Мектепке дейінгі кезең — бала дамуының алғашқы баспалдағы. Бұл кезеңде баланың ой-өрісі, тәрбиесі қалыптасады. Балабақшадағы тәрбие- бала табиғатына ерекше әсер етеді. Балаларға берілетін ұлттық тәрбие-барлық тәрбиенің бастауы. Бала бойындағы жақсы қасиеттерді ,барлық мүмкіндіктерін ашып, олардың өнегелі, мәдениетті, сыпайы, тәрбиелі болып өсуіне балабақшаның маңызы өте зор. Оларды жүзеге асыру балабақшадағы тәрбиеші- педагогтардың басты міндеттерінің бірі. Халықтық тәлім-тәрбие – бұл ұлттық мәдениеттің бір бөлігі. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан халқымыздың игі салт-дәстүрлері, халық ауыз әдебиеті, жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін қалыптастырады. Адамды адам еткен тәрбие болса, сол еңбекті ұрпағымызға үйретіп, адамгершілікке, Отансүйгіштікке, адалдыққа баулыған халқымыздың танымдық, тәрбиелік салт-дәстүрлері.
Балабақшамызда барлық тәрбиелеу мен оқыту үрдістері мемлекеттік стандарт талаптарына сай жүргізіледі. Балабақшамызда бала бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға көп көңіл бөлінеді.Қазақ этнопедагогикасының қазақ балалар фольклоры: салт-дәстүрлер ,ұлттық өнер, халық ауыз әдебиеті, ұлттық ойындар, ұйымдастырылған оқу қызметінде жиі қолданылып отырады. Балабақшадағы баланың негізі іс әрекеті ойын болып табылады. Халқымыздың ұлттық ойындары балалар үшін үлкен тәрбие, өнеге. Балалармен жас ерекшеліктеріне сай ұлттық ойын түрлері: «Көкпар», «Орамал алу», «Тақия тастамақ », «Алтын қақпа», «Ақ серек-Көк серек», «Айгөлек», «Ақ сандық — Көк сандық», «Ақ сүйек» ойындары ойнатылады. Бұл ойындарды ойнату арқылы баланы тапқырлыққа, жылдамдыққа, шапшаңдыққа, икемділікке, батылдыққа үйрету іске асырылады. Қазақтың ұлттық ойындары ата – бабамыздан бізге жеткен, өткені мен бүгінгісін байланыстырған баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз.
Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін оятады. Ең бастысы ата-бабадан қалған өнер мен өнеге үлгілерінің лайықтыларын баланың сана сезіміне құйып, ойын арқылы бойына сіңіріп, оларды әдептілікке, мейірімділікке ізеттілікке, туысқандық пен бауырмалдыққа, үлкенге — құрмет, кішіге – қамқорлыққа баулып, адамдық қасиеттерді ұғындыру, қалыптастыру болып табылады. Адам баласы дүниеге келгеннен бастап, үнемі салт-дәстүр аясында өседі. Сол себептен балабақшамызда ұйымдастырылған тәрбие жұмыстары осы негізге бағытталады. Балабақша ішіндегі жоспарланған іс-шараларға үнемі ұлттық тәрбие элменттері қосылып, ұлттық салт дәстүр насихатталады.
Ұлттық тәрбиенің өзі күнделікті барлық оқу қызметінде баланың бойына сіңе бастайды. Ол үшін біз балаларға салт-дәстүрлерді жай ғана үйретіп қана қоймай, олардың тәрбиелік түп-тамырын, мәнін, алтын діңгегін түсіндіре білуіміз керек. Сондай-ақ жыл сайын дәстүрлі түрде наурыз айында өткізілетін «Наурыз келді еліме !» атты апталық барысында ересек, ортаңғы топтар арасында «Салт-дәстүрім — алтын қазынам» атты мерекелік іс- шаралар өткізіліп, ұлттық дәстүрлер мұрасын қадір тұту мақсатында «Бесікке салу», «Тұсау кесер» , «Атқа мінгізу» сияқты салт-дәстүрлерді балалар өздері сахналап, оның мәні мен мағынасын түсінуге тырысады. Халықтық педагогиканың бір саласы баланы шешендікке, ісмерлікке, адамгершілікке тәрбиелеу болып табылады, осы орайда балабақша топтарында «Ұлттық бұрыштар» жасақталып, онда ұлттық бұйымдармен (сандық,сырмақ, киіз үй, қамшы,асық ) ұлттық киімдер жинақталады.
Балабақшамызда балаларды ұлттық өнерге баулуда «Оюлар сыр шертеді». «Ұлттық киімдер» тақырыбында оқу қызметі, үйірме жұмыстары жүргізіліп отырады. Балалар ұлттық киімдермен танысып, олардағы ою-өрнек: «Қошқармүйіз», «Құсқанаты», «Түйетабан», «Су өрнегі» түрлерін ажырата біледі. Балаларға ою- өрнек түрлерін өздерінің жас ерекшелігіне сай қалай қиюды, суретін салуды, бояуды үйретеміз. Бұл біріншіден баланың қол маторикасын дамытса, екіншіден ою-өрнектің де балалардың ой-өрісі мен білімдерін жан-жақты дамытуға әсері мол. Балаларға ұлттық тәрбие бере отырып Отанға, еліміздің мәдениеті мен өнеріне деген қызығушылығын арттырамыз. Бала бойына ұлттық тәрбиені қалыптастыруда қазақ халқының ауыз әдебиетінің маңызы өте зор. Қазақ ауыз әдебиеті – талай ғасырлардан келе жатқан асыл мұра.
Одан халқымыздың өткенін білеміз. Қазақтың мақал-мәтелдері болсын, жұмбақ- жаңылтпаштары мен ертегілері болсын – бәрі де балаларды Отанын сүюге, ерлікке, елін қорғауға үндейді. Қиял дүниесінен туған ғажайып оқиғалы ертегілер, батырлар жыры, өмір тәжірибесінің қысқаша қорытындысы – мақал-мәтелдер, ойға түрткі салатын сыр сандықты жұмбақтар, қиыннан қиыстырылған тақпақ жаңылтпаштар- бәрі де балабақшамызда кеңінен қолданылады. Мысалы; «Отан оттанда ыстық, жалыны бар шоқтанда ыстық», «Туған жер – алтын бесік» сияқты мақал-мәтелдерді балаларға жас ерекшелігіне сай үйрете отырып олардың мағынасын түсіндіреміз. Осындай мақал-мәтелдер арқылы балаларды туған жерін, Отанын сүйе білуге тәрбиелейміз. Қазақ халқының тұрмыс-салтын, арман үмітін, өткен өмірін кеңінен танытатын ауыз әдебиеті үлгілерінің көлемді саласының бірі – ертегілер.
Ертегінің өзіндік құрылысы, көркемдік ерекшелігі бар. Қандай ертегіні алсақ та, ол белгілі бір сюжетке құрылады, оқиғаның желісінің басталуы, оқиғаның өрбуі, аяқталуы, өзіндік шешімі болады. Ертегі баяу басталып, оқиға желісі күрделене түседі. Балабақшамызда жұма күндері театр ұйымдастырылып, балалар жас ерекшеліктеріне сай ертегі образдарын өздері ойнап, сахналайды. «Алдаркөсе мен бай», «Мақта қызбен мысық» сияқты халық ертегілері арқылы балалар кейіпкердің жағымсыз әрекетінен бой тартып, жақсылыққа, шыншылдыққа ұмтылады. Халық ауыз әдебиетінің қай түріне тоқталсақта балалар үшін тәлім-тәрбиесі мол. Ауыз әдебиетінің асыл үлгілеріндегі өзекті идея өз ұрпақтарын Отанын, елін, жерін жаудан қорғауға, бостандықты, азаттық үшін күресе білуге, париотизмге баулып, ұлттық тәрбиені бойына сіңіруге ықпалы зор.
Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елімізге, жерімізге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр.Бала тәрбиесі ана құрсағынан бастау алса, балабақшада қалыптастырылып , оны білім теңізінің мектеп атты кемесінде ұлттық құндылықтарымызбен жетілдіру өте маңызды. Балабақшада ұлттық тәрбие енгізу арқылы біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіретініміз айдан анық.Балалабқшада балаларға ұлттық тәрбие берудің маңыздылығы осында деп ойлаймын. Ұлттық тәрбие сана –сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі.

Пайдаланған әдебиеттер:
1.Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы. — Алматы, Санат, 2001.
2.Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиетi. – Алматы; ҚМОП баспасы, 2010.
3.Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазастан жолы-2050: бір мақсат, бір мүде, бір болашақ» 2014ж 17 қаңтар
4.Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырыдамасы.
5. «Бала мен балабақша» журналы.№4,2017 ж
6. «Бала мен балабақша» журналы. №11,2016ж