Аубакирова Д.С., ШҚО ББ «№8 арнайы мектеп- интернаты» КММ, Өскемен қаласы.
Қол еңбегі пәнінің мақсаты – білім алушыларда оларды әлеуметтік бейімдеуге және өз бетінше еңбек етуге дайындауға көмектесетін бастапқы технологиялық білімді, еңбектік икемділіктер мен дағдыны, еңбекті жоспарлау мен ұйымдастыру тәсілдерін қалыптастыру болып табылады.
Қол еңбегіне оқыту процесі негізінен жаппай жүргізіледі. Сонымен бірге, жеңіл ақыл-ой кемістігі бар білім алушылардың типологиялық және тұлғалық ерекшеліктері, олардың еңбектегі дербестігіндегі айырмашылықтар сараланған тәсілдемені қолдануды талап етеді. Бастауыш сынып білім алушыларын еңбекке оқыту барысында әр баланың жетістігін бақылау, мүмкіндігін анықтау үшін жекеленген зерделеу тәсілдемесі қолданылады. Ақыл-ойы дамымаған білім алушылардың психофизикалық даму ерекшеліктеріне байланысты олар оқытудың бастапқы кезеңінде мұғалімнің көмегін қажет етеді және көптеген еңбек тапсырмаларын өздігінен орындай алмайды. Алайда оқытудың әр түрлі кезеңдеріндегі мұғалімнің көмегі түрленіп тұруға және біртіндеп азая береді;
Ақыл есі кем балаларды қол еңбегіне баулу- арнайы мектептің оқу және түзете тәрбиелеу жұмысының жалпы жүйесіндегі маңызды бөлігі болып табылады. Бастауыш сыныптардағы қол еңбегі пәні арнайы міндеттерді шешумен қатар оқушыларды кәсіптік еңбекке оқытуға дайындауға бағытталған. Қол еңбегі пәнін ұйымдастыру үлгісімен бастауыш сыныптар апталығының аясында өткізілген ашық сабақ жоспарыммен бөліскім келді.
Қол еңбегі 3- сынып
Тақырыбы: Үлгі бойынша ермексаздан қозыны мүсіндеу
Сабақтың мақсаты: —І-ІІ тип.топ:оқушыларға үлгіге қарай отырып қозының
мүсінін илеп жасауға, жұмыс орнында материал мен құралдарды дұрыс орналастырып, қолдана білу,
-өздігінен тапсырмаларды орындай білу, үйрету,ермексазды илеу әдістері бойынша, біріктіру әдістері бойынша алған дағдыларын бекіту;
-ІІІ тип.топ: мұғалімнің көмегімен үлгіге қарай отырып қозының мүсінін жоспар бойынша илеп жасауға үйрету,ермексазды илеу әдістері бойынша, біріктіру әдістері бойынша алған дағдыларын бекіту;
Құндылықтарға баулу: -ұқыптылық, тазалық дағдылары қалыптасады;
-сүйіспеншілік сезімдері, ұйымшылдық,сыйластық, ынтымақ, еңбексүйгіштік құндылықтар қалыптасады.
Пәнаралық байланыс: айналадағы әлем, тәртіп мәдениеті, ТӘТ, музыка және ән, ырғақ.
Сабақ барысы:
Сабақтың тақырыбы мен мақсатын хабарлау.
Ұйымдастыру кезеңі: Сабаққа көңіл- күйлерін дайындау.
-Құрметті қонақтар! «Мейірім» шеберханасына қош келдіңіздер!
Біздің шеберхана — әр түрлі тапсырыстарды орындап, талай жандардың көңілінен шығатын шеберханалардың бірі. Бір айта кететіні, шеберхана тапсырыстарды тегін, тек «рахмет» деген сиқырлы сөз, алғыс алу үшін орындап, игі істер қатарын көбейтеді. Біздің шеберханада тапсырыс қабылдаушы, 2 шебер және олардың оқушылары қызмет атқарады.
-Еңбек сабағында қандай материалдармен жұмыстар жасаймыз?
-«Ынтымақ» шеңбері. Сабақтың сәтті өтуі үшін қандай мақал- мәтелдерді ұстаным ретінде алдық?
1) Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.
2) Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті.
Ердің атын еңбек шығарады.
3) Оқу мен еңбек, бәрін де жеңбек.
4) Ерінбеген етікші болар
5) Ердің атын еңбек шығарады.
6) Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады.
7) Еңбек түбі- мереке,
Көптің түбі- береке.
Осы мезетте Ақтөс күшік видеоқоңырау шалады:
— Сәлем, достар! Мені таныдыңдар ма? Өздеріңді көргеніме сондай қуаныштымын! Сендер қандай мейірімді едіңдер! Талай тапсырыстар алып, сыйлықтар жасап, достарымды қуантып жүрсіңдер, ол үшін сендерге көп рахмет! Менің достарым Наурыз мерекесіне орай төрт түліктің мүсіндерін жасап көрме ұйымдастырмақшы екен. Ендеше, сол көрмеге сүйкімді қошақандарды жасап беріп, көмектессеңдер қайтеді?
-Сонымен, біз сендермен Ақтөс атты күшіктен тапсырыс алдық, ермексаздан қозыларды илеп жасайтын боламыз. Тапсырысты жасап болғанша 2 шебер әр тобындағы оқушылармен барлық жұмысты қадағалап, маған көмектесетін болады.
Ермексазбен жұмыс кезіндегі тазалық сақтау және қауіпсіздік ережелерін қайталау.
Ермексаздың қасиеттері мен илеу әдістерін еске түсіру. Илеу әдістері: жұмсарту, домалақтау, жалпақтау, есу, басу, үшкірейту, созу. (Әрбір дұрыс жауап үшін экранда белгі беріледі)
Дайын бұйымды талдау. «Ыстық орындық» әдісі -Қошақан қандай қалыпта орналасқан? (ол төрт аяғын тең басып тұр)
-Қозының денесіндегі негізгі бөліктеріне ,қосымша бөліктеріне не жатады және олар қайда орналасқан?
-Денесінің сыртын не қаптаған?
-Қай дене мүшелері сопақшаға, ал қайсысы дөңгелекке ұқсайды?
-Дене мүшелері қалай біріктірілген?
-Дене мүшелері қалай біріктірілген?
Жұмыс жоспарын құру.








Жұмысты орындау. (баяу, тынышты әуен ойнап тұрады)
Жұмысты орындау барысында топ щеберлері ІІІ топ оқушыларына көмек көрсетіп, бағыт- бағдар беріп отырады. Жеке жұмысты қажет ететін оқушыларға қозының денесіндегі қосымша бөліктер дайын түрде беріледі де, өздіктерінен ермексаздың 2 бөлшегінен басы мен денесін илеп жасау талап етіледі.
Сөздік есеп беру.
«Жетістіктер сатысы»
-Сабақта ненің мүсінін жасадық?
-Жұмысты алдымен неден бастадық?
-Ең соңында немен аяқтадық?
-Қозыны илеп жасау үшін қандай илеу әдістерін пайдаландық?
-Қандай мейірімді істер жасадыңдар?
-Сабақтағы ең белсенді болған оқушыларды ата
Жасалған бұйымдарға баға беру.
Сабақ қорытындысы. Рефлексия
Сабақ соңында Ақтөс видеоқоңырау шалады.
-Достар, сендерге көп алғыс білдіремін, сендер -нағыз дос , мейірімді, тәртіпті, әдепті, кішіпейіл жандарсыңдар! Достарым бір қуанатын болды.
Тапсырысты сондай сапалы етіп жасапсыңдар! Келесі жүздескенше! Келе жатқан Наурыз мерекесі баршамызға амандық, ырыс, берекесін алып келсін!
Бұл сабақтың үлгісін әріптестерім өз жұмыстарында пайдалана отырып,кәсіби шығармашылықтарын шыңдап,ерекше білімді қажет ететін оқушыларды еңбекке баулуда түзету жұмыстарын түрлендіріп, еңбек тапсырмаларын орындауға арналған қажетті дағдылар қатарын дамытуға септігін тигізеді деп санаймын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жеңіл ақыл-ой кемістігі бар білім алушыларға арналған бастауыш білім беру деңгейінің 0-3сыныптары үшін «Қол еңбегі» пәнінен жаңартылған мазмұндағы
үлгілік оқу бағдарламасы — 2013 жылғы 3-сәуірдегі №115 бұйрығына
305-қосымша
2. «Я леплю из пластилина» И.А. Лыкова.-Москва,2000
3. «Занятия по лепке в детском саду» Т.Е. Иванова- Москва,2001
4. Ғаламтор көздері-https://vplate.ru/images/article/thumb/715-0/2021/02/kak-slepit-barashka-i-ovcu-iz-plastilina-37.jpg
5. Ғаламтор көздері-https://vplate.ru/images/article/thumb/715-0/2021/02/kak-slepit-barashka-i-ovcu-iz-plastilina-38.jpg