Жаттау, есту қабілеті аса жоғары болған ол ауылға келген әншінің әнін, жыршының мақамын бір естігеннен қағып алатын болған. Әлімғазы деген болыс оның әншілігін, ақындығын білген соң өзінің жанына тартады. Ол Әсетті ер жетіп, айналаға әншілік даңқы шығып, әбден атақты өнерпаз болғанша көз жазбай қадағалайды. Қоянды жәрмеңкесіне барып, Арқаның ән мектебінен сусындап, оның әсем әндерін Жетісу мен Тарбағатай өңіріне жеткізуші, Біржанның, Ақанның, Құлтуманың әндерін шығыс аймаққа таратушы болады.
Дара ақынның шығармашылығындағы аса құнды қазына – шығыс тақырыбы десек, бұған да шығыстан шошитын коммунистік идеология тыжырына қарады. Соның кесірінен Әсеттің «Барат қыз», «Шеризат», «Кешубай», «Ағаш ат», «Самсая» сияқты соншама көркем хисса-дастандары бертінге дейін жарық көрмеді. Қазақ ұлтының өз тұсындағы озық ойлы бай-мырзалары, би-болыстары, қажылары Әсетті жоғары құрмет тұтқан. Әсет Арқа мен Жетісу, Алтай мен Тянь-Шань арасына өнер шашқан, ғибрат айтқан жиһанкез ақын. Ол құдай, құран, иман жолын, шариғатты өлеңмен уағыздаған.
«Атым – Әсет, руым – Қарашордан,
Ішінен көлдария шықтым молдан.
Басында хазіреттің шәкірті едім,
Осы өлең адастырды орта жолдан», — деп халқына өлеңнің құдіретін танытады. Әсет топқа түскенде төпеп айтатын төкпе ақын. Осы тұрғыдан қарағанда, Кемпірбай, Сүйінбай, Жанақ, Жамбыл тектес ауыз әдебиеті алыптарының қатарын Әсет толықтырады. Тегінде Әсет өнердің шыңына шыққан ұлы өнерпаз екенін еске алсақ, Біржан Сал, Ақан серілердің жалғыз қара жалғасы да – әнші Әсет. Абай шәкірттерінің арасында заман тұрғысы, ақындық үлгісі Шәкәріммен шендесетін тек Әсет қана. Әсет Найманбайұлы жайлы аз жазылған жоқ. Әсеттің есімін ебін тауып, өз шығармаларының ішіне алғаш елеусіздеу кіргізіп, кейін Әсетті Абай шәкірті деп жаңғыртқан Мұхтар Әуезов еді. Абайдың «Әсетке» деген әйгілі өлеңін кейінгі ұрпақ теріс түсініп қалмас үшін Мұхтар Әуезов: «Абай аса жақсы көрген адамын қатты сынаған», – деп Абай мен Әсет арасын алтынмен дәнекерлеп кетіпті.
Бала күнінен Әсет ақынды пір тұтқан құлагер ақын Ілияс Жансүгіров 20 жылдардың өзінде «Бұлбұлға», «Тұңғыш тоғысу», «Әнші» атты Әсетке арнаған үш өлеңін жариялады. Ақсұңқар ақын Сәкен Сейфуллин 1931-ші жылы шыққан «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» кітабына Әсетті кіргізген. Академик Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» монографиясында Әсеттің музыкалық өнеріне талдау жасаған. Сәбит Мұқанов Қытайға барған сапарынан жазылған «Алыптың адымдары» кітабында Әсеттің басына барып тәуіп еткенін, ақынның арыздасқан ұзақ өлеңін жазып алғанын сөз етеді. Әсет Найманбайұлын замандастары «Адамның бұлбұлы» деп атапты. Бұл – ақынның таңғажайып талантына берілген асыл баға еді. Кеңес үкіметіне қарсы ұлтшыл, түрікшіл атанған Әсетті де халқымыздың тәуелсіздігі жолында құрбан болған Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай сынды ұлы тұлғалардың бірі деп білеміз. Себебі, Әсет Кеңес үкіметін құшақ жая қарсы алып, қошеметтеп ән салып, өлеңге қоспаған еді. Олардың ақылға сыймайтын әрекеттерін әшкерелеп, «Жаңа штат» деген өлең шығарып, оны жұртқа жайып жіберген.
«Асуға ат шықпағар арба шықты,
Бүркітті қанды балақ қарға жықты.
Құл – сұлтан, Күң – ханыша болған заман,
Кешегі торғай билеп самұрықты», – деп ақтық демі біткенше елінің елдігін ойлап өткен.
Медреседе оқып жүрген шәкірт шағының өзінде-ақ оның бойындағы таланты мен дарынды қасиеті таныла бастайды, өзінің зеректігін танытып, өлең мен домбыраға, гармонға да құмарлығын білдіреді. Құран сүресін әуендетіп айтқан Әсет, ақындық өнер жолына 13 жасынан араласады.
Елуден жасым менің белен асқан,
Өлеңге он үш жастан араласқам, — дейді ақын.
Әсеттің алғашқы ақындық қаламындағы айтатын, жазатын өлеңдерінің тақырыбы көбінесе жастық, махаббат туралы және суырып салма айтыс өлеңдері болды. Ол ақындық өнерді өзгеше жоғары бағалап, табиғаттың тартқан ерекше қасиетті сыйы деп біліп ардақтаған. Ақындық өнерін халқына арнаған оны туған елі қадірлеп, құрметтеген.
Ә.Найманбайұлының ақындығы ең алдымен айтыс өнерінде танылады. «Айтыс – майдан, айтысқан ақындар майданының жекпе-жектегі батыры» деп М.Әуезов айтқандай Әсет ақын да осы жекпе-жектен жеңіп шыққандардың бірі. Әсеттің сынға алғашқы түскен ең үлкен айтысы – Рысжан қызбен Қоянды жәрмеңкесіндегі айтысы. Осы айтысқа қазақ әдебиетінің классиктері М.Әуезов пен С.Мұқанов жоғары баға берген. Әсеттің айтыскерлігіне тоқталсақ, Әсет пен Ырысжанның айтысы – сипаты жағынан қыз бен жігіт айтысы түріне де, жұмбақ айтыс түріне де жатқызуға болатын айтыс. Айтыстағы қалыптасқан дәстүр бойынша, әр ақын өз руының атақты адамдарын, бай-мырзаларын, жер, суын, елін айтып мақтанатын, сол арқылы өздерінің артықшылықтарын көрсеткісі келетін. Әсет пен Ырысжанның айтысы бұндай көзбояушылыққа жол бермеді.
Айтыс бәйгесіне түсіп, жүлде алып, елге атағы шыға бастаған жалынды, албырт жас ақын, асқақ әнші Әсет ұлы ақынның, кемеңгер ақынның алдына келгенде 20 жаста болатын. Абай ауылы қазақ сахарасындағы өнер-білімнің, мәдениеттің өнегелі ордасындай еді. Сол кездегі Абайдың қасында ұдайы болған адамдары: Шәкәрім, Көкбай, Ақылбай, Мағауия, Тұрағүл, Кәкітай, Ахметбектер тобына Мұқа, Әсет келіп қосылған екен.
Атақты музыкатанушы Ахмет Жұбанов, Әсеттің сөзіне музыкасы сай келетінін айта келе: «Орындауы келіссе Әсет сахна сәнінің бірі. Әсіресе қайырмасында ән құйқылжып, төгіліп, шын мәнісінде ойнақтап, делебеңді қоздырып кетеді» деген.
Әсет — нәзік сезімді, ұшқыр қиялды лирик ақын. Ол – тілге бай, алғыр ойлы, бөгелмей жүйткитін айтыс өнерінің де ерен жүйрігі, сондай-ақ, алысқа алқынбай сілтейтін жүйрік, бай оқиғалы поэма, дастандар жазған ақын. Әсеттің атақты «Қызыл табан – ағаш ат» поэмасы Шығыс ертегі әңгімелерінің әсерімен жазылған, «Мың бір түн» сияқты өз уақытына жазылған екі жастың арасындағы махаббатқа құрылған ғылыми-фантастикалық поэма. Бүгінде оның 24 дастаны белгілі. Әсеттің көпке танымал шығыстың өлеңдерімен жазылған «Рүстем-Зораб», «Жамсап», «Шәкір-Шәкірат», «Бозжігіт» «Жүсіп-Зылиха», «Бақтияр», «Шеризат», «Француз патшасы туралы хикая», моңғолдың ертегісінің желісімен құрылған «Салиха-Сәмен», қазақ елінің қоғамдық қатынасы және әлеуметтік тынысын аша түсетін «Қызыл табан ағаш ат», «Кешубай», «Түсіпхан», «Төрт өнерпаз», «Нұғыман-Нағым» дастандары мен оның Абайдан кейінгі екінші болып аударған Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасы қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алады. Біраз дастандарын Шығыс әңгіме-аңыздарының оқиғасынан алып жырлаған Әсет Найманбаев бірінші рет өз дастанының оқиға желісін орыс өмірінен алып жырлаған. Абайдан кейін Евгений Онегинді қазақ халқына жеткізу – Әсеттің әдебиет тарихынан үлкен орын алатын еңбегі, қазақ және орыс әдебиетіне қосқан үлесі десек болады.
Сертке беріктік, уәдеге адалдық – Әсет шығармаларында ең көп жырланған тақырып. Әсет дастандарында махаббат, байлық, мансап, зұлымдық, адамгершілік бірдей қатар орын алып, шытырман оқиғалардың дамуы да, шешілуі де қызықтырып отырады. Әсет шығармашылығының қазақ мәдениеті мен әдебиетінің тарихынан алатын орны ерекше. Оның әуен саздары да, өлеңі де өнерімізге қосылған зор үлес. Өлең сөздерінен Әсеттің арманы, өнер жолындағы өмірі, өкініші мен қуанышы – бәрі, бүкіл жан дүниесі сезіледі. Оның әдеби және музыкалық мол мұрасы халықтың рухани игілігіне айналған, эстетикалық және тәрбиелік мәні зор ұлттық қазына. Әсеттің алғашқы шығармаларының бірі «Сәлиха-Сәмен» дастаны. 1945 жылы дастан Қытайдың Алтай аймағындағы Сарысүмбе қаласында басылып шыққан.
Әсет жастайынан ән салып, халық аузына іліккеннен бастап ән шығара бастайды. Оның алғашқы өлеңі «Інжу-Маржан» — ән өнерінің үздік үлгісі. Сазгер Ахмет Жұбанов «Әсет шығармашылығының шыңы» деп баға берген «Інжу-маржан» әні – сөзі мен әуені шебер ұштасқан, өзіндік өрнегі, мәнерімен ерекшеленетін қазақ әндерінің ғажап дүниесі. Өлеңдегі ақынның өзі жайында мағлұмат беруі, өз ерекшелігі, өнердегі, өмірдегі жолы, ата тегі жайлы баяндау ежелгі дәстүрдегі суырыпсалма ақындарға, сал-серілерге тән әдіс. Бұл дәстүрді Әсет те жалғастырған. Әсеттің сөзден бал тамызар шешендігін, суреткерлігін, маржан сөзді нөсерлете төгетін асқақ шабыты мен ақындық қуатын танытатын өлеңдерінің бірі – «Арғынмын, атым Әсет арындаған» деп басталатын өлеңі. Бұл өлеңде төкпе ақындарға тән шалқар шабыт та, сұлу үйлесімділік те орын тепкен. Әсеттің одан басқа «Мақпал», «Үлкен Ардақ», «Қисмет», «Кіші Ардақ», «Қаракөз», «Гауһар қыз», «Әпитөк», «Ақырғы сөз» және тағы басқа әндері белгілі. А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» кітабына ақынның «Інжу-Маржан әні енген.
Әсеттің әншілік өнерін кезінде Ілияс Жансүгіров аса жоғары бағалап, өзінің «Әншіге» деген өлеңін жазған болатын. Шындығында да ақын Әсет:
«Арғынмын, атым — Әсет арындаған,
Арындап ән сала ма дарымаған,
Аспанның аясында ән шырқаған,
Бұлбұлмын даусым көкте дамылдаған.
Төгіліп інжу-маржан сауылдаған», — деп жырлаған еді.
Академик М.О.Әуезов Әсеттің Абай ауылында 1888-1891 жылдары болып, ұлы Абайдың алдынан тағылым алғандығын жазса, абайтанушы ғалым Қ.Мұхаметқанов өзінің «Абайдың ақын шәкірттері» атты 4 томдық жинағында Әсетке үлкен орын беріп, сүбелі тұжырымдарын жасайды.
Әсет — қазақтың көрнекті лирик ақындарының бірі. Замана шындығын шынайы суреттеу, айналасын қоршаған тылсым дүние бояуларын өлең-жырмен, тамаша сөздерімен сол қалпында жеткізу тек қана Әсетке тән қасиеттердің бірі.
Белгілі жазушы С.Бегалин халық ақыны Кенен Әзірбаевтың туғанына 90 жыл толу мерекесі өтерде Кенекеңнен «Осы Әсеттің дауысы қандай еді?» деп сұрапты. Сонда Кенекең: «Мен осы жасыма дейін Әсеттің дауысындай зор дауысты естімеген едім, болса Әміренің дауысы Әсетке жетеғабыл болар», — деген екен. Шынында, Әсеттің ән айту ерекшеліктері өте күрделі. Әуен құрылымы да айтушыға жеңіл түспесі хақ. Әсеттің «Інжу-Маржан» әні қазақ ән өнерінің биік шыңы десе болғандай. Бұдан басқа Әсеттің: «Мақпал», «Қаракөз», «Майда қоңыр», «Ләйлім шырақ», «Қысымет», «Қоңыр қаз», «Шама», «Ардақ», «Желдірме, «Көктас», «Гауhар қыз», «Әпитөк», «Қанапия», «Жиырма бес», «Ырғақты» әндері — диапозоны өте жоғары, кең тынысты әндер. Әсет әндерінің әуезді әуендері бүгінде драмалық шығармалардан басқа опералық қойылымдарда, кинофильмдерде де пайдаланылуда. «Қазақстан» теледидары дайындап, сахналаған «Ғасырлар үні» атты дәстүрлі ән концерттік жобасының алғашқы шымылдығы да жыл сайын Әсеттің «Інжу-Маржан» әнінің әуенімен ашылады. Бұл, әрине, Әсет әнінің құдіреті. Оның әндерінің бізге жетуі белгілі әнші, халық әртісі Дәнеш Рақышовтың 1959 жылы өз Отанына келуімен байланысады. Дәнештен кейін М.Ешекеевтің, Ж.Кәрменовтың, Б.Тілеухановтың, Н.Жанпейісовтың орындауында ғана Әсет әндерін тыңдауға мүмкіндік алдық.
Әсет Найманбайұлы – сегіз қырлы, бір сырлы ақын, әрі әнші-композитор. Асқақ үнді, әсем ырғақты әндер шығарған сазгерлігіне қоса әдеби қорымызға көркемдігі жоғары мол мұра қосқан ақындығымен де оқшауланатын тұлға. Жалпы Әсет әндері кең тынысты, мол иірімді болып келгендіктен, оны орындау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ән құрылысында Жетісудың нәзік үні, Арқаның ащы дауысы, Батыстың екпіні желдірмесі, Алтайдың ойнақы әуені жиі кездеседі. Оның өлең-жырлары, айтыстары мен дастандары және музыкалық шығармалары халқымыздың әншілік дарынын, даналыған танытқандай, ұрпақтар ғибрат алғандай асыл мұра, әдеби қазына.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы, 1997, 709-719-беттер.
2. Қ.Мұхамедханұлы «Абайдың ақын шәкірттері» (-Алматы: «Дәуір», 1994, 3-ші кітабы)
3. Жұбанов А. «Замана бұлбұлдары». Алматы, 1975
4. Бес ғасыр жырлайды. II том, Алматы, 1989, 337-345-беттер
5. https://massaget.kz/
6. С.Қожағұлдың «Әсет ақын» (–Алматы: «Қазақ тарихы», 2003),