Қазақстанның тәуелсіздік алып, әлеуметтік-экономикалық жағынан нығая бастауы, ұлттық санасының қайта жаңғыруы жағдайында, тәрбиедегі озық дәстүрлерін бүгінгі қоғам талабын ескере отырып зерделеу көкейкесті мәселенің бірі болып табылады. Бұны Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Біздің бүгінгі қоғамымыз арды бағалайтын, белсенді, жоғары моральды, әдепті және рухани байлығы мол адамдардан тұруы керек. Қазақстанның бірегей халықтарының ұлтаралық және мәдениетаралық ынтымағы мен жетілуін қамтамасыз ете отырып, қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін сақтаймыз және дамыта түсеміз», – деген Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан байқауға болады.
Осындай тәуелсіз елімізде тұлымшағы желбіреп өсіп келе жатқан өскелең ұрпағымыз бар. Өскелең ұрпағымызды тәрбиелеуде, Ұлтымызды, сол арқылы адамзатты тәрбиелеген Ұлт Ұстаздарын тануымыз маңызды. Ұлтымыздың ұлы ұстаздары Төныкөк, Күлтегіннен бастау алып, Абай, Шәкәріммен негізі қаланып, Мағжан, Жүсіпбектермен жалғасын тапқан.
Сол ұлт ұстаздарының бірегейі ұзақ жылдар бойы «Ұлтшыл әдебиет өкілі» деген айып тағылып, жазықсыз жапа шеккен, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті қайраткерлерінің бірі, қазақ топырағында тұңғыш педагогика, психология, көркемөнер ғылымдарының саласында қалам тартқан, құнды-құнды ғылыми зерттеу еңбектерінің, бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы Жүсіпбек Аймауытов. Жүсіпбек Аймауытов азғана өмір сүрді. Сонда да көп нәрсені бастап, руханилық мазмұнының жаңа беттерін аша білді. Тар жол тайғақ кешуді басынан өткізіп, зұлымдық пен жақсылықты айыра білді. Жақсылық пен адамгершілік жеңсе екен деп армандады.
Адам мәселесінің өзегі, Жүсіпбек Аймауытовтың көзқарасы бойынша оқу-білім, тәрбиеге келіп тіреледі. Бірақ адамда руханилық пен адамгершілік жетіспесе, қандай жетістіктер де рахат пен ләззат әкелмейтінін ол былай көрсеткен: «Бұрын адам хайуан қалпында жүргенде тамаққа таласып, қандай алысып-жұлысса, бұл күнде жетіліп, мәдениетті болған адам да сол халден ұзап шыға алмай отыр. Мәдениеттің ілгері басқышындағы халықтар ғылымның жемісін зорлық, зомбылық, қиянат, озбырлыққа жұмсап отыр». Оқыту, тәрбие беруді кәсіби мамандығы сандаған қаламгер шығармаларында осы мәселелерге де көп көңіл бөлген. Оған былай деп мән береді. «Өнер, ғылым қаражатпен табылады. Өнер, білім қаражат табады. Қаражат жан асырайды, халықтың өнерлі болып жетілуіне де байлық керек, дейді ол. – Жалаңаш кедейге өнер үйрен деу – өгізбен жарысып бәйге ал деген сияқты. Надан болсақ та, бай болайық десек, ғылымсыз байлық баянсыз болмақ, бұлай болған соң, ғылым мен байлық екеуі де керек ғылым білімге қанады. Ғылымсыз білім сыңаржақ ғылым білімді ұлғайтады, ғылымсыз білім тым құрғақ, білімді орнына жұмсау керек. Білімді орнына жұмсайтын не? Ол – тәрбие», – дейді.
Сонымен, Ж.Аймауытовтың айтуынша, білімнің адамзат игілігіне жұмсалуы, жұмсалмауы тәрбиеге байланысты екен. Тәрбиесіз білімді адам сол білімін адамзаттың игілігіне де, сорына да оңды-солды жұмсай беруі мүмкін. Тәрбиелі, рухани әлемі толық адам ондайға бармайды, ол өз білімін орнымен, игілікке, адамзаттың гүлденуіне жұмсайды… Міне осындай ізгі ойларға жетелейді. Өзінің «Тәрбие» деген мақаласында адамның хайуаннан айырмашылығы жайында әңгіме қозғай отырып, адам бойындағы ұнамсыз мінез-құлықтарының барлығы тәрбиенің кемдігінен деп қорытынды жасайды.
Ол тәрбиешіге қоғамда өте үлкен маңыз береді, оны дәрігермен салыстырады да одан да жоғары қояды: «Адамдық көзбен тереңнен тексерсе, дәрігерден де тәрбиешінің көп болғаны артық. Дәрігер адамның денесін сауықтыратын болса, тәрбиеші адамның ақылын, мінезін, жанын сауықтырады», – дейді. Тәрбие мәселесін мемлекеттік дәрежеге көтеру қажеттігін терең түсінген ол: «Тәрбиешіге Отанның келешек өмірін тапсыруға болады, себебі, тәрбие нәтижесінде ақылды адам көбейсе — Отанның күзетшісі, қорғаны»,- деп атап көрсетеді.
Жүсіпбек Аймауытовтың гуманистік тұрғыдағы ағартушылық көзқарастары өзінің ірі шығармаларына да арқау болған деп ойлаймын. Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романын ең алғаш жоғары сыныптарда оқыдым. Керемет шығарма. Роман кейіпкерлері заман өзгерістерімен ілесе отырып қоғамдағы өз орындарын іздейді. Түптің түбінде дегендеріне жетеді. Романды кейін де бірнеше рет қайталап оқыдым. Ақбілектің жаңа заманмен қайта туғаны, білім алып дараланғаны, өз бақытын тауып (Балташы) басқа Ақбілек болып елге оралғаны менің жанымды ерекше күйге бөлейтін. Бала жүрегім сол Ақбілектей сұлу, сол Ақбілектей дара болуға құштар бола түсетін.
Бұл шығармадан алған әсерім – сол бір сурет. Ақ көйлек киген, басында ақ қалпақ, айдай сұлу Ақбілектің ақ параходта елге қайта оралу суреті. Ақбілектің өмірінің бақытты өмірге ұласуына деген балалық қуаныш сезімім, жанарым жасқа толып оқыған сәттерім әлі өзіммен бірге. Ұстаздың берген тәрбиесі деген осы емес пе!? Өшпейтін тәрбие, өлмейтін тәрбие. Ұстаздар қауымына Ж.Аймауытовтың мол мұрасын өскелең ұрпақты тәрбиелеуде қолдану бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміз үшін маңызды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Назарбаева С.А. «Өмір әдебі». – Алматы: «Атамұра» баспасы, 2001.-40б.
2. Аймауытовтың психологиялық еңбектері туралы // Алматы ақшамы. – Жарықбаев Қ.Ж. 1983, 22 қараша.
3. «Самопознание KZ»//Журналдар жинағы.– 2015-2017 жылдар