Камзина Ардак Нурахметовна, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ ЖжГПОӘ кафедрасы, аға оқытушы
Қазіргі ХХІ ғасыр талаптары мектеп оқушыларына бүгінгі заманда және келешекте табысқа қол жеткізу үшін бұрынғыға қарағанда анағұрлым көп дағдыларды меңгеруі қажет екенін көрсетеді. Динамикалы дамып келе жатқан, зияткерлі және көпмәдениетті ортада табысты болу үшін оқушылардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту маңызды болып табылады.
Балаға оқу қызметінің субъектісі ретінде қарап, шығармашылық қызығушылықтары негізінде білімге құндылық бағдарын қалыптастыра отырып, танымдық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру және жан-жақты дамыған, шығармашыл тұлға қалыптастыру мұғалімдердің алдында тұрған басты міндет.
Оқыту әр оқушының белгілі бір білімді «ашу» процесі ретінде құрылуы керек. Оқу процесін белсенді қызметке айналдырып, оқушыларға оқу-танымдық қызметінде жаңа мәліметтер мен идеяларды өз беттерімен, тәуелсіз меңгеріп, танымдық «жаңалық» ашу, шығармашылық тапсырмаларды орындау негізінде түрлі өнімдер жасауға, алған мәліметтері пайдалы болатындай ойлануына мүмкіндік туғызу аса маңызды.
Бастауыш сынып мұғалімдері оқушылардың жаңа идеяларды әр түрлі көзқараспен зерттеп, шынайылығы мен пайдасын талқылап, идеяның жалпы құндылығын анықтай алуына көмектесетін белсенді оқуды жүзеге асыра алулары қажет.
Оқытудың белсенді әдістері — бұл оқушыларды оқу материалын игеру процесінде белсенді ойлау және шығармашылық іс-әрекетке итермелейтін әдістер.
Белсенді әдістерді пайдалану кезінде оқушылар түсіну процесіне толыққанды қатысушылар болады, оның тәжірибесі оқу танымының негізгі қайнар көзі қызметін атқарады. Мұғалім дайын білімді бермейді, бірақ оқушыларды өз бетімен ізденуге үйретеді.
Оқу процесінде оқушылардың оқу әрекетін ұйымдастыру және шығармашылық қабілеттерін дамытуды жүзеге асыру үшін бастауыш сынып мұғалімдері белсенді әдістерді тиімді пайдалануы қажет. Мысалы, «Әдебиеттік оқу» пәнінде оқушылардың оқырмандық сауаттылығын, шығармашылық қабілеттерін арттыруда белсенді әдістерді ұтымды қолдануға тоқталайық.
Мәтіндермен жұмыс барысында ҰТМП әдісін қолдану арқылы оқушы мәтіннің мазмұнын түсінеді, жүйелі, түйінді ой айтып, сөйлеуге, талдауға дағдыланады.
Ұ — ұстаным немесе көзқарас. Алғашқы сөйлем (ұстаным/ позиция) төмендегі сөздерден басталуы тиіс: «Менің ойымша, бақыт деген …….
Т — түсіндіру немесе негіздеу. Екінші сөйлем (өз ұстанымын түсіндіру, негіздеу) келесі сөзден басталады:) «Себебі, ………»
М – мысал. Үшінші сөйлем (өз ұстанымының дұрыс екенін іс-жөнінде дәлелдеу. Келесі сөзден басталады: «Мен мұны келесі мысалдармен дәлелдеймін…»
П — пайымдау немесе нәтижесі. Төртінші сөйлем (нәтижесі, талдау, пайымдау) келесі сөздерден басталады. «Осыларға сүйене отырып, мен мынандай қорытындыға келдім…»
Оқушылар берілген мәтінді оқиды. ҰТМП әр кезеңнің талабына сай өз ойларын жазады.
«Дербес пікір жазу» әдісі оқушылардың мәтіндегі негізгі ойды анықтауда, өзіндік ой-пікірін шығармашылық тұрғыда білдіруде тиімді болып табылады. Мысалы, 4 сыныпта «Туған елге сағыныш» тақырыбын өткенде «Дала сұңқары қиырға қарайды» мәтінімен танысқаннан кейін, оқушыларға Шоқанның туған жеріне деген сағынышына өз пікіріңді білдір. Өзіңнің туған жеріңе деген сағыныш сезіміңді салыстыра отырып жаз деген тапсырма беруге болады.
«Шығармашылық шеберхана» әдісін әдебиеттік оқу және дүниетану сабақтарында үлкен жетістікпен қолдануға болады. Оқушылар сабаққа берілген тақырыпқа суреттер, иллюстрациялар дайындайды, шығармалар, өлеңдер, әңгімелер жазады, мақал-мәтелдер таңдайды, көркем еңбек сабақтарында дәптерлер, ерекше формадағы кітаптар жасайды. Тапсырма топтарға бөлініп, берілген тақырып бойынша топтық жобаны құру және ұсыну үшін беріледі. Оқушылардың практикалық іс-әрекеті барысында оқу кабинеті нағыз шығармашылық шеберханаға айналады. Сабақтың соңында керемет туындылар пайда болады. Әр шешім ерекше, мәнерлі. Бірлесіп жұмыс істеуді, топтарда жұмыс істеуді, сыныптастарының пікірін тыңдауды, бірге жиналған материалдардан керемет жұмыстар (картиналар, газеттер, кітаптар) жасауды үйрену — осы сабақтың басты мақсаты.
Келесі, «Әдеби шеңбер» әдісі мәтінді кеңінен, толығымен сыни талдауда тиімді болып табылады. Мысалы, 3 сыныпта «Киіктің айласы» мәтінін қарастырайық.
1. Баяндап беруші ( Мәтіннің мазмұнын баяндап беру)
2. Зерттеуші (Мәтінді түсіне отырып, басты кейіпкер туралы сипаттайды,мәтіннен таныс емес сөздерді тауып,түсіндіреді).
3. Сұрақтар құрастырушы (Жуан және жіңішке сұрақтар дайындайды).
4. Сілтемелер табушы (Киіктің айласы тақырыбының негізгі ойын ашатын мақалдар табады) .
5. Бейнелеуші суретші.(Мәтін бойынша сурет салу, суреттері мәтіннің мазмұнын ашатындай болу керек. Өлең құрастырып та бейнелеуге болады).
6. Дәнекер (Мәтіндегі текенің әрекетін өмірмен байланыстырып айту).
«Суретті әңгімеле» әдісі оқушыларға берілген суреттің бір бөлігі бойынша әңгіме құратуға, оқиғаның басын және соңын болжату арқылы тапқызуға қолайлы. Оқушыларға сурет көрсетіліп, әңгімелетіледі. Қажет болған жағдайда әңгіменің жаңа сөздерін алдын ала үйретуге болады. Сурет әңгіменің бір бөлігі екені ескертіледі. Оқушыларға суретте бейнеленген сәттің алдында не болғаны және кейін не болатыны болжатылады. Оқушылардың өз әңгімелерін тыңдалғаннан кейін әңгіменің толық нұсқасы оқып беріледі. Оқушылар өздері құраған әңгіме мен шынайы әңгіменің шынайы сюжетін салыстырады. Оқушыларға әңгімедегі негізгі ойды табу тапсырылады.
«Болжау» әдісін қолдануда тақырып атауы келтірілгеннен кейін оқушыларға «Бүгінгі сабақта әңгіме не туралы болады (қандай тақырып маңайында өрбиді, қандай негізгі мәселелер көтеріледі, т.с.с.)?» деген сұрақ қойылады. Оқушылар осы сауал төңірегінде ойланып, өз ойларын ортаға салады.
Кейінірек оларға: «Сіздердің болжауларыңыз тура келді ме, жоқ па? Неліктен деп ойлайсыз?»деген сұрақ қойған орынды. Болжауды сабақ кезеңдер арасында да қолдануға болады: «Сабақта ары қарай қандай мәселе сөз болады деп ойлайсыздар?»
Бұл жерде, әрине, мәселе оқушылар болжауының дөп тиіп, дұрыс болуында емес, ең бастысы олардың тақырып бойынша шығармашылықпен ой қозғауы. Мұнда бұрыс жауаптардың өзі де ұтыс жағдайында болады: есесіне оқушылар сабақ барысында өз қателерін өздері түзетеді.
«Туған жер» тақырыбын өткен кезде «Концептуалды кесте» әдісі арқылы мәтін бойынша туған жерге деген құрметті, өз туған жеріне деген құрметпен салыстыра жазуға тапсырма беруге болады.
| Мәтін бойынша туған жер | Салыстыру сызығы | Өз туған жері |
Бұл әдіс оқушылардың білім шығармашылық тұрғыда қолдана білу қабілетін арттырады.Оқытудың әдіс-тәсілдері арқылы оқушылар танымдық қызметпен айналысады, тәжірибелік іскерліктері мен шығармашылықтары дамиды.
Қорыта келгенде, жаңартылған білім мазмұны жағдайында оқушының өз бетімен білімді игеру барысында оның белсенді іс-əрекетін ұйымдастыру арқылы шығармашылық қабілетін дамыту оқу үдерісіне қойылатын негізгі талаптардың бірі болып табылады.
Сондықтан, заманауи оқу ортасында оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, танымдық белсенділіктерін арттыруда белсенді әдістерді тиімді қолдану қажет. Бұл, өз кезегінде әр оқушының оқу ортасында белсенді қызметпен айналысып және сол арқылы оқытудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016
2. Бастауыш білім беру мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 327 қаулысы
4. Основы педагогического мастерства: Учеб. пос. /В.А. Скакун.- М.: Просвещение, 2010.-356с
5. Активизация познавательной деятельности младших школьников / Под ред. М.П.Осиповой, Н.И.Качановской. — Минск: Народная Асвета,2007.- 111с.
6. Современный урок: от традиции к иновациям: мет. пос./сост.: С.З. Байхонова, Г.С.Жуманова, С.Е.Нуркенова.- Усть-Каменогорск, 2016.- 70с.