+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Бейсенбi, 29 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

«Менің әріптесім – 21 ғасыр педагогінің жарқын үлгісі»

Эссесінің авторы Ахмадиев Адлет Амангельдинович.,

«Өскемен медициналық  колледжі» КМҚК директоры ,

Өскемен қаласы (1 орын)

Мектеп қабырғасынан бастап «орыс тілі мен әдебиеті» Роза Дуйсембекқызы Баянғазинаның жақсы көретін пәніне айналған екен. Осы пәннен сабақ берген ұстазының әр сабағы жадында мәңгі сақталып қалғандықтан, мектептен соң ұстаздық жолды қуған. Қызықты да әсерлі өткізілетін сабақтан соң А.Пушкин, М.Лермонтов, А.Блоктың өлеңдерін, Л.Толстой, И.Тургенев, М.Горький шығармаларын бас алмай оқып, әдебиет саласына шынайы көңіл аударған.

 

Ал, әкесі Дүйсембек Ишимбайұлы болса: «Қыз балаға табылмайтын мамандық – ол ұстаздық!», —  деп есептеп, отбасындағы төрт қызын  бірдей мұғалімдік  мамандық алуға баулыған көрінеді. Оның үстіне  аналары Нағима Әкемиқызы да барлық саналы ғұмырын   ұстаздық жолдан таймай, қызметін абыроймен атқарып, мектеп табалдырығын алғаш ашқан шәкірттерді үйретуден жалықпай, біліммен сусындатып, саналы тәрбие берген адам.

Р.Д. Баянғазина еңбек жолын Тарбағатайдағы Ақмектеп ауылында  «Ленин жолы» мектебінде бастап, кейіннен аудан орталығы, Ақжар ауылындағы Абай атындағы орта  мектебінде жалғастырды. Жасыратыны жоқ алғашқы жылдары жас маман талай қиыншылықтарды бастан өткізді, жоғарғы сыныптарда тәртібі қиын оқушылар мұғалімнің жастығын пайдаланып сабақ үстінде түрлі қиыншылықтар туғызған көрінеді. Осындай сәттерде үйге келіп талай кейіген, көз жасын төккен да кездері болған. Алайда, азын аулақ тентектерге өкпелеп, тонын отқа тастамаған. Ертеңінде көздері жаудыраған періште сияқты шәкірттерінің жанарларын көргенде, барлық реніштерін ұмыт қалдырған. Ал, сабаққа деген олардың ынталарын байқағанда, бойға жаңа күш бітіп, қосымша жігер пайда болып, жұмысқа қайта құлшына кірісетін.

Үнемі іздену  қажеттілігі туындағандықтан, оған қосымша әдебиеттерді оқу,  еш ерінбестен еңбектену қиындық тудырмаған. Кейіннен,  тіпті «тентек» оқушыларың өздері де сабаққа ынта қойып, ұстазының әр нәрсеге жауапкершілігін, талап қоя білетіндігін  сезініп, сөзін екі етпей сыйлайтын болған. Мұны, әрине, қажырлы еңбектің, күнделікті ізденістің арқасы екенін Роза Дуйсембекқызы жақсы түсіне білді.

Бірде, Абай атындағы орта мектебін аттестациядан өткізу мақсатында облыстық комиссия тексеру жұмыстарымен ауылға келді. Тексеру жұмыстары барысында жоғары сынып оқушылары Роза Дуйсембековнаның жетекшілігімен М.Горькийдің  «Мать» атты шығармасынан  үзіндіні сахналайды. Шәкірттер ұстаз апайларының көңілінен шығып, өз рөлдерін жақсы ойнап шыққан. Комиссия басшысы, бүкіл облысқа танымал тәжірибелі әдіскер-ұстаз Римма Маратовна Войцик осы іс-шара аяқталғанда өзінің жылы лебізін білдіріп:  «Поставить на сцене,  здесь в глубинке,  произведение  М. Горького    такому молодому педагогу, с учениками,  для которых русский язык не является родным – это большой труд. Вы будете хорошим учителем. Молодец!» — деп алғысын білдірді.  «Римма Маратовнаның осы сөздері маған,  үш жыл  ғана өтілі бар мұғалімге берген «ақ батасы» іспетті болды десем артық емес сияқты», — деп есіне алады ұстаз. Аттестация қорытындысы бойынша «Құрмет Грамотасына» ұсынылған Р.Баянғазинаның, бұл ұстаздық жолындағы алғашқы жеңісі еді…

Әскери адамның жұбайы болғандықтан  облыс көлемінде бірнеше рет отбасымен көшіп-қонуға тура келген. Қоныс аударған сайын,  әрдайым жұмысты қайта бастау қажет екендігі белгілі. Өйткені, қысқа  мерзім ішінде қолынан іс келетін, өз мамандығын жақсы меңгерген білікті маман екендігін дәлелдеу қажеттілігі үнемі туындайды. Осындай жағдайда, қандай да болсын ұсынылған тапсырманы шығармашылықпен, белгіленген уақытта, аса жауапкершілікпен орындауға бейімделіп, дағдыланды.   

Роза Дүйсембекқызының келесі бес жыл қызметі облыс орталығы Өскемен қаласындағы Ленин атындағы қазақ мектеп-интернатымен тығыз байланысты болды.  Осы тұста қалада бар жоғы екі ғана қазақ мектебі бар еді. Аталмыш интернатта шалғайдағы жұмысшы-малшылар қауымының балалары оқып, білім алатын. Мұғалімдерге қойылатын талап та өте жоғары деңгейде болды. Мектеп директоры Г.С.Садыков көпті көрген, еңбек тәжірибесі аса мол басшы  болған. Ұжымға, облысқа кең танымал, майталман ұстаздармен (Н.Сандыбаева, К.Нұғыманова, А.Көшерова, Г.Сағидолдина, Н.Жакупова, С Адамбекова, Ф.Шаріпжанова, Л.Манапова) қоян-қолтық жұмыс істеп, көп нәрсені  көрді, үйренді, озық тәжірибе жинақтады. Жас ұстаздың білікті маман ретінде қалыптасуына, айтулы қара шаңырақта қызмет еткен тәжірибелі ұстаздарының ықпалы зор болғандығы рас. Оған қоса, Белоруссия Республикасының астанасы Минск қаласында Кеңестер Одағы көлемінен жиналған ұстаздар құрамында екі рет ұзақ мерзімді стажировкада болып кәсіптік білімін көтеріп қайтқандығы бар. Бұл  курстарда оқып, алған білімі, көрген — білгендері ұстазға көп азық болды. Минскіде әр республикадан  жиналған мұғалімдер қауымы өз білімдерін  көтеріп қана қоймай, Европа елдерінің мәдениеті, рухани байлықтарын бойына сіңіруге үлкен мүмкіндік алды. Опера, балет қойылымдарын, драмалық театрдағы спектакльдерді тамашалады. Түрлі музейлер мен тарихи орындарды аралап, көптеген танымдық мағлұматтар жинақтады.

1987 жылы Күршім ауданына қоныс аударған кезде, аудан орталығындағы №3 мектебіне жұмысқа орналасты.  Осы ұжымда істеген  жылдары  «Жыл мұғалімі», облыстық педагогикалық оқулар сайысына қатысты. Аудандық білім бөлімінің жетекшілерімен бірге алыста жатқан  ауылдарды аралап,  шалғайдағы мектептерде, бейтаныс сыныптарда сабақ та берді. Сол кезеңдерде осындай тәжірибе алмасу дәстүрі қалыптасқан болатын. Осындай шығармашылық жұмыстар ұстаздарды жаңаша жұмыс істеуге, белсенді әдіс-тәсілдерді шыңдап, оны қолдануға көмектесті. Мектеп директоры С.Ботаханов  ұстаздың   жұмысына лайықты оң бағасын беріп отырды. Бесжылдық  жұмыс  нәтижесі бойынша мектеп   ұжымы Р.Баянғазинаны  ҚР Білім Беру Министрінің «Құрмет Грамотасына» ұсынды.

Келесі мекен — жай көне Зайсан  қаласы болды. Бұл кез (1992 жыл) «қайта құру» мен «жарияшылықтың» белең алған кезеңі еді, басқа алыс-жақын елдермен  тығыз байланыс  басталған уақыт. Зайсандағы  Ю.А.Гагарин атындағы  қазақ-американ мектебінде  ұстаздық жұмысын жалғастырды. Мектеп ұжымын мықты ұйымдастырушы, адами қасиеті аса жоғары А.С.Закиев деген ағамыз басқаруда екен. Мектеп ұжымы білімді кадрлармен шоғырланған, ұйымшыл, белсенді, қайырымды, мейірімді жандар болды. Бұл жаңа ұжымда да  қолынан іс келетін, жүйеленген  іс-тәжірибесі  мол ұстаз екендігін   көрсете білу қажет болды. Сондықтан, оқушылармен жаңа  сабақ түрлерін, дәстүрлі емес жұмыс формаларын қолға алды. Оқушылардың  шығармашылық жұмысы арқылы өз беттерімен еңбек ету дағдыларын қалыптастыру жолында түрлі ашық сабақтар өткізіп,  сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастыра білді. Брей-ринг, аукцион, бинарлық сабақ, конференция, экскурсия сабақ түрлерін қолға алып, әріптестерімен тәжірибе бөлісті. Республикалық әдістемелік журналдарда бірнеше мақалалары баспадан жарық көрді.

Роза Дүйсембекқызы 1998 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі»  төс белгісімен марапатталды. 

2000 жылдары қоғамымыздағы  болып жатқан елеулі өзгерістер білім беру саласына өз ықпалын тигізбей қоймады.  Облыс орталығында жаңа типтегі  білім беретін мектептер құру қажеттілігі  туындады.  Сол тұста жаңа типтегі білім беру жүйесі қандай болу керек деген сұрақтар барлық  ұстаздарды толғандырған. Осы тұста Өскемен қаласының № 3 мектебі  алғашқылар қатарында көпсалалы мектеп-гимназиясы болып жаңа типтегі мектепке  бетбұрыс жасады. Ал мектеп ұжымы болса, осы бағытта жұмыс жасауда ұйымшылдық, алғырлық, білімділік таныта білді. Оқушылардың ойлау қабілеттерін дамыту, негізгі ойлау әрекеттерін қалыптастыру арқылы білімді саналы және сапалы меңгеруге үйретуде алда болды. Алға қойылған мақсат пен міндетті орындау үшін әр ұстаз көп ізденіп, шығармашылықпен  айналысып, жаңаша жұмыс атқару қажеттілігіне сай қызмет атқарды. Осы қысқа мерзімде Роза Баянғазина гимназия сыныптарына арнап көптеген оқу – әдістемелік құралдарды әзірлеп үлгерді: «Русский язык для школ с государственным языком обучения»  (5-6 класс),    «Задания для олимпиады  по русскому языку» (9-11 классы), «Внедрение регионального компонента  в содержание литературного образования  в школах с государственным языком обучения» т.б. әдістемелік-оқу құралдарын дайындап, баспадан шығарып облыс және қала мектеп мұғалімдеріне әдістемелік көмек ретінде ұсынды. Бүгінгі таңда  оннан астам оқу-әдістемелік  құралдары кең қолданыста жүр.

Сол жылдары Өскемен қаласында қазақ мектептеріндегі орыс тілі пәні оқытушыларының  «Әдістемелік бірлестігі» құрылды. Құрамында 45-тен  аса ұстаздар топтастырылып, оған басшылық ету Р.Д.Баянгазинаға  жүктелді. Бес  жыл ішінде бірлестікте талай қызықты іс-шаралар өткізіліп, озық тәжірибелер жинастырылды, пәндік олимпиадалар мен семинарлар, ғылыми-ізденіс жұмыстары жүргізілді. Проблемалық тақырып бекітілді («Использование регионального компонета в содержание литературного образования»), соның шеңберінде қала деңгейінде  көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды. Ұстаздар қауымы  аймақтық компонентті оқытуға арналған  көптеген оқу-әдістемелік құралдар шығара бастады. Бұл жұмыстар бүгін де  жалғасын табуда.

Баянғазина Р.Д. «Шығыс Қазақстан облыстық оқытушылар білімін арттыру институтының» лекторы ретінде бірнеше жыл бойы жас мамандарға дәріс оқып келді. Іздемпаз, жаңашыл ұстаз көп жылғы шығармашылық еңбегі үшін облыстық білім беру басқармасының, қала әкімінің «Алғыс» хатының иегері атанды.

Кейіннен, Роза Дүйсембекқызы он үш  жыл бойы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ көпсалалы колледжінде оқу – әдістемелік жұмысына жетекшілік етті. Білім саласында еліміздегі болып жатқан қоғамдық үрдістерге белсене араласып, озық тәжірибелер мен инновациялық технологияларды пайдаланып, әріптестерімен бірге болашақ мамандарға заман талабына сай білім беруге ат салысты. Бұл қызметте де ол білім биігінен көріне білді. Аталмыш  білім ордасының беделін арттыруға адал қызмет етті. Ол ұстаздық жолда жинақталған мол іс-тәжірибесін жас ұстаздарға үйретуден жалыққан емес. Ұжым директоры, тарих ғылымының кандидаты, білікті басшы Фархад Сақанұлы Құрмановтың басшылығымен колледж бірнеше рет республикалық  экперименталдық алаңына айналып,  ғылыми – эксперименталдық  жұмыстар жүргізді. Осы эксперимент нәтижесінің қорытындысы бойынша Өскемен, Алматы, Қарағанды  қалаларында өткізілген республикалық семинарларда Роза Дуйсембекқызы жиналған іс-тәжірибелерін ортаға салды. Өзі қатысқан конкурстардан жүлдесіз қалған жоқ. Қазіргі кезде білікті ұстаздың 15 ғылыми мақалалары  түрлі баспа беттерінде басылып шықты, ал алған әр түрлі деңгейдегі марапаттары мен алғыстарының саны жетерлік.

Қазіргі таңда Роза Дуйсембекқызы Өскемен медициналық колледжінде еселі еңбек етуде. Халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми конференцияларға белсенді түрде қатысып тұрады. Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан іздемпаздық пен шығармашылық, педагогикалық шеберлігімен ерекшелене білген тамаша тәлімгер, жас оқытушыларға үлгі болар жан. Қырық жыл кәсіптік өтілі бар нағыз ұстаз!

Әңгімеге арқау болып отырған апайымыз уақытымен санаспай өз шәкірттерімен үнемі тығыз байланыста. «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау», деген қағиданы берік ұстанған тұлға. Жаңа технологияларға негізделген мастер-класс, семинарлар өткізіп тұрады. Колледж студенттері Республикалық  «Доброта спасет мир» атты конкурсқа, облыстық шығарма, диктант сайыстарына қатысып жүлделі орындарга қол жеткізуде. Олардың жетістіктері ұстазға жаңа шабыт пен қуаныш силайтыны айқын.

 «Ұстаздық деңгейіңді үнемі шыңдамай, ерінбей еңбек етпей,  ізденбей, оқушыларды жақсы көрмей, олардың ішкі нәзік дүниелерін етене түсініп,  ерекше сезінбей, мықты ұстаз болып қалыптасу мүмкін емес!» — деп ойлайды қадірменді ұстаз.

Толығымен қолдаймын, оған дәлел: жоғарыдағы атқарылған істер… 

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype