Балабақшада балаларды еңбекке тәрбиелеу мынадай негізгі міндеттер арқылы жүзеге асырылады:
• Үлкендердің еңбегімен таныстыру және олардың еңбегіне кұрметпен карауға тәрбиелеу.
• Қарапайым еңбек іскерлігімен дағдыларын үйрету.
• Еңбек сүйгіштікке және дербестікке тәрбиелеу.
• Ұжым үшін еңбектене білуге тәрбиелеу.
Балабақшадағы еңбек тәрбиесі – бала үшін ең маңызды әдістердің бірі. Өйткені кішкентайынан еңбекке үйренген бала өз ісіне жауапты, ұқыпты, өз-өзіне қызмет ете алуымен ерекшеленеді. Балабақшада тәрбиеші балалардың еңбек дағдысын үйрету барысында балалардың бойында шамасы келетін нәрсенің бәрін өз бетінше дербес орындау ынтасын қалыптастыра білуі керек . Істеген істерін мадақтап, ақыл кеңестер беру арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың бойында еңбекке деген қызығушылыктарын арттыруға болады. Балаларды еңбекке баулуда балабақшамен отбасының ынтымақтастығы өте тиімді .Ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста болып, бірігіп жұмыс істеу арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың бойына еңбек тәрбиесін қалыптастыруға болады. Балабақшаның әрбір топтарында ата-аналарға арналған бұрыштары бар. Ол бұрыштарда ата-аналарға бала тәрбиесіне байланысты: «Ата-аналар бұл сіздер үшін» , «Баланы еңбекке баулуда ата-ананың ықпалы» тақырыбында педагогикалық ,психологиялық кеңестер беріліп тұрады. Таңертеңгілік бала бақшаға келгенде, кешкісін қайтқанда балалардың өздері киініп-шешінуге мүмкіндік берулері ата-аналарға үнемі ескертіліп отырады.
Балабақшамызда еңбек тәрбиесі жақсы жолға қойылған. Балаларды қарапайым еңбек түрлеріне үйретеміз. Баланың өз-өзіне қызмет ете білуінің өзі еңбекке жатады. Тобымыздағы балалар өздерінің жас ерекшелігіне сай өздігінен тамақтанады, ойнаған ойыншықтарын жинайды, киімдерін жинайды. Бұның өзі балалар үшін өте үлкен еңбек.
Мектеп жасына дейінгі балаларды еңбеккке баулу арқылы баланың есте сақтау, көру, сезіну қабілеттері арта түседі. Баланың әр жасаған еңбегін, қылығын мақтап, мадақтап отырамыз. Мысалы: Жарайсың, бәрекелді, өте жақсы, керемет деген сөздер баланы еңбек етуге деген қызығушылығын оятады.
Мектеп жасына дейінгі балаларды ойын арқылы еңбекке баулудың маңызы өте зор. Балабақшада балалармен желілі-рөлді «Дәрігер», «Шаштараз», «Аспазшы», «Мұғалім» ойындарын ойнатамыз. Мысалы: «Дәрігер» ойынын ойната отырып балаларды қайырымдылыққа, адамгершілікке, дәрігердің еңбегін бағалай білуге, еңбексүйгіштікке, мамандыққа қызығушылығын арттыруға тәрбиелейміз. Сондай-ақ балалармен «Қуыршақтарға арналған дастархан» дидактикалық ойынын ойната отырып, үстел жаюға арналған заттардың атын дұрыс атауға, балаларды дастарханды дұрыс, мәдениетті әзірлеуге үйретеміз. Ойын арқылы балаларда еңбек тәрбиесі қалыптаса бастайды. Сондай-ак балабақшада және үйде баланың күн тәртібін орындауда, ойыншықтарды орнына жинау, сынғандарын жөндеу, аулада және үйде өсетін бөлме өсімдіктерін баптап-күтуге баланы қатыстыру, оған үлкен қуаныш сыйлайды. Балабақшада балалармен серуен кезінде де еңбек тәрбиесі жүргізіледі.
Балалар серуенде ойнағаннан кейін ойнаған ойыншықтарын жинайды, жаз мезгілінде ауладағы гүлдерге су құяды. Күз мезгілінде ауладағы жапырақтарды жинайды. Ал қыс мезгілінде өздерінің жас ерекшелігіне сай кішкентай күрекшелермен қарларды күрейді. Ауладағы құстарға арналған жемшашарларға жем шашады, дән себеді, құстарға қамқорлық жасайды. Осы атқарылған жұмыстың өзі бала үшін үлкен еңбек. Ата-ана тарапынан да, тәрбиешілердің де баланың істеген жұмыстарын мадақтап, алғыс айтып дұрыс орындауды үйретіп отыру, баланы еңбекқорлыкка, ұқыптылыққа, тәртіптілікке үйретеді.
Мұның өзі — баланың өзіне көрсетілген сезімнің жемісі. Осындай тәлім-тәрбие көрген бала ерекше мақтанышпен үлкендердің еңбегіне қарап, оны құрмет тұтатын болады. Бұл әдетті баланың сәбилік шағынан бойына сіңіріп отырған абзал. Еңбек үстінде пайда болатын қуаныш, құрмет сезімдері оның адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады.
Балалабқшада балалар еңбегінің негізгі төрт түрі бар:
• Өзіне- өзі қызмет көрсету.
• Шаруашылық-тұрмыстық еңбек.
• Табиғаттағы еңбек.
• Қол еңбегі.
Өзіне-өзі қызмет көрсету баланың өзін күтуге бағытталған. Әрекеттер күн сайын қайталанатындықтан балалар өзіне-өзі қызмет көрсету дағдысы балабақшада жақсы қалыптасады. Мен тәрбиеші ретінде балалардың өзіне-өзі қызмет көрсету кезінде үнемі-бағыт бағдар беріп, әрбір баламен жеке-дара жұмыс жүргізіп отырамын. Мысалы: жуыну, сүртіну кезінде су, орамал, сабын туралы тақпақтарды, көркем сөздерді қолданамын. Ойнақы тілмен айтылған көркем сөздер балалардың көңіл күйін көтеріп, өз-өзіне қызмет көрсетуге ынтасын арттырады. Балалармен тобымызда кезекшілік ұйымдастырылады.Кезекшілік кезінде балалар ойыншықтарын ұқыптап жинап қою, үстел жасауға көмектесу, яғни қарапайым шаруашылық-тұрмыстық дағдыларына үйренеді.
Еңбек әрекеті баланың жалпы дамуын, ой-өрісін кеңейтіп, тапсырған іске жауапкершілікпен қарауға жетелейді. Балабақшадағы баланың еңбек үрдісі арқылы қол маторикасы, сөйлеу қозғалысы аппараты жетіледі. Балабақшадағы еңбек тәрбиесі баланы оқуға дайындаудың алғышарты болып табылады. Жастайынан еңбекке баулыған баланың келешекте жинақылығымен, өз-өзіне қызымет ете алуымен ерекшелінеді. «Жақсы ұйымдастырылған еңбектен ғана бала еңбек етудің қуанышын сезеді», — деп А.С.Макаренко айтқан. Сондықтан да мектеп жасына дейінгі балалардың еңбек тәрбиесін дұрыс ұйымдастырудың маңызы зор. Дұрыс ұйымдастырылған еңбек әрекеті арқылы бала еңбек әрекетін белгілі ретпен жүзеге асыруға үйренеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүде, бір болашақ» 2014ж. 2017ж
2. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырыдамасы.
3. Шалғынбаева Қ. «Экологиялық тәрбие». — Отбасы және балабақша» журналы. -2001. — №12
4. Алтынсарин Ы. «Таңдамалы педагогикалық мұралары». 1991ж
5. «Бала мен балабақша» журналы.- 2017. — №3.