Менің ана тілім — шексіз бай, шұрайлы, тегеуріні мықты тіл. Өйткені өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіме басты себепкер — сол ана тілім! Мынау жарық дүниеге келгеннен бастап, ананың әлдиімен бойыма сіңіріп келе жатқан тілім мен үшін ең қастерлі, ең қымбат тіл. Міне сондықтан да болар, мен мектеп табалдырығынан дербес өмірге қанат қағып, болашақ мамандық таңдағанда тіл маманы болуды ұйғарғаным. Бүгінгі күні өзім орыс мектебінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарамын. Және біздің негізгі міндетіміз өзге ұлт оқушыларының сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, сөздік қорын молайту, тілін дамыту болғандықтан өзекті тақырыбымды «Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың қарым-қатынастық тілін дамыту» деп алып, әр сабақ жоспарын құрғанда осы тақырыпты басшылыққа аламын.
Сабақ барысында оқушылардың сұрақтарды түсініп, оған жауап қайтаруға, үйренген сөздерін бұзбай айтуға әсіресе төл дыбыстарды дұрыс дыбыстап, сөйлемдерді дұрыс құруына аса мән беремін. Алдыма қойған өзекті тақырыбымның мақсатына жету үшін сабақты бастан аяқ қызықты ұйымдастыра білу, әртүрлі әдіс-тәсілдерді орынды қолдана білу қажет. Осы тұста маған 2016 жылы Өскемен қаласында өткен «Тиімді оқыту» курсында тыңдаған лекциялар мен үйренген жаңа технологиялар, әдіс-тәсілдер көп септігін тигізуде.
Әрине өзге тілді үйрену сөздерді жаттап, оларды дұрыс дыбыстаудан бастау алады. Сөздік жұмыс — тілді үйреніп, дамытудың іргетасы. Оқушыларға жаңа сөзбен танысуда, бұрын білетін немесе түсінбейтін сөздердің мағынасын ашып беру немесе өздерін іздену жұмыстарына бағыттаудың маңызы зор.
Сөздік қорларындағы сөздерден сөз тіркестерін, сөйлем құрап айту өзге ұлт оқушылары үшін оңай емес. Олар айтар ойларын орыс тілінде ойлап, содан кейін барып оны қазақ тіліне аударып айтатын болғандықтан, сөйлемдегі сөздердің орын тәртіптерін де орыс тіліндегідей реттілікпен қойып шығады. Осыдан келе айтар ойдың мағынасы жоғалып, сөйлем ұйқаспай, тыңдаушы үшін түсініксіз болады. Мысалы: «Пришла золотая осень» сөйлемін «Келді алтын күз» деген сияқты. Осындай қиыншылықтарды жеңу мақсатында мен өз тәжірибемде әртүрлі әдістерді қолданып, соның ішінде дәл осы тіл меңгеруде тиімді келетін бірнеше әдістерді қолданып жүрмін. Солардың бірі «Пирамида» әдісі. «Пирамида» әдісінде тақырыпқа сай бір сөз беріліп, әр жол сайын тағы бір сөзден қосып отырады. Бесінші жолға келгенде, толық сөйлем құралады. Және бұл тұста сөздердің орын тәртібіне ереже бойынша аса мән беріледі. Мысалы: Прилагательное пишется перед определяемым словом. Глагол всегда пишется в конце предложения.
Осындай пирамиданы дұрыс құрып дағдыланған оқушылар диалогке оңай түсе алады. Бұл менің тәжірибемде өз жемісін беруде. Осы процесс әр сабақта қайталанып отырса, оқушы осыған бейімделіп, сабақтан тыс жерде кез келген жағдайда тиімді падалана алатын болады.
Сабақ барысында оқушыларға тапсырма бергенде, «Пирамида» әдісін қолданғаннан оқушылардың жазба тіл дағдылары қалыптасып, ойлау қабілеті дамиды. Себебі, оқушы өз ойын ереже бойынша қағаз бетіне түсіріп отырып, есіне жақсы сақтайды. Осыдан келе оқушы қойылған сұраққа осы сөйлемді жауап ретінде қайтару кезінде ол көру қабілеті арқылы есте сақтаған дүниесін шығарады. Осыдан келе оқушының сабақ барысында жазу мен қоса айтылым дағдысы да реттеледі. Сабақ барысында осындай әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланудың нәтижесінде оқушылармен әзірше жеңіл түрде мемлекеттік тілімізде диалогке түсіп, қойған сұрақтарыма дұрыс, толық жауап ала аламын.Тек қана сабақ барысында ғана емес, дүкенге барып, мемлекеттік тілде сатушымен қарым-қатынасқа түсіп, сауда жасай алатын дәрежедегі оқушыларым да жоқ емес. Аталмыш оқушылыр бүгінгі күнде аудандық, облыстық сайыстардан қазақ тілі пәні бойынша жылда жүлделі орындарды иеленеді. Оқушы менің қойған талаптарымды орындап, мемлекеттік тілде оңай қарым-қатынасқа түсіп тұрғанда қалайша оны мадақтамайсың. Осыдан келе оқушының ой-пікірі мен бастамасы, ұсынысы мен тапсырманы орындау шеберлігі, сөйлеу мәдениеті мен ой тұжырымы, пайымдаулары, талпыныстары мен ізденістері қызығушылығы мен байқампаздығы, іскерлігі мен дағдысы, іске батыл, сеніммен кірісуі жүзеге асады. Оқушының бойындағы осындай дағдыларды оятқаннан кейін, осы деңгейде тұрып қалмай, тапсырмаларды спиральды түрде күрделендіріп, бастапқысында шағын мәтіндермен жұмыс жасатып, біртіндеп шығарма жаза алатын шәкірттерді тәрбиелеу — мақсатым.