Осындай ұстаздардың бірі – менің әріптесім –Жакиянова Жанна Мәдениетовна. Ұстаз болу оның бала кезінен арманы еді. Себебі асқар таудай әкесі де ұстаздық жолды өз жүрегімен қалап алған. Әкесінің өз ісіне, шәкірттеріне деген сүйіспеншілігін көріп өскен Жанна сол кезден- ақ ұстаз – мектептің айнасы, бәйтерегі екендігін жете түсінді. Ұстаздық мамандықты таңдау үшін батылдық керек. Себебі қаншама шәкірттің тағдыры, болашағы, оның тәрбиелі де білімді тұлға болып қалыптасуына бірден –бір жауапкершілікте болатын –ұстаз. Шәкірт болашағы –ұстаздың қолында.
Жанна Мәдениетовна да әке жолын жалғастырып, қиыны мен қуанышы мол мамандықты батыл шешім қабылдап таңдап алды. Мұғалім мамандығын таңдап, еңбек еткеніне де табандай 32 жыл болып қалыпты. Қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған ұзақ еңбек жолындағы Жаннаның өмірілік ұстанымы — әрқашан шығармашылық ізденісте, ой қозғалысында болу.
Менің әріптесіме тән ең ең бірінші қасиет-баланы құрметтей білу. Оның адамгершілік ар-ожданын, намысын, тұлғасын жасына қарамай құрметтей білуі, силауы. Жанна өз оқушыларына бар білімін, өзінің жақсы қасиеттерін үлкен шеберлікпен сіңдіре біледі.
Нағыз ұстаз өз ісінің майталманы, рухани күш -жігері мол, парасатты болуы тиіс. Бұл –әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет.
Осындай қасиеттерінің арқасында Жанна Мәдениетовна талай жетістіктерге жетіп, ұстаздық мамандықтың биік шыңдарынан көріне білді.
Ол 2013 жылы Шығыс Қазақстан облысы мұғалімдерінің Даңқ Кітабына кірді. Қазақстан Республикасы Білім Министрлігінің грамотасымен марапатталды. « Менің үздік сабағым» республикалық конкурсының жүлдегері (3 орын) болды. «Жаңашыл ұстаз» сайысының жеңімпазы, «Жыл мұғалімі» атағын иеленді. Сонымен қатар, қалалық, облыстық, республикалық басылымдарда өз іс-тәжірибесімен әрдайым бөлісіп тұрады.
Сондай –ақ, ұстаз күнбе-күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әртүрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын –ала сезіп, болжап және оның шешімін табуға дайын болуға тиіс. Мейірімге толы ұстаз жүрегі шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре біледі. Мектептегі ұстаз –баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтейтін жұлдыз.
«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас ,
Үйретуден балаға» – деп, ұлы Абай атамыз айтқандай, егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе?!
Жаннаның да көптеген шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық іс-шараларда, пән бойынша өтілетін жарыстарда биіктерден көрініп, жүлделі орындарға ие болуда. Атап айтсам, Аксенов Антон (Қайрат оқулары, 1 орын, Серикова Алина (Абай оқулары,2 орын) Отческая Татьяна, Талгатбекова Ислана (Қайрат оқулары, 2 орын) Твердохлеб Вадим, Баранова Вероника, Лейнинг Алина, Ахмадиев Артур және тағы басқалар.
Бүгінде Жанна Мәдениетовнаның түлектері егемен еліміздің толыққанды азаматы болып, мамандықтың әр саласында адал еңбек етіп жатыр. Олардың біреулері — дәрігер, әскери қызметкер, программист, ұстаз болса, екіншілері –механизатор, омарташы, жүргізуші, енді біреулері өз білімін жеке кәсіпкер ретінде пайдалануда. Олардың осындай маман иелері болып, Отанына адал еңбек ете отыра қол жеткізген әр жеңісі – ұстазының жеңісі. Алдындағы шәкірттерінің шексіз сүйіспеншілік пен құрметке толы мейрімді жүздерін көргенде, Жанна барлық ауыртпалықты ұмытып, олардың жүректеріне барлық нәрін дарыту үшін еңбектенуге ынтығады.
«Осы ұстаз атына мен саймын ба? Жаңарған, жасарған қоғамда ұстаз міндетін қалай атқарып жүрмін?» деген сұраулар әр мұғалімді толғандыратыны сөзсіз. Жаннаның өмірдегі бақыты –жүрек қалауымен ұстаз болуы. «Өмірге үлкен мақсаттар қойып, талапшылдықпен, мақсаткерлікпен алға аттасам –бұл менің өмірімнің ең шынайы әрі ғажайып мәні. Өйткені мен –ұстазбын, келешек ұрпақтың сәулетшісімін. Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын. Ұстаз ретінде мен тек қана жалаң білім беріп қоюмен шектелмеймін, алдыма келген әр баланың ішкі дүниесін ұғып, оның жүрегіне жол таба білуге тырысамын» деген әріптесімнің сөзі әрдайым менің жадымда, мен онан үлгі аламын.
Ұстаздардың ішінде қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімінің қазіргі қоғамымызда жүгі ауыр. Себебі болашақ ұрпаққа мемлекеттік тілді үйрету – қазақ тілі мамандарының міндеті. Бұл міндетті жемісті орындау үшін, менің әріптесім Жанна да оқушының пәнге деген қызығушылығын артыру үшін оқытудың көптеген әдіс- тәсілдерін алып, өз іс- тәжірибесінде ұтымды пайдалана білуге тырысады.
Оқушылардың пәнге қызығушылықтарын оятып, ынталарын арттыру мақсатында өз сабақтарында коммуникативтік технологияның әртүрлі түрлерін қолданады: рөлдік ойындар, сұхбаттар, сайыстар, саяхат сабақтар, ұжымдық шығғарма жұмысы, түрлі тақырыптарға байланысты суреттермен жұмыс. Топтық, жұптық жұмыс түрлерін жиі қолданады, себебі бірлесе жұмыс істей отыра оқушылар бір-бірінен үйренеді, тілдерін жетілдіреді, өз жұмыстарына қанағаттанып, өз жұмысын, білім деңгейін көреді.
Ұстаздық атты ұлы шыңға көтерілу үшін өмір бойы оқисың. Бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан –жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткізе аламыз. ХХI ғасыр –білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой –өрісі дамыған, зерделі, жан –жақты дамыған, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәт те естен шығармағанымыз жөн. Жанна заманға сай болып жатқан жаңалықтардан қалыспай, оқудан жалықпайтын жан. Ол өзін-өзі әрдайым дамытып отырады. Жаннаның бойында мейірімділік пен оптимизм, қанағатшылдық , адалдық, адамгершілік қасиеттері тұнып тұр.
«Мұғалімдер- қоғамның ең білімді, ең отаншыл, білгілеріңіз келсе, ең «сынампаз» бөлігі болып табылады», – деп Елбасы Н. Ә. Назарбаев бекер айтпаса керек. Сондықтан да бүгінгі таңда тәуелсіз елімізге білікті маман, өз ісінің шебері қажет.Қазіргі талаптарға сай мұғалімдерге қойылатын талап білім мен тәрбиені ұштастырумен қатар – педагогтардың жаңа технологияны меңгере білуінде және оны өз тәжірибесінде қолдана алуында.
Осыдан шығарар қорытындымыз: әрбір педагог мұғалім мамандығын таңдап алған соң, ол жауапкершілігін бірге ала жүруі керек.
Жанна Мәдениетовна — өз пәнін ғана емес, дүние сырын, қоғамдағы өзгерістерді, адам мінездерін, өнердің қуат әсерін білетін жан. Оқушыларын тек біліммен қаруландырып қана қоймай, назарын, білгендерін жадында сақтауға, қабілетін, ойлауын, тіл шеберлігін ұштауға, дүниеге деген құштарлығын, өмірге деген көзқарасын дұрыс қалыптастырып, ықыласын, сенімін, төзімділігін, іскерлігін, ізденімпаздығын тағы басқадай танымдық қасиеттерін жетілдіріп, адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеуді өзінің өмірлік мақсаты, ізгілік мұраты деп санайтын адам.
Міне, Ұстаздық жолдан таймай, өз шәкірттерінің жетістіктеріне қуанып, өз мамандығынан шын бақытын тапқан менің әріптесім Жанна Мәдениетовна ХХІ ғасыр педагогінің жарқын үлгісі болатын адамдардың қатарында екеніне сенімім мол.
Ұстаздардың төл мерекесі қарсаңында мына бір жыр шумақтарын әріптесіме арнағым келеді:
Әр сабағың өтіп жатыр білінбей,
Перне басқан оркестрдің үніндей.
Әр баланың жүрегіне жол тауып,
Тұрасың сен дирижер боп күлімдей.
Қас-қабағын қалт жібермей шәкірттің,
Қарайсың –ау нұр жүзіне сүйсініп
Жалын атып, от боп бірге жанасың,
Білім беріп, содан бақыт табасың.
Бар өмірің өрнектеліп шәкіртпен,
Жасарып бір мәңгі жас боп қаласың!
