Жумагалиева К.Ж., мұғалім-логопед, «№6 арнайы мектеп-интернаты» КММ, Семей қаласы
Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға қатысты мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі мәселелердің бірі — оларды қоғамдық өмірге дайындау, әлеуметтік бейімдеу, жан-жақты дамуларына көмек көрсету, әлеуметтік өмір шеңберінде тең құқылы тіршілік ете алуларына жағдай жасау. Бұл міндетті асыруда оқушылардың сөйлеу тілін дамыту маңызды рөл атқарады.
Ерекше білім беруге қажеттілігі бар оқушылардың сөйлеу тілін дамыту орасан зор жұмысты қажет етеді. Уақытылы дұрыс, таза сөйлеуді меңгерту – толыққанды тұлға ретінде қалыптасуда маңызды мәнге ие. Тілдік қабілеті жақсы дамыған адам қоғамдық қатынасқа жеңіл енеді, ол өзінің ойларын, көкейдегі сұрақтарын түсінікті етіп жеткізе алады. Ал, керісінше түсініксіз сөйлеу — қоршаған ортамен өзара қатынасты барынша қиындатады және адам мінезіне де өз әсерін қалдырады. Тілдегі мүкістік баланың өзіне деген сенімділігін жоғалтады.
Мүмкіндігі шектеулі бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу тілінің бұзылуы — қазіргі тандағы кең таралған мәселелердің бірі. Оқушылардың сөйлеу тілінің бұзылуы оның психикалық дамуына, оқуда жетістіктерге жетуіне кері әсерін тигізеді. Сөйлеу тілінің бұзылуы оқушылардың таным қабілеттерімен тығыз байланысты. Ерекше білім беруге қажеттілігі бар оқушылар зейіні тұрақсыз, ойлау қабілеті төмен, есте сақтау қабілеті нашар, тез шаршағыш болып келеді Бұл санаттағы оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы төмен. Сөйлеу тілін дамыту оқушыларды оқу үрдісіне қызықтырумен тығыз байланысты. Сондықтан да оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттыруда ертегінің алатын орны зор.
Ертегі баланы парасаттылық пен тапқырлыққа баулиды. Мұнда балаларға үлгі, өнеге боларлық терең ойлар айтылады. Ертегі оқиғасындағы әр-алуан кейіпкерлердің іс-әрекеттері, ол кейіпкерлердің тапқырлық іскерлік, айлакерлік іс-әрекеттері, аңқаулық мінездер балаларды таң-тамаша қалдырып, сүйсіндіреді. Ертегілердің осындай ерекшеліктері балалардың талғамын, сөйлеу мәдениетін, байланыстырып сөйлеуін дамытып,өз ойын жүйелі жеткізе білуге үйретеді. Ертегі тыңдау арқылы бала оған еліктейді,өзі де ертегінің басқа түрін ойлап шығарады. Түйсік қабілеттері дамиды. Кішкентайынан ертегі тыңдап өскен бала ақылды, зерек, терең ойлы, зейінді болып өседі. Ертегі жаңа буынның сана-сезімін оятып, ақыл-есін дамытып адамгершілікке тәрбиелейді. Ертегі арқылы бала жүрегіне жол табуға болады.
Өзім ұстаз ретінде осы санаттағы балалар тобымен жұмысымда ертегілерді кеңінен қолданып келе жатырмын. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жоспарлаудан бастадым. Қазақ тілі, оқу және тіл дамыту сабағының жоспарына балаларды қызықтыратын ертегілерді енгіздім. Ертегі таңдаудағы негізгі қағида — бұл ертегідегі ойдың, адамгершілік құндылықтардың, ситуациялық жағдаяттардың балалардың жас ерекшеліктеріне сай болуы.
Қазақ тілі, оқу және тіл дамыту оқушылардың сүйсіне тыңдап, сүйіп көретін ертегілерін қолдану оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырады. Оқушылар ертегіні мұқият тыңдап, рөлге бөліп ойнайды. Әр оқушы кейіпкерді өздігінен таңдайтын болды. Ертегі кейіркерінің сезімін бастан өткізу арқылы олардың эмоциялық жағдайын есте сақтай біледі. Ал сезім арқылы сақталған ес ең күшті және өмір бойына сақталады. Ертегілер арқылы оқушылар жаман мен жақсыны айыра бастады, қиялдары шарықтады. Қиялдың дамуы баланың толыққанды тұлға ретінде қалыптасуына маңызы зор. Балаларда эмоциялық қарым-қатынасқа деген қажеттілікті тудырды.
Ертегідегі ойды білдіру үшін балаға лексикалық сөздік қор керек болды. Сондықтан да ауызша тілді дамыту үшін оқушылардың сөздік қорын молайтуды көздедім. Балалардың сөздік қоры дамығанда көру және есту, образды ойлау, зейіні, есі бірге дамиды. Жекелей сөзбен жұмыс барысында оқушылардың сөзді түсінуі, қолдануы кеңейді. Оқушылардың заттар атауларына, табиғат құбылыстарына, қоршаған ортаға байланысты сөздік қоры молайды. Сөздік қорының молаюы болашақта сөйлемдер құруға негіз болады. Оқу іс-әрекеттерінде ертегілерді қолдану арқылы пәнаралық байланысты жүзеге асыруға болады. Ертегіні сабақтың басында қызығушылықтарын ояту мақсатында, ортасында жұмыс түрін түрлендіру үшін, соңында оқыған материалды бекіту үшін қолдану тиімді. Санау пәнінде де ертегілерді қолдану сабақты жандандырады. Мысалы; «Жыл басына таласқан хайуанаттар» ертегісін қазақ тілі, оқу сабағында оқып, мазмұнымен танысып, енді санауда осы ертегі кейіпкерлерін пайдаланып, денелердің көлемін салыстырады. Атап айтсам, түйе мен тышқанды, қой мен сиырды салыстыру арқылы «үлкен», «кіші» немесе «биік», «аласа» деген ұғымдарды бекітуде қолдандым. «Жеті лақ» ертегісінің сюжеті, суреттері арқылы тура және кері санауға үйренді. «Көп», «аз» ұғымдарын қайталадық. Ең танымал ертегі кейіпкері — бауырсақты құтқару үшін тапсырмаларды орындау арқылы оқушылардың осы пәнге деген қызығушылығы артты.
Айналамен танысу пәнінде хайуанаттар туралы ертегінің таныс кейіпкерлерін жабайы және үй жануарларына топтастырдық. «Не қалай дыбыстайды» ойынын ойнату арқылы балаларға аңдар мен жануарлардың қалай дыбыстайтындығы бойынша балалардың жақ сүйектерінің дұрыс қалыптасуына, есту тілдерінің дұрыс дамуына әсер етті. Бұл жұмыс түрлері бейнелеу, заттық-тәжірибелік әрекет сабақтарында да жалғасты. Бейнелеу сабағында балалар сүйікті кейіпкерлерін бейнелесе, келесі сабақта мүсіндеумен айналысты. Сабақтан тыс уақытта ертегі кейіпкерлерін саусақ театры бойынша сомдадық. Бәріміз білетіндей, қол моторикасының сөйлеу тілін дамытуда маңызы зор. Саусақ ойыны арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысы, қабілеті дамып,ынтасы артты және шығармашылық әрекетіне жол ашылды.Саусақтарының қимыл-қозғалысына қарап, бала қуанады, шаттанады, сөздерді айтуға тырысты және өлеңдегі үйренген шумақтарды қайталап айта отырып, есінде сақтайтын болады.Сонымен қатар, балалар екі қолын қимылдата отырып, оң,сол, жоғары,төмен т.б. түсініктерді бағдарлай алуды үйренді.
Саусақ театр арқылы сыныбымызбен ертегі құрастыруды үйрендік. Әр оқушы бір сөз, бір сөйлем болса да айтуға тырысты. Ал, мен өз кезегімде оқушыларымның ойын жинақтап, ертегі құрастыруға көмектестім. Оқушылар үйренген сөздерін, ертегілер кейіпкерлері туралы білгендерін үйлеріне айтып баратын болды. Соның арқасында ата-аналар жұмыстың бұл түріне қызығушылық таныта бастады.
Жасалған жұмыстарды қорыдындылай келе, ата-бабамыздан мұра болып қалған ертегілеріміздің ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларымызға берері мол деп айтқым келеді. Ертегілер балаларды қызықты желісімен сусындатып қана қоймай, баланың жан-жақты дамуына, әсіресе сөйлеу тілінің дамуына көп септігін тигізеді. Ертегіні балаларды қызықты желісімен сусындатып қана қоймай, баланың жан-жақты дамуына, әсіресе, сөйлеу тілінің дамуына көп септігін тигізеді. Ертегіні қолданудың тиімділігін оқушыларымның бойындағы өзгерістерге негіздеп айтқып келеді. Оқу жылының аяғында оқушылар сөйлеу тілінде жекелей сөздерді, сөйлемдерді қолдана бастады. Айтқан сөздері анық, өз ойларын жеткізе алатын болды. Оқушылардың бойында өзіне деген сенімділік пайда бола бастады. Сыныптастарының есімдерін айтып үйренді, сөздік қорлары молайып, сөздерді анық айтатын болды.
Жұмысымды қорытындылай келе, педагогикалық тәжірибемде қолдануды жалғастырамын деп шештім.
«Ұстаз» деген ұлағаттың шайыры,
Қадірінің тиетұғын қайыры.
«Ұстаз» деген шуағы мол шапағат,
Шаршамайтын, шалдықпайтын тәйірі – деп жүрегі мейірім-шапағатқа, жан жылулығына толы барша ұстаздар қауымын аянбай еңбек етіп, «әр бала бір жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет» деген қағиданы естен шығармауға шақырамын!
Әдебиеттер:
- Қалиев С. Халық ертегілері . Тәрбие құралы. – 2005. — №11. 3-76.
- Сайлыбаева Ж. Ауыз әдебиеді үлгі арқылы баланың тіл байлыгын дамыту. – 2004. — №5. – 25-26 б.
- Мендаяхова Қ. Байланыстырып сөйлеуге үйрету арқылы қазақ тілін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері.
- Ералиева М.Оқытудың қазіргі технологиялары Бастауыш мектеп-2007 №5