Болжау әдісі екінші тіл үйренушілерінің терең ойлы оқырман болуына себепкер болатын оқылым дағдысының ең маңызды стратегияларының бірі болып табылады. Болжау стратегиясы кез келген оқылымның қиындығын оқушының сезінбей игеруіне көмектеседі және жаппай сынып болып білім алуды ұйымдастырады. Нақтырақ айтсақ: «Болжау дегеніміз – кілт сөздерді оқылымға дейін пайдаланып, мәтін мазмұнының не туралы болатындығын алдын ала болжап білу». Мәселен, оқушы газет мәтінінің тақырып атына немесе оның фотосуретіне, шығарма тарауларының атауларына, автордың атына, тіпті хат сыртындағы мәліметке қарап, оқитын мәтіннің не туралы болатынын біле алады. Демек, болжау стратегиясы тақырып аясында ақпарат алуға бірден бір себепші болатын оқыту құралы.
Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде болжау стратегиясын пайдаланудың артықшылықтары бар. Біріншіден, болжам жасау барысында оқушылар жаңа білімді анықтау үшін өздерінің бұрынғы білімдерін қайта жаңғыртады. Екіншіден, болжауға негізделген тапсырма оқушылардың қызығушылығын арттырады. Үшіншіден, оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау мүмкіндіктерін дамытады және оқушылар осы әдіс арқылы өз білімдерін тексеріп, нақтылай алады. Осы тақырыптың өзектілігін дәлелдеу мақсатында қазақстандық жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне сауалнамалар жүргізіліп, нәтижесі статистикалық үлгіде сараланған болатын. Сауалнама қорытындысы бойынша отандық оқытушылардың практикасында болжау стратегиясы тек сабақты ұйымдастыруда қолданатын амал ретінде ғана танылған. Ал кейбіреулері оны оқушылардың ойлау қабілетін дамытатын, шығармашылығын шыңдайтын амал ретінде түсінеді. Ол бағытта тапсырмалар оқушыға мәтіндегі ойды аяқта, мәтіннің ортаңғы бөлігін ойдан құрастыр т.б. болып келеді.
Кей кездері болжау стратегиясы оқылым мен грамматиканың да басын қосады. Мәселен, ағылшын тіліндегі оқылымда Filling the gap аталатын тапсырма бар. Ол тапсырма бойынша оқушы әрбір бесінші немесе алтыншы сөздерді (мәтінде ол сөздердің орны бос келеді) грамматикалық білімдерін пайдаланып болжау арқылы оқылымды жалғастырады.
Болжау стратегиясын жаңа сөздерді үйрету тәсілі ретінде де жиі пайдалануға болады. Мысалы, оқушыларға оқылым алдында белгілі бір тақырыпты ашатындай, яғни сол тақырыпқа қатысты он сөз тізбегін жазу тапсырмасы беріледі. Ондағы мақсат оқушылардың бұрыннан бар білімдерін жаңғырту, атап айтқанда білетін сөздерін қайталату және жаңа сөздерге баса назар аударту. Бұл тапсырма бойынша мұғалім оқылымнан кейін оқушы сөздерінің мәтінде кездесу не кездеспеулерін бірлесе талқылатады, кездеспеген жаңа сөздердің есте сақталуы үшін олармен сөздік жұмысын жүргізеді.
Оқушылардың оқылым дағдысын қалыптастыруда болжаудың түрлері өте көп ұшырасады. Оларға: мәтін ішіндегі бос орындарға қажетті мәліметтерді тауып қою (сөздерді), сюжетті желімен жазылған мәтін бөліктерін біртіндеп болжап оқу, әңгімені аяқтау, оқылым материалының тақырып аты бойынша оқылатын мәтін мазмұнын тексеру. Оқылым дағдысындағы болжам әдісі, сонымен қатар, оқылым алды, оқылым кезіндегі, оқылымнан кейінгі деп те бөлінеді. Сол себепті де болжату тапсырмаларының мақсаты да түрлі болып келеді.
Болжаудың сабақ барысындағы қолданылу мөлшері әрқилы. Себебі ол оқылым материалының мазмұны мен сабақтың мақсатына байланысты. Мәселен, ‘New English File’ студент кітабында абзацтары бірінен кейін бірін болжатып оқуға құрылған оқылым мәтіні берілген. Мұндай жағдайда болжау әдісі сабақ бойына татырлық жұмыс түрі бола алады. Мәселен, сабақ тақырыбын болжатып барып хабарлауға болады, оқылым бойында болжау әдісі қолданылады, оқылым соңында оқушыға мәтінді өз бетінше аяқтау тапсырмасын беруге болады (Үлгі ретіндегі сабақ қосымша тіркеледі). Демек, бұдан болжатып оқыту жай ғана сабақты қызықты етіп өткізудің амалы ғана емес екендігін көреміз. Болжау әдісі арқылы оқушылар өздерінің оқылым дағдыларының қандай деңгейде екендігін бағалай алады, өздерінің бұрынға білімдерін қаншалықты қолдана алатындықтарына көз жеткізеді. Болжау әдісі оқушылардың оқылым тапсырмаларын дұрыс орындап, өз жауаптарына сенімді болуларына себепкер болады.
Болжап оқытуды сәтті жүзеге асыруда көрнекі құралдардың да маңызы зор. Болжауға қатысты заттық көрнекіліктер мен карточкаларды, бейнематериалдарды, суреттерді пайдалану арқылы оқушыларды дұрыс болжауға бағыттай аламыз. Сондай-ақ, аталғандардың қатарында компьютерлік ойындардың да орны ерекше. Оларды сабақты қорытындылау немесе сабақ тақырыбын хабарлау мақсатында ұтымды қолдануға болады. Мысал ретінде Давид Тулганың «Picture Puzzle Prediction» сияқты компьютерлік ойындарын атауға болады.
Ойымды қорытындылай айтқанда, оқушылардың оқулықтарындағы оқылымды жүзеге асыруда болжау әдісінің маңызы өте зор. Оған өзге дағдыларға қарағанда оқылымдағы болжау әдісінің көптеп қолданылуы дәлел бола алады. Болжау әдісін сабақ кезеңдерінде қолданылуына орай және оқылым мазмұнына байланысты бірнеше түрлерге жіктейміз. Алайда, қайсыбір түрі болмасын оқушының түсінігін қалыптастыруға, сабаққа деген қызығушылығын арттыруға, ойлау қабілетін арттыруға, өз білімін бағалауға зор септігін тигізеді.