Аймақтық компоненттерді пайдалана отырып биологиялық білім, тәрбие берудің негізгі міндеттері мынадай болуы тиіс:
- Оқушыларды сезімталдық қасиетке баулу. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап табиғат сұлулығын көріп, тани білуге, яғни экологиялық мәдениеттілікке тәрбиелеу.
- Оқушылар бойында қоршаған ортаны қорғау және онымен жарасымды қатынас жасауда оның өмірлік көзқарасын қалыптастыру, яғни азаматтық, әдептілік тәрбиесін беру.
- Әртүрлі өндіріс саласында мектеп бітірушілерге жаратылыстану және қоғамдық ғылымдарды игеруге болатындай экологиялық білім беру яғни, экологиялық ғылыми білімнің іргетасын қалау.
- Биология сабақтарында аймақтық компоненттерді қолдану арқылы, оқушылардың экологиялық санасын қалыптастыру. Сол арқылы мектеп мұғалімдері мен оқушылар арасында экологиялық білім, тәрбие құндылықтарын насихаттау. Аймақ компоненттерін сыныптан тыс жұмыстарға кеңінен қолдануға жол ашу.
Аймақтық компоненттерді танып білу көп жағдайларда сыныптан және мектептен тыс жерлерде өткізіледі. Сондықтан да жергілікті жердің табиғатын оқушылар өте жетік білулері қажет. Аймақтық компоненттерді пайдаланған кезде ең үлкен жетістік- айналаны, қоршаған сыртқы ортаны қорғаудың қажет екені бірден айқындала түседі. Өзінің туған ауылының биосферасын сүю, оны аялау, қорғау туған жеріне тек қана экологиялық білім мен тәрбие беру арқылы өлкетану материалдарын пайдалана отырып жүргізгенде ғана айтарлықтай қорытындылар алынады.
Өзінің туған жеріне, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, фенологиялық бақылау жасауда, жас жеткіншектер нақтылы экологиялық білім мен тәрбие алып қана қоймай, олар биосфераның қалай пайда болғанын, дамығанын және қазіргі кездегі жағдайын біледі. Мектепте жүргізілетін экологиялық оқу-тәрбие жұмыстары жаратылыстану пәндерінде оқылған тақырыптарды тереңдетуге ғана мүдделік танытпай, жас ұрпақтың табиғат сырын түсінуге бағытталған іздену жұмыстарына қозғаушы болуы керек.
Кез келген тәрбиенің негізі болашақ ұрпақтың бойына бала кезінен сіңірілсе, онда ол тамырын тереңге жайып, жемісін берері сөзсіз. «Отан от басынан басталады» деп қазақ мақалында айтылғандай ұлы Отанға деген махаббат, патриот сезімі ең алдымен, кіші Отанға деген сүйіспеншілікпен басталуы керек. Бұл сезімді бала жүрегіне мектеп табалдырығынан аттаған күннен бастап жол ашып, ұялату қажет. Ол,әсіресе, бастауыш сыныпта дүниетану пәнінде аймақтық компоненттерді қолдану арқылы іске асады.Бастауыш сыныпта оқытылатын аймақтық компонент арқылы төмендегідей мақсаттар шешіледі:
- Оқушылар өзінің туған өлкесін, жергілікті жердің ерекшеліктерін танып, зерттеп, бақылап, білімдерін толықтырады.
- Ой-өрістері артады, ізденімпаздық танымдық, шығармашылық қабілеті дамиды.
- Елін, жеріне деген сүйіспеншілігін оятып, өзін қоршаған ортаға, табиғатқа дұрыс көзқарасын қалыптастырады
- Айналадағы қоршаған орта мен дүние,адам,табиғат,қоғам туралы түсініктерін байытады
Таңдалған тақырыпқа негізделген тапсырмалардың көбі оқушылардан шығармашылық, танымдық, ізденімпаздық іс-әрекетті талап етеді. Тірек сөздермен сөз құрау, әңгімелеу, сурет салу, альбом, буклет жасау жұмбақ құрастыру, т.б. сияқты жұмыс түрлері енгізілді. Өз аймағын зерттеу жұмысына бастауыш сыныптан бастап кіріседі. Әр тараудан алынған аймақтық компонентті оқуға жеке сағат берілмейді. Ол календарлық жоспарда берілген тақырып ішіне кіреді. Тақырыпты өткен кезде кіріктірілген аймақтық компонентті әр мұғалім өз сыныбының ерекшелігіне сай күнделікті жоспарына кіргізеді. Берілген жұмыс түрі тақырыпты меңгеруге бағытталған.Тапсырмалар сыныпта орындалады немесе үйге тапсырма беру арқылы іске асады. Жергілікті жердің материалын оқыта отырып, әр мұғалім Қазақстанның патриотын, елін жерін құрметтей білетін азамат тәрбиелеп шығарары сөзсіз.
«Қазақстан болашағы – бүгінгі жастар, сіздер оларға қалай білім берсеңіздер Қазақстан сол деңгейде болады» – деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, жаңалықты ашу, оны оқу үрдісінде пайдалану бүгінгі ұстаздар қолында екені сөзсіз. Біз ХХI ғасырдың ғылыми жетістігіне қол жеткіздік, оны іске асыру үшін ерінбей ізденіспен еңбектеніп бар қажеттілікті пайдалануға мүмкіндік бар.
Осыған орай биология пәнін оқытуда жергілікті жер материалдарын күнделікті сабаққа пайдалануда мен өз іс-тәжірибемде қолданып келемін. Жергілікті жер материалдарын қолдану біріншіден оқушының қызығушылығы арттырып туып-өскен ортасын аялап теориялық біліммен ұштастырса, екіншіден оқушыға берілетін экологиялық білімнің мәнін қалыптастырады.
Табиғат пен тіршілік атаулы ажырамас серік оны бағалау барын мүмкіндігіне қарай тиімді пайдалана білу адам баласының саналылығы мен сезіміне, адамгершілігі мен өскен ортасына байланысты. Осы тылсым дүниенің қыры мен сырын білу үшін алдымызда отырған ұрпаққа білімді жоғары деңгейде жеткізу , үйрете білу ерінбей еңбектену ұстаздардың борышы.
Бүгінде «Алғабастың бес көлі» десек,өзге жақтың адамдарының көз алдына бүкіл Шығыс Қазақстан үшін сұлулықтың символы боларлықтай мәңгі жас, қайталанбас әсем табиғаты бар өңір келеді. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші,осындай жұмақ жерде, алтын бесік елде туып өскен көпшілігіміз олардың қадір –қасиетін,бағасын түсіне бермейді екенбіз. Міне, сондықтан да біз өз ауылымыздың қадір-қасиетін ұқтырып,дәрілік өсімдіктерін,жануарларын, балықтарын зерттеу арқылыоқушыларға туған жерімізді бір қырынан танытсақ. Осы тұрғыда мақсатыма жету үшін төмендегі құрылымдарды басшылыққа аламын.
1. Оқушылардың дүние танымын қалыптастыру.
2. Табиғатқа саяхат жасау.
А). жергілікті жердегі жан-жануарларымен өсімдіктерін анықтау.
Б). Фото суреттерге түсіру.
3. Алғабас ауылымыздың маңындағы бес көлдің табиғатымен жете танысу.
4. Экологиялық тәрбие беру.
5. Жергілікті жер материалдарын ғылыми деректермен ұштастыру.
6. Ақбауыр тарихи ескерткіш орнына саяхат жасау.
Жинақтаған материалдарымды, жазған деректерімді биология сабағында тақырыптарға сай көрнекілікке қолданып, оқушыға берілетін білімнің сапасын жоғарылату .
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Экология Г.С Оспанова Г.Т Бозшатаева. — Алматы: 2002ж
2. Жасыл әлем сырлары.Қ.Ж Сыбанбеков. — Алматы: Рауан.1990ж