+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сенбi, 24 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Оқушылардың тілдік дағдыларын дамытудың ерекшеліктері

Сейтказина Рысгуль Сейтбековна, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО ПҚ БАИ-дың «Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушысы
Тотиева Сабира Сериккановна, «Переменовка орта мектебі» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Бородулиха ауданы

     Қазақстан Республикасының азаматын қалыптастыру, оның тез өзгеріп отыратын әлемде табысты білім алуға деген сұранысын қалыптастыру, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу және оқыту басты мақсат болып отыр. Заманауи Қазақстан білім беру жүйесінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе аясында «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені оқыту керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сияқты негізгі сауалдар туындайды.
     Тіл үйретудегі басты мақсат – оқушылардың сөйлеу әрекетін бірізді және жүйелі түрде дамыту. Сөйлеу әрекеті – ақпаратты алу мен ұсынудың мақсатқа бағытталаған белсенді үдерісі. Ол қарым-қатынас жағдаятына байланысты тілдік жүйеден көрінеді. Оқыту тәжірибеге бағытталаған жағдайда сөйлеу әрекеті жетекшілік қырынан қарастырылады.

     Тіл – қарым-қатынас құралы. Адамдар арасындағы қарым-қатынас ауызша немесе жазбаша түрде жүзеге асады. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, бұл сөйлесім әрекеттері айтылым, тыңдалым, оқылым және жазылым бөліктерінен тұрады. Бұлардың әрқайсысының сөйлесім әрекетінде, жалпы адамдар арасындағы қарым-қатынастағы маңызы зор.  

     Қазақ халқы «Тыңдалмаса-сөз жетім»,-деп сөз өнерін ерекше бағалаған. Сөйлесім әрекеттерінің ішінде тыңдалымның маңызы зор. Тыңдау арқылы өзгеден ақпарат аламыз, қажетті мәліметтерді меңгереміз. Сонымен қатар, тыңдай білу – ол өнер. Сондықтан да халық нақылында «Аз сөз алтын, көп сөз көмір», «Ақпа құлаққа айтсаң ағып кетеді, құйма құлаққа айтсаң құйып алады»,-деп ұрпағын сөзді тыңдай білуге үйреткен.
     Адам шынайы өмірде қарым-қатынасты жүзеге асыру үшін уақытының 9% жазуға, 16% оқуға, 30% сөйлесуге, 45% сөйлеуді қабылдауға, яғни тыңдауға жұмсайды екен.
    Ендеше, күнделікті өмірде оқушылардың негізгі ақпаратты тыңдау арқылы алатынына көз жеткіземіз. Тыңдаудың бәрі тыңдалым емес. Себебі, бір адам екінші адамды тыңдап отырған сияқты көрінгенімен, ол оның сөзіне еш мән бермей, өз ойымен отыруы әбден мүмкін. Сондықтан оқушыны жүйелі сөзді дұрыс тыңдап, түсінуге дағдылануы үшін оны тыңдалым әрекетіне бағыттау керек. Осындай себептерге байланысты оқушылардың тілдік құзыреттіліктерін арттыру мақсатында, сөйлесім әрекеттеріне арнайы тапсырмалар берген әбден дұрыс. Оқушы тіл сабақтарында сөйлесім әрекеттерін жан-жақты меңгеріп шығуы қажет. Бұл олардың тілдік білімдерінің жоғары екендігінің көрсеткіші бола алады.
     Тыңдалым: болжау, белсенді тыңдау, экстенсивті және интенсивті тыңдау, басқарылатын тыңдау, бірлесіп оқу стратегиясы, ұзақ және қысқа мерзімді еске сақтауды дамыту, TPR (физ.қозғалыстарға сүйену әдісі).
      Тыңдалым – ауызша ақпаратты түсіну және қабылдаумен байланысты тілдік әрекеттің өнімсіз түрі. Тыңдалым бойынша оқушы мұғалімнің сөзін, сабақты түсіндіруін және тіл үйренушілердің әртүрлі хабарламаларын тыңдап, оның мазмұнындағы негізгі және қосымша ақпараттарды түсіне алады. Мысалы: мәтінмен жұмыс кезінде мәтінге баға беріп, мәтінді қолдау, ризашылығын (қарсылығын) білдіру, таңданысын, қызығушылығын, мақтаныш сезімін, өкінішін, қуанышын, ренішін, қорқынышын, үмітін білдіру және тағы басқа әрекеттерді жүзеге асырады.
       Тыңдалым дағдысының мазмұнына:
       — негізгі ойды түсіну;
       — ақпаратты анықтау;
       — түсінгенін практикада қолдана білу;
       — ақпаратқа өз көзқарасын білдіру;
       — ой қорыта білу дағдылары жатады.
     Оқыту қазақ тілінде жүрмейтін мектептерде қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту әдістемесінде бұл сөйлесім әрекеттері ертеден қолданылып келеді, біршама жүйеге түскен. Мысалы, ересектердің қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын ҚАЗТЕСТ, ағылшын тілін IELTS, TOEFL жүйелері бойынша өз білімдерін сынайтын азаматтар дәл осы жүйе бойынша тест тапсырады. Халықаралық стандарт негізінде жасалған бұл жүйе тыңдалым (аудирование), лексика-грамматика, оқылым және жазылым деген бөліктерден тұрады. Лексика-грамматикалық тапсырмалармен, оқылымды құрайтын дайын мәтіндермен жазбаша жаттығулар орындауға оқушылар бұрынннан дағдыланған. Ал қазіргі жаңартылған білім мазмұнындағы жүйе бойынша  сөйлесім әрекеттерінің ішінде тыңдалым тапсырмаларына оқушыларды жаттықтыру қажет екені анық. Өйткені олар осы уақытқа дейін үнемі тыңдалым әрекеті бойынша тапсырмалар орындап келді деуге болады.
       Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында және сабақтан тыс уақыттардағы іс-шараларда оқушылардың айтылым және тыңдалым дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін тапсырмалар беру тиімді. Оқушыларды тақырып бойынша пікірталасқа қатыстыру, сұрақтарды зерделету, өз пікірін айтқызу, басқалардың пікірін тыңдату, сұрақ-жауап жүргізу, болжам ұсынуға мүмкіндік беру. Қорытынды жасатуға және қорытындыларымен таныстыруға, рөлдік ойындарға қатысуға,  диалогке түсуге, талқылауға және пікірталас пен бағалауға қатыстыру. Жұппен, шағын топтарда  мәселелерді шешуге тапсырмаларды орындау барысында тіл мен әдебиеттегі дереккөздерімен диалог құрғызу және талқылату. Өз ой-пікірін қорытындыларын сыныпта, топта  таныстыруға, аудитория алдында сенімді түрде сөйлей білу қабілетін дамыту.
       Сабақта оқушылардың тыңдалым мен айтылым сөйлеу әрекеттерін дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілерін ұсыну. Тыңдалымға, мазмұнын түсінуге әртүрлі мәтіндерді ұсыну,  мәтінді қайталап тыңдатып, негізгі ойға назар аударту. Тыңдалған мәтін мазмұны бойынша сұрақтар қою, жоспар құрғызу, тыңдалған мәтіннің белгілі бір бөлігін өз сөзімен айтып беруге, мәтіннің мазмұны бойынша қарама-қарсы пікір айтуға, дәлелдеуге үйрету. Оқушыларды мәтіннің кейбір оқиғаларын ым-ишарамен көрсетуге, жұпта ым-ишараны пайдаланып, оқиғаны жазуға дайындау. «Бағытталған оқу» және «Бағытталған жазу» стратегияларының көмегімен ауызша айтылғанды түсіну және сұрақтарға жауап беруін және ұсынылған тақырып бойынша сұхбат алу немесе сұхбат беру дағдыларын дамыту.
      Оқушының тілді терең, жетік меңгеруінде тыңдалым бағытының маңызы зор. Өйткені естіген ақпаратты қабылдау, оны түсіну қажет. Мысалы, орыс тілін нашар білемін дейтін оқушының өзі орысша жақсы түсінеді. Олар кішкентай күнінен бастап-ақ орыс тіліндегі мультфильмдерді, ертегілерді көріп өседі. Осының өзі олардың тілді меңгерулеріне көп ықпал етеді. Сонда тыңдалым әрекетінің нәтижесінде бала орыс тілін түсінерлік деңгейде меңгеріп шыққан болып тұр. Өз ойын жинақтап жеткізе алмағанымен ол орыс тіліндегі ақпаратты қабылдап, оны қазақ тілінде мазмұндап айтып бере алады. Ендеше тілді жетік үйрену үдерісінде тыңдалымның орыны ерекше дейтініміз осыдан. «Тыңдалымның оқушының тілдік дағдысын дамытудағы маңызы неде?», — деген сауалға жауап беріп көрелік:

  • Сөйлеу мәнерін меңгереді;
  • Сөздерді дұрыс дыбыстауға дағдыланады;
  • Әр түрлі деңгейдегі аудиомәтіндердің терең мазмұнын түсінеді (бағдарлама аясындағы);
  • Мәтінді мұқият тыңдау арқылы оның мазмұндық желісін түсініп қана қоймай, түрлі тапсырмаларды орындайды;
  • Мәтіндегі негізгі ақпарат пен қосымша ақпаратты таба біледі;
  • Мәтіндегі жағымды және жағымсыз ақпаратты анықтай алады;
  • Мәтіндегі басты тірек сөздерді таба алады т.б.

    Тыңдалым тапсырмалары арқылы оқушының тек тілдік дағдылары ғана дамып қоймайды, оның жеке бас ерекшелігіне де әсер ете бастайды. Атап айтар болсақ,

  •  Келесі адамның сөзін бөлмей, соңына дейін тыңдауды үйренеді;
  • Бір мәтінді басынан аяғына дейін тыңдау арқылы шыдамдылыққа, сабырлылыққа дағдыланады;
  • Мәтін мазмұнындағы қызықты деректер арқылы танымдық белсенділігі артады;
  • Мәтін бойынша берілген тапсырмаларды орындау арқылы, естігенін бірден есіне сақтап қалу белсенділіктері дами бастайды;
  • Жылдам қозғалуға, шапшаңдылыққа бейімделеді т.б.

       Міне, тыңдалым әрекетінің оқушының дамып-жетілуіне ықпал ететін осындай өзіне тән ерекшеліктері бар.
       Тыңдалымның өзі бірнеше түрге бөлінеді. Тыңдалымда мәтінді түсіну деңгейі төрт өлшем бойынша бағаланады:
        — фрагментарлық түсіну;
        — жалпы түсіну;
        — толық түсіну;
       — терең сыни түсіну.

    Біз сабақ барысында толық түсінуді талап етеміз. Тыңдалым әрекетіне алынған мәтіндер бағдарламадағы тақырыптарға сәйкес, оқушылардың қызығушылықтарын арттыра түсетін қосымша ақпараттарды қамтуы қажет.
       Қорытындылай келе, оқушылар тілдік дағдыларды меңгергенде қандай оқу жетістіктеріне қол жеткізеді, олар нені біледі, нені қолданады деген сұрақтарға жауап береміз: оқушылар төрт дағдының сабақтастығын біледі және өз тәжірибесінде оқу мақсаттарына сай тілдік дағдыларды қолдана алады. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Балабақша-мектеп-колледж – жоғары оқу орны» жүйесіндегі мемлекеттік тілді үздіксіз оқыту» стандарты. — Астана, 2014.-94 б.
  2. Тілді меңгерудің халықаралық стандарттары негізінде «Балабақша-мектеп-колледж-жоғары оқу орны» жүйесінде мемлекеттік тілді үздіксіз оқытуды енгізудің әдістемелік негіздері. Әдістемелік құрал. — Астана, 2013
  3. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, «Назарбаев Зияткерлік  мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы,  2016
  4. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі. – Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 2000. – 208б.
  5. Қазақ тілі. 5-сынып. – Алматы, Атамұра, 2017.
  6. Күзекова З. Қазақ тілінің практикалық курсы (гуманит.). — Алматы: «Раритет», 2011 ж.
Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype