Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты — олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал мақсатқа жету — оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту және оқушылардың танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады.
Оқу үрдісіндегі білім берудің басты тұғыры — сабақ. Сабақ үстінде мұғалімнің білімі мен тәжірибесі өзіндік тың жол арқылы жүзеге асады. Білім беру саласы күн сайын жаңа педагогикалық өзгерістермен толығуда. Мұғалім әр кезде ізденісін шыңдап, жаңа білім мен білік дағдыларын қалыптастыра отыра, оқушымен шығармашылық байланысты жетілдіреді. Мұғалімнің шығармашылық ізденісте болып, сабақты түрлендіре өткізуі оқушының пәнге деген қызығушылығын оятып, жауапкершілігін арттыратынын білеміз. Бұл «түрлендіру» деген сөз оқушыны оқытып қана қоймай, өз бетімен жұмыс жасауға, ой қорытуға жетелейді. Жаңашыл ұстаз Қ.Бітібаева айтқандай: «таптаурын болған сабақ түрлері оқушының ынтасын, пәнге деген қызығушылығын төмендетеді.» Олай болса, бүгінгі заман мұғалімі оқыту сапасын арттыру арқылы әлемдік озық тәжірибелермен толық үндесетін жаңа бағыттарды саралай білуге ұмтылыс жасау керектігін түсінетін кезге жетті. Оқушының шығармашылық қабілетін жетілдіру үшін ой-өрісінің дамуына мүмкіндік тудыратындай сабақ болу болу керек. Шығармашылық оқушы бойындағы дарындылықты анықтау мен дамытуға жол ашады. Сабақ барысында оқушының ізденушілік-зерттеушілік әрекетін ұйымдастыруды басты назарда ұстағанда ғана оқушының білуге деген құштарлығы артады.
Мұғалімнің білімдарлығы, оқушымен шығармашылық қарым-қатынаста болуы, оқушыны зерттей білуі, өз ісінің нағыз шебері екенін танытуы қоғам қажеттілігінен туындап отыр. Бұл жұмысты нақтылаудағы негізгі міндет – қоғам дамуының қазіргі кезеңіне сай шығармашыл, ой-өрісі жоғары, білімді шәкірт тәрбиелеу. Осы міндеттерді шешу үшін қазіргі педагогикалық зерттеулердің нәтижесі көрсетіп отырғандай пәнді оқытудың әдістемелік жүйесінің жүзеге асырылуын ғылыми негізде жүргізудің тиімділігінде екендігі айқын. Ол дегеніміз – технологияландыру, ақпараттандыру, гуманитарландыру, демократияландыру.
Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың және дарынды оқушымен жүргізілетін жұмыстың жүйесін құруда мұғалім мақсат пен міндетті айқындап алуы қажет. Пән мұғалімінің басшылыққа алатыны «Білім туралы» Заң, мектептің әдістемелік тақырыбы мен өзінің жұмыс тақырыбы. Дарынды, шығармашыл оқушыны анықтау мұғалімнің күнделікті жұмысына айналады десек артық айтпаймыз. Өйткені оқушының шығармашылық ізденіске құлшынысы берілген тапсырмаға жауапты қарауынан-ақ байқалады.
Дарындылықты дамытудың басты тұлғасы – мұғалім болса, оқушы «орындаушы» қызметін атқара отыра, шығармашылық жұмысқа деген икемділігін шыңдайды.
Мұғалім алдында отырған әр шәкіртпен күнделікті жұмыс жүргізуде, ең бірінші, назарда – шәкірттің пәнге деген ықыласы, ынтасы, тақырыпты меңгеру (қабылдау) мүмкіндігін ұстау. Сабақ барысында әр түрлі тапсырмалар орындату үстінде оқушыны шығармашылық ізденіске баулу мақсаты да көзделеді, жүргізілетін жұмыс түрлері қарастырылады.
Жүргізілетін жұмыс түрлері:
- Қосымша сабақтар.
- Тренинг.
- Коррекциялық жұмыстар.
- Танымдық тапсырмалар.
- Оқытудың интеллектуалдық іс-әрекетін ұйымдастыру, оқу және оқудан тыс жұмыстарды жоспарлау.
Дарынды оқушы анықталды, жұмыс түрлері таңдалды, дарындылықты дамытудың шығармашылық жүйесі құрылды.
Оқушымен шығармашылық қарым-қатынас жүйесін дағдылы түрде іске асырғанда ғана жетістікке қол жеткізуге болады.
Осындай жұмыстың нәтижесінде анықталған дарынды оқушымен жекелеме жұмыс жүргізу барысында: оның пәнге деген ерекше ықылас танытуы, берілген тапсырманы шығармашылықпен дамыта алуы байқалады.
Оқытудың технологиясы оқытудың теориялық және практикалық негізін қалыптастырса, алған білімді шығармашылықпен ғылыми тұрғыда іске асыру – мұғалім мен оқушыны мақсатты өмір сүруге ұмтылдыратыны сөзсіз.