтың биіктігі 65см. Ұзындығы 1м 56 см, ені 75 см. Сандықтың көлемін және ауданын тауып, оларды бұрыс және дұрыс бөлшек түрінде жазыңдар.
Өстік симметрия тақырыбын өткенде үй жиһаздарына бедерлеп салынатын ою-өрнектер түзуге қатысты симметриялы түрде салынатынын айтып кетуге болады.
Қорыта келгенде, көпмәдениетті білім беру – адамның мәдениетке тікелей араласуы, ана тілі мен мәдениетінің тығыз қарым-қатынасын сақтай отырып, әлемдік көпмәдениетті кеңістікке еркін ене алу қабілеттілігін дарытуды көздейді. «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін» дегендей, көп тіл білетін адамның көп нәрсеге қол жеткізетіні белгілі. Бірнеше тіл біліп, мемлекеттің мүддесін, өз елінің жай-күйін, құндылықтарын әлемге асқақтата айта алатын мәдениетті тұлға тәрбиелеуіміз керек.
Әдебиеттер:
1. Есекешева М. «Ұлттық тәрбие беру–өзекті мәселе» // Қазақстан мектебі. – 2009. -№11. 69-72б.
2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық» жаңғырту-Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы 2012 жылғы 27 қаңтар, Астана.
3. Ахутина Т.В. Томаселло Майкл. Кіріспе мақала: Адами қарым-қатынас бастаулары / ағылшын тілінен аударма М.В.Фаликман, Е.В.Печенкова, М.В.Синицина, Анна А.Кибрик, А.И. — М,: 2011.
4. Сыродеева А.А. Поликультурное образование: Учебно-методическое пособие. — М., 2001 ж.