+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сәрсенбi, 28 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Күллі ғажайыптың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген адам

Рахметова Айнур Ондрисовна, «ШҚО балалар ауылы» КММ қарасты «Жасөспірімдер үйі» тәрбиешісі, Өскемен қаласы 

   Қазіргі таңда ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға Үкіметіміз барынша жағдай жасаған. Оларды жан-жақты қолдайтын заң да бар, қаржы да аямай бөлінуде. «Жақсының жақсылығын айт - нұры тасысын, жаманның жамандығын айт - құты қашсын» дегендей, «Балалар ауылы» директоры А.А Ислямов әр жыл сайын  үлкен өмірге қадам басатын түлектердің басын қосып, олардың пікірлерімен санасып, әрбір  баласына ақыл-кеңесін аямай, ақ жол тілеп, әкелік мейіріммен шығарып салуды дәстүрге айналдырған.

         Тағдырдың жазуымен ең алғаш балалар ауылына түскен әр тәрбиеленушіге жеке тұлға ретінде қарап, болашағына қажетті бар  жағдайды жасау басты міндет болып саналады. Олар ортаға бейімделіп, білім алып, қабілетіне қарай үйірмелерге барып, тәрбиеленіп ер жетеді. Түлектер ұшқан ұяларын, біліммен сусындатып, тәрбиелеп өсірген ана тәрбиешілерін және балалар ауылының барша педагог ұжымын жыл сайын болатын төл мерекелері ұстаздар күнімен құттықтап барып тұрады. Қазан айының бірінші жексенбісінде өткен бұл мерекеге жасөспірімдер үйі тәрбиеленушілері және алыс-жақында оқып жатқан студенттер балалар ауылы директорын және  барша педагог ұжымын құттықтап бейнеқұттықтау жолдады. Директор Аман Асқарұлына қамқорлығы үшін өз ришалықтарын білдіру мақсатында «Лучший директор» медалін мойынына ілді. Бұл ілтипат — түлектердің өткенді ұмытпай, алға жетелеген жақсы жандарға деген бір үлкен ризашылық құрмет.
        «Ұлт  боламын  десең,  бесігіңді  түзе!» — деп ұлы  жазушы    Мұхтар Әуезов айтқандай, тәрбие басы тал бесіктен басталатыны анық. Отбасы — қоғамның  маңызды  буыны  және  өзінше  бір  кішігірім  ұжым. Бала  тәрбиесіндегі  ата-ананың  алатын орнының ерекше  екендігін бәрімізде жақсы білеміз. Ал осы тәрбиені ала алмаған, тағдыр тәлкегіне ұшырап, әр түрлі жағдаймен өмірлері бір арнаға тоғысқан   қаншама жәутең көз балаларымыздың тағдыры ше?
       Елбасымыздың  стратегиясының  басты  арқауының бірі де осы  — адам  тағдыры. Бүгінгі  жаңашыл адам  келешек  ұрпақтың  ата-анасы,  ал  ұрпақ  ұлтымыздың  болашағы. Елбасының  назарында — жастардың,  ұрпақтың  сапасы.
     Тағдырдың жазуымен ата-анасыз өскен балалар үлкен өмірге Балалар үйінің табалдырығынан аттап, қадам басатыны белгілі. Әрине, мұндай балалар не ішем, не кием деп ойламай өскен еркетотайлар емес, олар өмірдің бар ауыртпалығын сәби шағынан сезініп өскен, біреулердің қас-қабағына қарап, көздері жаутаңдап ержеткен жандар. Балалар үйінде жүрген кездерінде мемлекеттің қамқорлығында болса, кәмелеттік жасқа толғанда олар қайда барады? Әрі қарайғы тағдырлары қалай болады? Өмірде өз жолдарын таба ала ма? Жоғары оқу орнына түсіп, мамандық игеріп, бір кәсіптің иесі атанып, қоғамымыздың толыққанды бір мүшесі ретінде қалыптаса ала ма?
       Балалар ауылына қарасты Жасөспiрiмдер үйiнiң негiзгi мақсаты да осы. Мұнда  16-23 жас аралығындағы балалар ауылы түлектерiне (әлеуметтiк бейiмделуден өтетiн адамдарға) олардың өз тiлектерiне сай қоғамға, оның iшiнде еңбек рыногына бiте қайнасуына көмектесу.
        Жасөспiрiмдер үйi  балалар  ауылдарының тәрбиеленушiлерiн және балалар үйлерiнiң түлектерiн әлеуметтiк бейiмдеу мақсатында:
       1) қоғамдық өмiрге әлеуметтiк бейiмделу үшiн жағдай жасауға;
       2) жеке қабiлеттерiн дамытуға жәрдемдесу және кәсiби даярлығын қамтамасыз етуге;
      3) жұмысқа орналасуға жәрдемдесу жөнiндегi мiндеттерiн орындауға тиiс.       
     Ата-анасы бере алмаған жылылық пен қамқорлықты, ең бастысы дұрыс тәрбиені беру  ата-анадан кейінгі тәрбие саласында жүрген мына біздерге жүктелген  маңызды  міндет. Жасөспірімдер үйіндегі тәрбиеленушілермен жұмыс жасау  тәрбиешінің қызметінде негізгі орын алады. Тәрбиешілердің бойында шыншылдық, жанашырлық, адамгершілік пен мейірімділік, ұйымдастырушылық қасиеттер басым болған жағдайда ғана  баланың әлеуметтенуіне қойылатын педагогикалық шарттардың орындалуы толық болады. Американдық психолог Л.Кольберг «адамгершiлiк тәрбиелеудiң басты мақсаты мiнез-құлықты қалыптастыру емес, ұтымды пiкiр айту қабiлетi», — деп түсiндiредi.
      Сондықтан, жас ұрпақты қоғамға әлеуметтендіру барысында олардың бойына ізгі қасиеттерді сіңіре отырып, олардың ар-намысына тимеуге, абыройларын  құрметтеуге,  рухани-адамгершілік пен әдептілікке баулу, адамды сүйе, сыйлай, құрметтей, қадірлей білуге үйрету, қоғамның шынайы иесі болуға талаптандыру қажет. Мінез-құлқын, психологиялық ерекшеліктерін үнемі ескеріп, қоғамда жүріп-тұру нормалары мен қағидаларын қабылдауға және сақтауға қабілетті тұлғаны қалыптастыруға бағытталған  жұмыс жасалуы қажет. Балаларымызды имандылыққа тәрбиелеу үшін олардың ар-ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілдік, қамқорлық көрсету, адалдық, ізеттілік сияқты қасиеттерді бойына сіңіру қажет.
      Сол жолдан адаспаудың ең бірінші жолы ол – өзіңді өзің тану, өзіңді өзің сыйлау, өзіңді өзің қадірлеу.
     Бойында өмірге  деген  қызығушылығы  басым  баладан  үлкен  мақсаттарға жететін  жеке  тұлға қалыптасады.
   Жеке тұлғаны қалыптастыруда, олардың жан дүниесіне сезіммен қарап, әрбір іс-әрекетіне мақсат қоюға, жоспарлауға, оны орындауға, өзіне-өзі талап қоя білуге тәрбиелеу – адамгершілік тәрбиенің басты мақсаты. Мақсатқа жету үшін сан алуан кедергілер болуы мүмкін. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, туған ата-анасының тәрбиесін көріп, сезіне алмаған бала мен толыққанды отбасындағы баланың бойында айырмашылықтың болуы заңдылық. Сол себепті, қыз балалар болғандықтан олардың бойына  болашақ ана дегеніміз не?, отбасындағы орны, міндеті және жалпы отбасы құндылықтары туралы түсініктерді сіңіру. Жанұяның маңызын, одан қалса үй тазалығы, ас әзірлеу, талғаммен киіну, қонақ күту, жүріп тұру, қарым- қатынас мәдениеті туралы ашық бүкпесіз әңгімелесу арқылы тәрбиелеу.  Өмір деген – алланың берген сыйы. Өмірдің ащы да, тәтті кезеңдері болады. Бұл кезеңдерді жеңе білу керек. Адамзат өмірге келген соң өмірін қалай болса солай өткізбеуі тиіс. Яғни, адам саналы, жарқын өмір сүруі тиіс. Ондай қасиеттерді бала бойына жас кезінен бастап қалыптастыру жеке тұлғаны қалыптастырудың негізін қалайды. 

       2012 жылы қаңтар айынан бастап, 2011-2015 жж. «Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау туралы кешенді жоспар» жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Мақсат: Жетім балалар және  ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайын жақсарту. Балалар ауылының әр тәрбиеленушілерін патронаттық мекеме мен индрустиялық  кәсіпорындар, мемлекеттік мекеме және басқада жеке меншіктік мекемелер өз қарамағына алу бекітілген.  Бұл мекемелер мүмкіндігінше қолдау көрсетіп, көмектесіп тұрады. Тұрғын жинақ банкінен есеп шот ашылып,  тәрбиеленушілердің  баспаналы болуына да жағдай қарастырылған.  Баспанаға қолы жеткен тәрбиеленушілерімізде аз емес. Соның бірі биыл ШТГК оқу орынын қызыл дипломмен бітіріп, бір бөлмелі пәтер иесі болған Сулейменова Ғалия  қуаныш тойын тойлады. Айта кетпеске  болмас, Ғалияны қамқорлығына алған патронатық мекеме  Статистика Департаменті  ұжымы (ҚР ҰЭМ СКАЕО бастығы  Макажанов Әлібек Алпысұлы)  үлкен көмектерін көрсетті. Пәтерінің ішіне тұрмысқа  қажетті жиһаздарын алып беріп, Ғалияны  тұрақты жұмысқа  алды. Осындай адамгершілігі мол  қайырымды жандар көп болса қоғамымызда өзгерер. Біздің айтар алғысымыз шексіз. 
       Қалай болғанда да бұларды өзімізге жақын тартып, жағдайына қарасу, қолтығынан демеу, бағыт-бағдар беру, ақыл-кеңесімізбен бөлісіп, жол нұсқау – үлкен парыз. Осы парызды қоғамымыздың әр мүшесі жан-жүрегімен сезініп, оларға оң көзқараспен қараса, бұдан артық ықылас-пейілдің де қажеті болмас.
        «Мен үш қасиеттімді мақтан тұтам», — депті Ақан сері. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым, һәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым. Бұл үш қасиет әркімнің өз құдайы. «Өз құдайынан айырылған адам бос кеуде, өлгенмен тең» деген екен. Біздің күшіміз, қорғанышымыз, сеніміміз-адамгершілігімізде болуы керек. Ол үшін Ақан серінің осы үш қасиетін бала бойына дарыта білсек- ұлы жеңіс болары анық.
         Күтілетін нәтижелер: 
        1. Баланың өзін тануға жолдама алуы.
        2. Өзіндік пікір, сигналды ойдың қалыптасуы.
       3. Тәрбиеші мен тәрбиеленуші арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде болуы.
       4. Оқушының дүниетанымының, сахналық шеберлігінің артуы.
       5. Оқушының сапалы білімнің, саналы тәрбиенің қажеттілігін сезінуі.
       Қоғамды танып білудің, сыртқы ортамен байланысының алға басуы. Ең бастысы – өзіне деген сенімнің артуы, Абай тілімен айтқанда, «болмаса да ұқсап бағуға тырысу».
    Қорыта айтқанда: Жасөспірімдер үйі әрбір тәрбиеленушілерінің ерекшеліктерін, қажеттіліктерін ескере отырып, оның өмірде жан-жақты дамуы үшін тәрбиені жүйелі және мақсатты түрде жүзеге асыру  болып табылады. Өмір күрес, күресе білу керек, жеңе білу керек деген ұстаныммен  тұлғаны тәрбиелей отырып тәрбиелеудің соңғы нәтижесі мәдениетаралық қарым-қатынасқа жеткізу. Біздер қазіргі таңда ұлттық құндылықтарымызды пайдалана отырып, тұлғаға тәрбие беруде олардың әдепті, әдемі, білімді, мәдениетті, қазіргі заман талабына сай, аяғына нық тұрған, өз жолын тапқан  азамат болып өсуіне мүмкіндік жасауымыз қажет. Яғни, өзіміз не үйретсек, соның жемісін көреміз, сол үшін береріміздің мәні мен маңызы зор болуға тиісті.

Пайдаланылған  әдебиеттер:
1. М.Жұмабаев Педагогика. –Алматы: Рауан, 2000.
2. «Қазақстан мектебі». — 2014. — №2.
3. Оқушылардың қарым-қатынас мәдениетін тәрбиелеу. – «Бастауыш мектеп» журналы. — 2006. — №1.
4. «Қазақстан мектебі». — 2001. — №9
5. Жалпы педагогика [Текст]: оқулық / С. Б. Бабаев, Ж. Қ. Оңалбек. — Новое изд. — Алматы: Заң әдебиетi, 2005. — 228 с.

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype