Күнделікті берілетін білім мазмұны оқулықтағы ақпаратпен сәйкестендіріледі. Өзіндік жұмыстарды ұйымдастыруда оқулықпен жұмыс маңызды болып келеді. Оқушылардың таным белсенділігін арттырудың бірден – бір жолы – оқулықпен жұмыс. Оқулықпен жұмыс істеуді дұрыс жолға қою арқылы оқушылардың сабақ барысында және үйде кітаппен жұмыс істей білуін, пәнге қызығуын, өздігінше ізденіп, білімін толықтырумен қамтамасыз етуге болады. Оқулық ғылыми тұрғыдан қанша дұрыс болса да, материалды өз дәрежесінде сапалы меңгерту мұғалімнің әдістемелік шеберлігін, оқушылармен жұмыс істеу тәсілінің тиімділігін қажет етеді. Оқулықпен жұмыс істеу түрлерін өзгерту арқылы оқушылардың белсенділігін арттыруға болатыны күнделікті тәжірибеден айқын байқалады. Оқулықпен жұмыс істеудің бұл тәсілдері оқушылардың жас ерекешлігіне, білім деңгейіне және бұрыннан қалыптасқан оқу дағдылары мен оны іс жүзінде қолдана білу шеберліктеріне қарай өзгеріп отырады.
Оқулықпен жұмыс танымдылыққа, талдауға негізделген және шығармашылыққа бағытталған болып келеді. География сабақтарында танымдық дәрежеге оқулықтағы маңызды нәрсені бөліп, мағынасына қарай топтастыру жұмыстары, яғни жоспар жасау, конспект жазу, сызбанұсқа түсіру, графиктер сызу, диаграммалар жасау, қорытындыларды тұжырымдау т.б түрлері орындалады.
Ал талдау бағытындағы жұмыстардан алған ақпаратты бар ақпаратпен салыстыру және оқығанды сын көзбен бағалау т.б кіреді.
Шығармашылық дәрежеге материалды қайта құрастыру, өзінің ойларын ұсыну, оларды дәлелдеу және тексерудің әртүрлі жолдарын табу шеберлігі тән. Осы тұрғыда түсіндірмелі оқу, іріктеп оқу, жоспар жасау, мәтін ішіндегі ең негізгісін табуға, мәтін мазмұны бойынша кесте, сызбанұсқа, диаграмма жасау, мәтін мазмұны бойынша салыстыруға түрлі – түрлі сурет бойынша жұмыс түрлері, сызбанұсқаларға талдау, оқулықтағы картамен жұмыс, сөздік жұмысы, терминдермен жұмыс, өтілген тақырыпқа қорытынды жұмыстар жасау т.б орындатылады.
Өздік жұмыстар тек сабақ үдерісінде ғана емес, сабақтан тыс уақыттарда ұйымдастырылады. Оқушылардың сыныптық-сабақтағы танымдық әрекетін дамыту, толықтыру және оқушылардың өзіндік шығармашылық белсенділіктерін, қабілеттерін арттыру мақсатында оқыту жұмысын ұйымдастырудың қосымша түрлері қолданылады. Олардың қатарына семинар, экскурсия, факультатативтік, қосымша сабақтары, үйдегі оқу жұмысы, тәжірибелік — зертханалық және пәндік үйірме жұмыстары, олимпиада, сынақ және емтихан, өзіндік жүмыс түрлерін жатқызуға болады.
География сабақтарында топсеруен, экскурсия сабақтарының маңызы өте зор. Экскурсия жұмысының мақсаты — оқушылардың сабақта алған теориялық оқу материалдарын практикамен жалғастыру,бекіту. Бұл оқушылардың оқу үдерісін бақылай білуге жаттықтырады және оқу материалын өмірмен байланыстыра алуға үйретеді. Осы мақсатта сабақта күрделі тарауда тақырыптарды өтер алдында кіріспе экскурсиясын, белгілі бір тақырыпқа байланысты ілеспелі экскурсиясын, оқушылардың сабақтар жүйесінде алған теориялық білімдерін пысықтау, бекіту мақсатында қорытынды экскурсиялары жиі ұйымдастырылып отырады.
Оқушылардың пәнге бейімділігін ескере отырып, факультативтік оқуды олардың қалаған мамандықтарына сай психологиялық және практикалық дайындығын арттыру және кәсіби бағдарын қалыптастырудың нәтижелі формасы ретінде қолдануға болады. География пәнінен «Туған өлкем», «Дүние жүзінің саяси картасы», «Табиғат байлықтары» атты факультатив жұмысында да оқушылардың өзіндік жұмыстарына көп назар аударылады. Тұрғылықты жерді зерттеуде зертханалық жұмыстар, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында рефераттар мен баяндамалар жазып үйрету т.б жұмыстар ұйымдастырылады.
Үйірме жұмыстары да оқушылардың өзіндік әрекетін қалыптастырып, дамытуда өте тиімді болып келеді. Өйткені оқушы сабақ үдерісіндегідей емес, еркін шығармашылықпен айналыса алады. Үйірме жұмыстарында оқушылар топтық, жеке, жұптық жұмыстар жасайды. Пәнге қатысты ғылыми еңбектермен жұмыс жасауға дағдыланып, буклет, табиғи көрнекіліктер жинастырып, зерттеуге дағдыланады. Оқушылардың пәндік үйірме жұмыстары оқыту үдерісін жандандырып, оның сапасын көтеруге әсер етеді. Үлгере алмаушылықты жою үшін жеке немесе бір топ оқушылармен қосымша және кеңес беру сабақтары да ұйымдастырылады.
Оқыту үдерісінде оқушының жеке психологиялық ерекшелігін ескеру, барлық оқушыларды бірдей сабаққа жұмылдыру т.б қиыншылық тудырары сөзсіз. Сол себепті кейбір оқушылардың үлгермеушілігі, пәнге қызығушылығының төмендеуі т.б кедергілер пайда болады. Бұған мұғалімнің шеберлігі мен сабақты ұтымды ұйымдастыра білуі қажет. Оқушы өзі еңбектеніп, өзі өнім жасай алғанда ғана пәнге деген қызығушылығы артып, өмірде де бәсекеге қабілетті бола алады.