+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Дүйсенбi, 2 қараша 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 11 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Ата-бабамыздың мұрасын жаңғыртайық…

НАККАЖИНА К.К.,
«Ушаново орта мектебі» КММ-нің технология пәні мұғалімі, Глубокое ауданы

      Қазақ халқы - талғампаз халық. Ұрпағына қалдырған бай мұрасы - тұнған ғибрат-өнеге. Технология пәні мұғалімдерінің негізгі алға қойған мақсаты - кейінгі ұрпаққа ата-бабамыздың ұмытылып бара жатқан қолөнерін жаңғырту, асыл мұраны аманат ету, тұрмыста қолдана білуге үйрету.
      Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ұласып ежелден келе жатқан халықтық қолөнері жеке тұлғаның қалыптасуына, дамуына, ұлттық тәрбиесіне ықпалын тигізері сөзсіз. Қазақ халқының қолөнері сан ғасырлық ақыл-ойдың тәжірибесі, шеберлік пен суреткерліктің құдіретті туындылары десек, өнерпаз шеберлердің жан дүниесінен өзіндік ерекшелігімен өріліп шыққан өнер туындысы - адам жанын рухани байытып, талғам тынысын, көңіл көкжиегін кеңейту құралы.
      Абай атамыз «Егер мал, керек болса, қолөнер үйренбек болар. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген болатын. Бүгінгі күні өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, дәстүрлі өнерімен бүкіл әлемге танымал болып отыр. Қолөнер халық өмірімен, тұрмысымен бірге келе жатқан өнер. Шеберлердің қолынан шыққан қолөнер туындылары, халықтың өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен, табиғатпен, эстетикалық талғамымен байланысты болған.
      Өткенге көз жіберіп қарасақ, ежелден келе жатқан қолөнердің бірі - киіз басу. Халық алуан түрлі бұйымдар жасау үшін киізді кең қолданған. Киіз - қойдың күзем жүнінен қалың, тығыз етіп басылған үй тұрмысы мен шаруашылықта пайдаланылатын бұйым. Киізді киіз үйдің сыртын жабу үшін, жерге төсеу үшін және де кереге керу сияқты тағы басқа өз қажеттілігіне орай пайдалана білген. Осыған байланысты олардың түрлері көп болды. Ыстық сумен пісірілген, буы бұрқырап шығып жатқан киізді жас киіз деп атайды. Одан әрі киіз қолданылатын орнына, мақсатына қарай бірнеше түрге бөлінеді: өре киіз - үш құлаш шамасындағы ұзын, үлкен киіз. Ақ киіз - біріңғай ақ жүннен басылған, сайлау кезінде ханды соған отырғызып, сайлаудың шешімін білдіруге, ұлықтауға қолданылған. Қазақ тұрмысында ақ киізді келін түсіргенде жақсы тілектің белгісі ретінде қолданған. Байырғы салт бойынша келінді үйге кіргізгенде, мінезі жұмсақ болсын деп бөстек, көңілі таза, ақ болсын деген ырыммен аяқ жағына ақ киіз төсеген. Үйге жабылатын киізді кей жерде кесек киіз, кей жерде жабу киіз, туырлықтық киіз деп атайды. Ол киіз жабын деп те аталады.

 

      Киіз денсаулыққа пайдалы, әрі ыстық та, суық та өткізбейтін қасиеттерімен ерекше бағаланады.
      Осы қолөнер түрін мектебімізде қолға алып, кірісе бастағанымызға біршама уақыт болды.
      Төсеніш ретінде пайдаланылатын киіздер откиіз, төркиіз, текемет, сырмақ деп аталады.  Солардың ішінде «от киіз» және «сырмақ» жайында бірер сөз қозғай кетейік.
     «От киіз» көшпенді өмір кешкен халқымыз түнгі салқында, күз, қыс мезгілінде киіз үйлерінің ортасына от жағып, оны айнала отырып, отқа жылынып, тамақтанатын болған. Міне, осылай отыру үшін от басына лайықталып дөңгелентіп киіздер жасалды. Осыдан отқа ең жақын салынатындықтан, от киіз деп аталып кетті. Кейіннен киіздерді сырып, жиектеп, оюлап, сәндеп жасау қалыптасты.
       Сырмақ – әртүрлі киізден ойылып жасалатын төсеніш киіздің бір түрі. Сырмақты ақ киізді бір бөлек, қара киізді бір бөлек басып, екеуін беттестіріп, үстіне ою үлгілерін салып, бормен сызып екі киізді бірден үлгімен ойып алатын болған. Содан-соң ойылған оюдың ағын қараға, қарасын, аққа келтіріп тігеді. Құрастырылған оюды сол қалпымен тұтас үлкен киізге жапсырады. Оюларды құрастыратын жерінің үстін бастыра жиек басады. Жиектік жіптің иірілуі де, қабатталуы да басқаша, және оның түсі, бояуы да оюды айшықтап тұратын ашық түсті болады. Текеметтей емес сырмақ мықты келеді. Кейбір сырмақтарды жарты ғасырдан артық төсеуге жарайды. Оюларды құрастырып үстінен басып тігіп болған соң сырмақты тұтастай сырады. Ақ киіздің үстін ақ жіппен, қара киіздің үстін қара жіппен ұсақ етіп түгелдей тігіп шығады. Сырмақ сонда шымыр, қатты болады. Оның төзімділігі де осында болса керек.
      Табиғи таза өнімнен жасалатын киізді бүгінгі күні де жиі тұтынсақ денсаулыққа пайдасы зор. Мәселен, киізден тігілген киімдер температураны бірқалыпты ұстайды, қанша ауруларға ем. Сондай-ақ, киіз төселген жерге, киіз жабылған жерге, жалпы киіз бар жерге кене жәндігі жоламайды екен және т.б. Ғалымдар кенеден қорғану жолдарын іздестіріп жатқаны белгілі, ал біздің ата-бабаларымыз оның жолын әлдеқашан тауып қойған.
      Қазақ халқының өзіне ғана тиесілі қолөнерлерін кейінгіге жеткізе білуіміз керек. Ұлттық өнерімізді қолға алмасақ, басқа ұлттың меншігінде кетері анық. Қазіргі таңда, киіз өнімдері АҚШ, Ресей нарығында үлкен сұранысқа ие болып отырғаны белгілі. 

 

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype