
Шарипказина Динара Кабдолдановна
ШҚО ББ Глубокое ауданы бойынша ББ
«Опытное поле орта мектебі» КММ
даярлық сынып тәрбиешісі
Қазіргі қоғамда бала санасы жарнамаға толы цифрлық кеңістікте қалыптасып жатыр. Тәтті мен ойыншықты бірден қалау, қалағанын тез алуға ұмтылу – бүгінгі баланың үйреншікті мінез-құлқына айналды. Ал сол қалаудың артында еңбек, уақыт және жауапкершілік тұрғанын бала әрдайым түсіне бермейді. Осы тұста мектепке дейінгі кезеңде қаржылық сауаттылықты қалыптастыру – аса өзекті мәселе.
Баланың ақшаға деген алғашқы көзқарасы ең алдымен ата-ана мен бала арасындағы күнделікті қарым-қатынаста қалыптасады. Алайда көп жағдайда біз балаларды тек «жоқ» деп тыйып, оның себебін түсіндіруге жеткілікті көңіл бөлмейміз. Әрбір әрекет үшін тәтті немесе ойыншықпен марапаттау баланың ішкі мотивациясын әлсіретіп, кез келген істі тек материалдық сыйақымен байланыстыруға үйретеді.
Осы мәселені шешу мақсатында мектепалды даярлық сыныбында «Теңгетай және Қаржылық әліппе» атты авторлық педагогикалық жоба әзірленіп, тәжірибеге енгізілді. Жобаның негізі – кейіпкерлік әдіс. Басты кейіпкер Теңгетай – 5–6 жастағы балаларға жақын, олардың ойлау жүйесіне сай жасалған заманауи образ. Ол балаларға қаржылық сауаттылықты ойын, ертегі және өмірлік жағдаяттар арқылы үйретеді.
Теңгетай арқылы балалар «Ақша деген не?», «Жұмыс істесең, ақша табасың», «Қажет пен қалау», «Жинақ», «Кіріс пен шығын», «Тізіммен сауда жасау» сияқты ұғымдарды қарапайым әрі түсінікті тілмен меңгереді. Ютуб желісіндегі қысқа цифрлық ертегілер мен қаржылық кеңестер, ойын тапсырмалары баланың қызығушылығын арттырып, білімді табиғи түрде қабылдауына мүмкіндік береді. Теңгетай тәтті үшін жыламайды, ол мақсат қояды, жинайды, үнемдей біледі. Балалар кейіпкерге еліктей отырып, саналы таңдау жасауға үйренеді.
Тәжірибе нәтижесі өте оң болды. Балалар өзара «Бұл – тілек, ал мынау – қажеттілік», «Мен жинап жүрмін», «Мен Теңгетай сияқты үнемдеймін» деп айтып, қаржыға деген көзқарасын өзгерте бастады. Таңдау жасау, жоспарлау, жауапкершілік дағдылары қалыптасты. Ең маңыздысы – ата-анамен қаржылық диалог орнады. Ата-аналар балалардың үйде де ақша, үнемдеу, жоспар туралы айтып жүргенін атап өтті.
Жобаның тиімділігі ойын тапсырмалары, бақылау, ата-аналармен жүргізілген сауалнама және салыстырмалы диагностика нәтижелері арқылы дәлелденді. Барлық бағыт бойынша оң өзгеріс анық байқалды. Бұл модель мемлекеттік үлгілік бағдарлама талаптарына толық сәйкес келеді және функционалдық сауаттылықты дамытуға бағытталған.
Аталған жоба «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауында жоғары бағаланды. Облыстық кезеңде І орынға, ал республикалық кезеңде ІІ жүлделі орынға ие болды. Сонымен қатар, Ұлттық банк өкілдері тарапынан Теңгетай кейіпкері арқылы жасалған қаржылық сауаттылық жобасы үшін ерекше марапаттық сыйлық табысталды. Бұл – мектепке дейінгі білім беру саласында қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға бағытталған еңбектің маңыздылығын айқындайтын үлкен жетістік.
Осы байқауға қатысуға кәсіби тұрғыда бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсеткен Абежанова Бибигүл Маташқызының кеңесі ерекше рөл атқарды. Ол жобаның мазмұнын нақтылау, тәжірибелік құндылығын айқындау, идеяны сенімді түрде қорғау жолында маңызды ақыл-кеңестерін берді. «Әр педагогтің бойында ерекше идея бар, тек соны іске асыруға батылдық қажет» деген сөзі шығармашылық сенім мен жігер сыйлады.
Қорытындылай келе, баланың қаржыға деген алғашқы түсінігі дәл мектепалды даярлық кезеңінде қаланады. Бұл – жай ғана сабақ емес, өмірлік дағды. Ал ол дағдыны балаға жақын кейіпкер арқылы, ойынмен, қуанышпен үйрету – ең тиімді жол. Теңгетай арқылы қалыптасқан қаржылық сауаттылық баланың болашақта саналы, жауапкершілікті тұлға болып қалыптасуына берік негіз қалайды.