Сондықтан:
— Көрнекілікті көрсету барысында мұғалім оны керекті сөздермен түсіндіріп тұруы қажет.
— Көрнекілікті жай ғана көрсетіп қоймай, оны зерттеуде оқушының белсенді қызметі қажет.
Оқытудың психо-физиологиялық негіздерін қарастырсақ оқушыларды ақпаратты қабылдауына қарай 4 түрге бөлуге болады екен:
Аудиал – есту арқылы жақсы қабылдайды.
Визуал – көру арқылы жақсы қабылдайды.
Кинестетик – өз қолымен жасау арқылы не қимыл арқылы жақсы қабылдайды.
Дигитал – әртүрлі логикалық байланыстар, белгілер, мағына арқылы қабылдайды.
Әрине, бұл дегеніміз аудиал көрген кезде, ал визуал естіген кезде ештеме қабылдамайды деген сөз емес. Қытайдың атақты философы Конфуцийдың мынандай нақыл сөзі бар: «Естігенімді ұмытамын, көргенімді есте сақтаймын, жасағанымды түсінемін».
Ақпараттық-коммуникативтік технологиялардың жылдам дамуы, білім беру үдерісіне жедел енуі көрнекілікке деген ескі көзқарасты түбегейлі өзгертіп жіберді деуге болады. Осыдан 15-20 жыл бұрын ғана көрнекілік десе көз алдымызға қандай да бір суреттер, тақтаға ілінген плакаттар, мұғалімнің қолындағы журнал қиындылары, буклеттер, диафильмдер, кодоскоп елестеуі әбден орынды еді. Қазіргі заманда бұл көрнекіліктерді ескінің көзі деуге болатын сияқты. Мұндай қағаз бетіндегі көрнекіліктердің орнын біртіндеп сандық білім ресурстары (СБР) басып келеді. СБР – компьютер көмегімен жасалып, көрсетілетін кез-келген сандық ақпарат. Ол сурет не сызба, бейнефильм, әуен, слайдфильм т.б. болуы мүмкін. Осыған орай комьютердің мультимедиялық мүмкіндіктері деген ұғым да пайда болды. Мультимедия — дыбыс, бейне, сурет, жазу тағы басқа ақпарат түрлерінің бірігуінен туындайтын өнім. Және де компьютер (АКТ) оларды көрсететін әмбебап құрал. Мұндай көрнекіліктердің тағы бір ерекшелігі қанша уақыт өтсе де олар бүлінбейді, оларды жасау үшін ешқандай материалдық шығын қажет емес (алтын уақыттарыңыздан басқа). Көрнекіліктер тақырыптың мазмұнын ашып, терең білім қалыптастырады, бұрын қалыптасқан түсінікке жаңаша көзқараспен қарауға, танымдық белсенділігінің артуына әсер етеді. Көрнекілік затты не құбылысты есту арқылы көз алдына елестету, абстрактілі ойлау қасиеті төмен оқушылар үшін өте қажет.
Мұғалімдер арасында көрнекілік дайындауға көп уақыт қажет деген пікір бар. Әрине ашық сабақтар, қандай да бір тарауды қорытындылауда көрнекілікті көбірек қолданатынымыз рас. Бірақ күнделікті сабақта сәтті қолданылған 1 сурет, 1 сызба, 1 кесте, 1 карта, 1 макет арқылы, тақырыпты құр сөзбен ауызша баяндағаннан анағұрлым жеңіл, қызықты түсіндіруге болады. Көрнекіліктің шамадан тыс көп болуы да дұрыс емес. Кей жағдайда оқушылардың бар зейіні көрнекілікке ауып, сабақтың негізгі мақсат, міндеттері орындалмай қалады.
Мұғалімдердің көпшілігі бағдарламалық өнімдердің ішінен MS PowerPoint бағдарламасын жақсы көреді. Бірақ көптеген ұстаздар осы бағдарламаның мүмкіндіктерін толық пайдаланбайды. Слайд объектілеріне анимацияларды дұрыс қолдану арқылы әртүрлі қызықты тапсырмалар, түсіндірме сызбалар, ұғымдарды есте сақтауға арналған тірек белгілерді өте тиімді көрсетуге болады.
Мысалға қандай да бір ұғымды жасырып «Ғажайыптар алаңы» ойынын ойнауға болады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұл жерде барлығы мұғалімнің қиялына, шығармашылығына байланысты.